- Негізгі бет
- Психология
- Қандай сырды кімге...
Қандай сырды кімге айтуға болады?
Әйелдер қауымы – аузында сөз тұрмайтын халық. Естіген нәрсесін біреуге айтып бөліспейінше жеңілдемей, ерні жыбырлап тұрады. Алайда білетін ақпаратыңыздың барлығын кім көрінгенмен бөлісе берудің арты жақсылыққа апармайды. Кейде тың дерек білсек біреуге айтсам ба, айтпасам ба деп ұзақ ойланатын кездер болады.
Психология ілімі мұндайда 5 дөңгелек сызып түсіндіруді құп көреді. Ең ортадағы кіші дөңгелекке «Мен» деп жазыңыз, бұл – сіз. Одан кейінгі дөңгелектерге адамдарды өзіңізге қашық-жақындығына байланысты сыртқа қарай ығыстырып жазасыз.
Егер жарыңызды, балаңызды не ата-анаңызды «Мен» деген сөздің тура жанына жазсаңыз, бұл – қателік. Оларға қанша жерден сенім білдіретін болсаңыз да, онымен адамға айнала алмайсыз. Бірінші дөңгелектегі орынға тек өзіңіздің ішкі әлеміңіз тұруы тиіс. Сіздің ішкі сырыңызды ең жақыныңыздың өзі күндердің күнінде өзіңізге қарсы қолданбайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Тіпті өзі байқамаса да осылай істеуі мүмкін.
Екінші дөңгелекте сүйікті жарыңыз тұрады. Оған әрдайым сұрағына шынайы жауап беріңіз, дәл қазіргі сәтте ренжіп не қуанып тұрғаныңызды, ойыңызды бүкпей айтыңыз. Оның өзін сынамай, әрекеттеріне баға бере отырып көңіліңіз толмайтын тұстарды жеткізіңіз. Мысалы сіз осылай еткен кезде мен ренжіп қаламын, осылай істесеңіз риза боламын деген секілді ол туралы ойыңызды ашық айтуға болады.Ол сізге қатысты ақпараттың барлығын бірдей біле беруге тиіс емес болғандықтын екінші дөңгелекте тұрады.
Мысалы үлкен компаниялардың өзіндік құпиялары болады. Сіз жұмыстағы жағдайды үйге жеткізіп отырсаңыз, оны жолдасыңыз байқаусызда көпшілік отырған жерде айтып қалуы да мүмкін. Сондықтан мұны өзі қазбалап сұрамаса, айтудың қажеті жоқ, тікелей өзіне қатысты болмағаннан кейін одан әлдене жасырған боп есептелмейді. Құрбыларыңыздың жеке өмірін де күйеуіңізбен талқылап, кеңес сұрау ақылға қонбайды.
Ішіңізде бала күннен қалған терең жара болуы да ықтимал. Мұны да өзі сұрамаса жабулы қазан күйінде қалдырған жөн. Өзіңізді есіңізге қайта түсіріп, тағы да бастан кешкендей сезім туып, күйеуіңізді де ойға салып қоясыз. Әңгіменің реті келіп, айтпасқа болмай тұрмаса ескі жараның бетін тырнамаңыз. Күйеуіңіздің де өткен өміріне терең енудің қажеті шамалы.
Үшінші дөңгелекте сізге ет жақын жандар, тек жақсылық ойлайтындар – ата-анаңыз, балаларыңыз орналасады. Олармен де біраз тақырыпта ашылып сөйлесуге болады. Алайда отбасының қаржылық мәселесі мен күйеуіңізбен арадағы қарым-қатынасты оларға айтуға болмайды. Тіпті өздері сұрап жатса да, күйеуіңіз екеуіңіз шешетін жағдайды көпшіліктің талқысына салмаңыз.
Ал төртінші дөңгелектегі достарыңыз, отбасымен араласатын адамдарыңызбен сөйлескенде аз сөйлеп, көп тыңдау қағидасын берік ұстаныңыз. Әйелдер жиналған жерде барлығы күйеуін, балаларын әңгіме қылғанды жақсы көреді. Мұндайда басқалардың алдына түсіп, «Иә, менің күйеуім де сондай», «біздікі де осылай дейді» деп әңгіменің қызуына кіріп кетсеңіз, байқамай отбасы құпияларын ашып қоюыңыз да мүмкін. Сондықтан атыңызды атап, сіздерде қалай деп сұрап жатпаса, сумақай әйелдер қатарына қосылып, ауыз-ауызға жұқпай әңгіме айту жарамайды. Сұраса да «бергі жағын» ғана айтып, жылы жауып қоя салыңыз. Ол әңгіме ертеңгі күні сан түрленіп «қырық рулы елге тарайтынын» естен шығармаңыз.
Бесінші дөңгелекте сізбен ортақ шаруасы бар адамдар ғана болады, оған балаңызбен бір сыныпта оқитындардың ата-анасы, әріптестеріңіз, біреу арқылы танысқан адамдарыңыз жатады. Бұл кісілерге ішкі сырыңызды айту туралы да ойламаңыз, олармен тек мәселеге қатысты тақырыпта ғана сөйлесуге болады. Мысалы ата-аналармен тек балалардың сабағы, тәртібі жайынды сөйлесесіз, бірігіп мұғалімнің кемшіліктерін жіпке тізу, мектептің олқылықтарын жарыса айту секілді әрекеттер жарамайды. Олар сізге жақын адам емес. Сол үшін де дөңгелектердің ең сыртында тұр.
@. @assel_assanova