"Әрқашан біркелкі әрекет жасауға және әртүрлі нәтиже күтуге болмайды деген сөз тіркесі есіңізде ме? Бұл сөздерді сатқындық пен түңілуді бастан кешкен қызға айтуға да болады. Олар үшін жаңа таныстықтарға, жаңа қарым-қатынастарға немесе жай ғана қалыпты өмір сүруге қандай кедергі бар? Өмірді өзгерту үшін қалай өзгеру керек? Олар неден қателеседі? Бүгінгі жазба осы сауал төңірегінде...
Ол өзін ешкімнің сүймейтініне сенімді
Алдыңғы қарым-қатынас баянсыз болса, кейінгісінен не қайыр күтуге болады? Жалғыз қалған қыз өткеніне сараптаманы өте көп жасайды және еске алған сайын қателіктің үстіне қателік табады. Түбіне жетеді де, қарым-қатынастың бұзылуына өзін кінәлай бастайды. "Тастанды" қыздың таңбасы киім кию мәнеріне, ер адамдарға деген қатынасына шығады. Яғни, қашанда қара киініп жүруге дағдыланады, өзін дені түзу еркекке лайықсызбын деп ойлай бастайды. Салмағы да көп болады, табысы да аз болады, сыртқы келбеті де тартпайды. Айналадағылар осыдан-ақ ойды оқи алады емес пе? Көзқарас, жүріс-тұрыс, ажарың... Бәрі де сен үшін сөйлейді.
Түйіндеме: жақсылықты ойлаңыз, жақсы болыңыз. Өзіңді жақсы көру үшін өзге адамның сені жақсы көргенін күтудің қажеті жоқ.
Ол әрбір жігітке потенциалды күйеуі ретінде қарайды
Онда тұрған не бар? Мақсат бар, кедергі жоқ. Күйеуге шығу немесе ештеңе... Егер қызға дос та, жігіт те, таныстық та керек емес болып, тек қана күйеу керек болса, келешегі жоқ қарым-қатынастарға уақыт құртып не керек? Бұл қыз үшін дұрыс шығар, бірақ кез келген дені сау жігіт мұндайдан ат тонын ала қашады. Олар олжа емес, аңшы болғысы келеді. Қыз бен жігіт әлі танысып болған жоқ, ал қыз оның бостандығына, үйіне, әмиянына, бос уақытына қол сұға бастады.
Түйіндеме: алғаш ұнатқан жігітіңізден арманыңыздағы неке жүзігін емес, қарапайым адамды көруді үйреніңіз. Сонда ғана теңбе-тең, бір-біріңізге қызықты адамдар ретінде сөйлесе аласыздар. Сіздің күтуден шаршағаныңыз соншалықты адамның басқа қырын көріп үлгере алмай қаласыз.
Оны көндіру оңай
Уысыңызға түскен жігіттен айырылып қалуға қорқатыныңыз, олардың дегеніне оңай көнуіңізден анық байқалып қалады. Жігіттің жұмбақтықты, биіктікті жақсы көретінін ұмыт қалдырып жатасыз. Осылайша бағаңыз өзінен өзі түсе береді, соңында сыйластық дегеннен жұрдай болып қаласыз.
Түйіндеме: Асығыстықпен және сезімсіз біреумен көңіл қосу арқылы жаралы жанды емдей алмайсыз. Өз бағаңызды ешқашан түсірмеңіз сіз биік болған сайын, сізге жеткісі келетіндер көбейе түседі.
Ол еркектен ешқандай жақсылық күтпейді
Кейбір әйелдің маңдайынан: "Барлық еркек – оңбаған" деген сөзді оқуға болады. Бұндай сөзді ұмыту керек. Кезінде көңілі қалған әйел жігттерге "Х" белгісін қояды да, нағыз жігітті көре алмай қалады. Өз-өзіңізге келіңіз. Өзіңіз сенбесеңіз, қазір ешбір жігіт ештеңені дәлелдеуге тырыспайды. Мұның өзі жігіттіктің белгісі. Иә, оңбағандар көп, бірақ олардың арасында ақылды, интеллигентті, салмақты, қамқор, қарапайым жігіттер онан да көп.
Түйіндеме: еркекті іс-әрекетіне қарап қана жазғырыңыз, ең жақсысы – жазғыруды мүлде қою. Оларды жақсы көріңіз.
Ол идеал жігіт іздейді
Латын-америкалық сериалдардағыдай... Бұл енді әйелдер романы емес, махаббат туралы кино. Біз мұны көгілдір экраннан талай көрдік. Олар танысты, оның ақшасы, уақыты көп, бизнесі бар, өзгелердің қиындықтарын оп-оңай шешіп береді, өзгенің баласын өз баласындай бағады. Сосын ол әлемдегі ең әдемі жігіт, оның көзі, бойы, көлік маркасы – бәрі де қыздың бала кезден армандағанындай. Алайда, шынайы өмір мүлде басқаша...
Түйіндеме: дәрігер сізге мелодрамалар мен махаббат туралы сериалдардан бас тартуға кеңес беру керек. Сіз жігіттен көп нәрсе күткен сайын оны кезіктіру мүмкіндігі төмендей түседі. Жігітке өз-өзімен болуға мұрсат беріңіз, сонда ғана оның бойынан жақсы қасиеттерді көре аласыз. Бастысы – ол сізге жақсы қарайтын болсын.
Ол шақыртулардан бас тартады
Уақытты жақсы өткізу үшін өзіңе тұйықталудың қажеті жоқ. Серуенге, киноға, кафеге, көрмеге, құрбының туған күніне баруға болады. Диваннан тұрыңыз да, сүйікті сериалыңызды өшіріңіз. Сізбен бірге баратын ешкім жоқ па? Басқа адамдардың жұп болып келетіндігінен ұялмаңыз. Қонаққа жалғыз барсаңыз да, тартымды көрінесіз, әңгіме-дүкен құруға жақсы серіктес бола аласыз. Бұл сіз үшін тіпті жақсы: сіз еркінсіз және жаңа таныстықтар үшін ашықсыз.
Түйіндеме: еркектер келеді, кетеді. Ал пайдалы байланыстар, жаңа қатынастар, сөйлесу машықтары қалады. Әрине, сіздің өміріңіз сол еркектерден әлдеқайда құнды. Көрмеге жігіт іздеп барсаңыз, танымды кеңейту мүмкіндігінен құр қаласыз.
Ол тағдыр белгілерін іздейді
Тағдырға сенген дұрыс. Бірақ, бұл – бәрі өзі келеді, жұмыс істеуге, адамдармен араласпауға болады, бірнеше ай бойы көңіл-күйдің көтерілгенін күту керек деген сөз емес. Әрбір сәттен ләззат алып, неге шаттанып жүрмеске?
Түйіндеме: сіз өз өміріңізге жауаптысыз, ендеше жауапкершілікпен қараңыз. Әрбір әрекет, әрбір нәтиже назардан тыс қалмасын. Сондықтан өмірдің әрбір қателігін тағдырдың мойнына артпаңыз. Сізде таңдау бар және сол таңдау үшін есеп бересіз.
Ол өзіне аз көңіл бөледі
Кім үшін тырысамын? Айтқыңыз келгені осы ғой? Егер маңдайыңызға бірге болу жазылса, ол мені мың адамның ішінен қоқыс шелегін ұстаған күйімде-ақ табады деп ойладыңыз. Біліңіз, тіпті базарға немесе шеруге макияжбен баратын қыздар бар. Жалпы, сыртқы келбетпен емделу оңай. Қымбат іш киім сатып алудың өзінде нәтиже бар. Ал тартымды аяқ киім тіптен жақсы әсер етеді. Жаңа шаш үлгісін жасатыңыз, ашық реңді әшекей бұйым тағыңыз. Айнаға қарағанда өзіңізге тамсанып, жақсы көріп тұратын дәрежеге жету керек.
Түйіндеме: өзіңізді сыйлаңыз. Сыйластық – махаббаттың негізі. Өзіңізді сыйлап үйренсеңіз – сүйіп үйренесіз. Өзгеден сыйластық пен махаббат күтуге қарағанда, өзіңізді сыйлау, жақсы көру әлдеқайда қызықты әрі маңызды. Бәрін де өзіңізден бастаңыз...
Өз бойыңыздағы қателікті тапсаңыз, онымен жұмыс жасауға кірісіңіз!
Дайындаған: Бұлбұл Дәрібаева
Сурет:womens-blog.ru, the-baby.ru