Мынандай бір қызық әңгіме бар. Римге келген үш адам бір философпен жүздесіп, одан: «Біз мұнда қаншалықты көркемдікті көре аламыз?» деп сұрапты. Философтың: «Сендер мұнда қанша уақыт боласыңдар?» деп сұрағанына бірінші жас жігіт: «Бірнеше жыл» деп жауап беріпті. Сонда философ: «Онда сен Римнің аз ғана көркемдігін көре аласың» депті. Екінші болып орта жастардағы кісі: «Үш ай» десе, оған философ: «Онда сен бірінші адам көрген көркемдіктен көбірек көре аласың» деп жауап беріпті. Үшіншісі ауру меңдеткен қартаң кісі екен, ол: «Мен жақында өлемін, мұнда бірнеше күн де бола алмайтын шығармын» депті.
Сонда философ: «Онда бағың бар екен, сенің бірнеше күнің аналардың бірнеше жыл, бірнеше айынан да ұзақ, сен ана екеуі көре алмаған көркемдікті көре алатын боласың» депті.
«Қалайша?» деп сұрапты үшеуі. Сонда философ: «Өйткені үшінші адам артық ойдың барлығын қайырып тастап бар ниетімен көркемдік атаулыны қастерлеп көретін болады» деп жауап берген екен.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: anderson-tours.co.uk