Сезімнің сәні ұрыс туғызып тұру деп санайтын жастарымыз аз емес. Үнемі тату-тәтті болсақ, күніміз қызық емес деушілер де табылады. Қызық қуам деп, ойыннан от шығарып алмай сезім алауын әрдайым жалындатып жүргенге не жетсін. Ол үшін барлығы түсіністік пен келісімге құралса жеткілікті.
БАСЫ
Ешкімге жамандамаңыз. Болашақ жарыңызды қалай бар, солай жақсы көріңіз, кемшіліктерін де сүйіңіз. Жаныңызға жақпаған қылықтарын анаңызға да, ең жақын досыңызға да, тіпті бейтанысқа да жақ ашып айтпаңыз. Өзгелер жарыңыз жайлы жағымсыз пікірде қалуынан өзге ештеңе ұтпайсыз. Жұбайы жақсы емес екен деген жаман атты таяқтың бір ұшы өзіңізге тиеді.
Орынсыз қызғандырмаңыз. Әр қызға қырындап, оның жүйкесінде ойнаудан ләззат алмай-ақ қойыңыз. Жүйке жүйесі кейін керек болады. Тек анда-санда қалжыңдап тұруға болады. «Анда-санда».
Тұнжырап жүрмеңіз. Басыңызға не күн туса да, оны көргенде бірден жадырап сала беретіндей болып, өзіңізді дағдыландырыңыз. Ол мүмкін болмайтын жағдайда көңіліңізді көтеру жолдарымен таныс етіп қойыңыз. Сіз көңіліңізді түсірдіңіз екен, қара аспанның төнгені.
«Менікі», «сенікі» деген ұғымдарды көкейден кетіріп тастаңыз. Ата-ана, дос-туыс, дүние, қызығушылық – барлығы «біздікі» ұғымына сыйып, ортақ болып кетсін.
Жандарыңызда екеуіңізден басқа бір-ақ адам болса да, оның көзінше артық сөз айтып, дауыс көтермеңіз. Адам өзін тыңдата алмағанда ғана дауыс көтереді. Қалыңдығын қас-қабағымен «отырғызып-тұғызатын» ер азамат ондай қадамға жеткізбес.
Әр сөзіңізді әзілмен әрлеп, шуақты күнде жарыңыздың жүзін нұрға, күлкіге, жүрегін махаббатқа толтырып отырыңыз.
Ең бастысы, болашақта балаларыңыз анасына, кейін өз жарына қалай құрмет көрсеткенін қаласаңыз, қазір өзіңіз тура сондай болыңыз. Өзіңіз көрсеткен әрекеттен үлгі алатын бала қалай тәрбиелеп, қалай түзеймін десеңіз де, бәрібір көргенін істейді. Осы бастан өз-өзіңізді тәрбиелеңіз.