Жер бетіндегі әрбір адамның өзіне ғана тән жеке қасиеттері бар. Ол түрінде, мінезінде, темпераментінде, әдеттерінде көрініс тауып отырады. Кейбірі өте байсалды, салмақты болып келсе, енді біреулері импульсивті, қызу мінезді болып келеді. Мұнымен қатар бір-бірімізді аса ұната бермесек те, бір ортада жүруімізге, кейде, тіпті, бір нанды бөлісіп жеуімізге, күнде қоғамдық көлікте кездесуімізге, бір жоба бойынша жұмыс істеуімізге тура келетін сәттер бар.
Жұмыс істеп ғана қоймай, тіл табысуымыз да қажет. Әрине, барлығымыз да сабырлы да байсалды, ақыл тоқтатқан, байбалам салып ұрысып кетпейтін жандармен ғана сөйлескіміз келеді. Өкінішке орай, ондай адамдар қазіргі қоғамда өте аз. Ал мұндай адамдармен қалай сөйлесуге болады? Мүмкін бізден аулақ жүргенін өтінгеніміз жөн болар. Мұндай асығыс шешім қабылдамағынымыз дұрыс сияқты. Қызу мінезді, ұрысқақ адам мен ақымақ, сөз түсінбейтін адамдарды бірдей деп қабылдауға болмайды. Ол тек мінезінің бір бөлшегі ғана. Бұл тұста ең бастысы - адамдардың мінезімен санасу, не себепті осындай мінезге ие болғандығын түсіну. Бұдан былай адамдармен жәй ғана сөйлесіп қоймай, оның мінезі мен темпераментіне мән беріңіз. Әрине, алғашқы кездесуде кез келген адам сыпайы болып көрінуді жөн көреді. Алайда төмендегі бірнеше ережеге мән беру арқылы оның шынайы болмысын анықтай аласыз.
Олай болса ұрысқақ немесе қызу қанды адамдарды қалай анықтаймыз?
- Өте тез ашуланады. Қазақта «Бірде көл, бірде шөл» деген сөз осыған байланысты айтылса керек. Нақтырақ айтқанда, жымиып отырады да, бірден ашуланып кетеді.
- Бір нәрсеге келіспеген жағдайда даусын көтеріп, қарсы пікірін бірден білдіреді. Сөздің орнына жәй ғана күрсіне салуы мүмкін. Өзге сөздермен айтар болсақ, бәсең дауыспен айтылып жатқан әңгіме айғай мен ұрысқа ұласады;
- Сөйлеген кезде қолын көп сермейді. Ым-ишара тілін шамадан тыс көп пайдаланады. Жағымсыз сезімдерін бетінен-ақ байқауға болады.
- Табиғатынан өте белсенді, қозғалғыш, ширақ келеді. Көп жағдайда бұлар холериктер.
- Бұл адамдар бір орында ұзақ отыра алмайды. Әрдайым қозғалыста болуды жөн көреді. Тіпті, тыныштық пен байсалдылықты жек көреді.
Енді қызу мінезді адамдармен қалай сөйлесу керектігіне тоқталайық:
Олармен тіл табысу мүмкін емес деп ойласаңыз қателесесіз, бар болғаны төмендегі ережелерді мұқият сақтасаңыз болғаны...
- Қызу қанды адамдармен жылы сөйлесіңіз, пікірімен келіспеген жағдайда да көрсетпеуге тырысыңыз.
- Екеуіңіз ренжіскен жағдайда ол даусын көтере бастаса, сіз сол қалпында қалыңыз. Тіпті, ақырынырақ сөйлеңіз. «Бетегеден биік, жусананн аласа болыңыз». Жүйкесі тозып кеткен әңгімелесушіңізді сабырлы даусыңыз бен салқынқандылығыңыз тынышталдырады. Ұялуына мәжбүрлейді.
- Әңгімелесушіңіз ұрысқанын қоймаса, даусыңызды баяғы қалпында ұстап, 100% сенімділікпен сөйлей түсіңіз. Айтып тұрған ақпаратқа ең алдымен өзіңіз сеніп алуыңыз керек.
- Айқайы дамылсыз жалғаса беретін болса, оның тынышталып алуына мүмкіндік беріңіз. Жинақталып, болған жайды ой елегінен өткізіп алсын. Табиғи болмысына сәйкес қызу қанды адамдар 1,5 сағаттан кейін қайта қалпына келіп, күлімсіреуге дайын тұрады.
- Мұндай адамдармен әңгімені «Ия, мен сіздің жағдайыңызды жақсы түсінемін» деп бастағаныңыз жөн. Олар өзгелердің пікірі ақиқатқа сәйкес болып бара жатқан кезде ашуланады.
Әрине, мұндай адамдардың кездескенінен кездеспегені жақсы. Алайда кездесе қалсаңыз, осы ережелерді пайдаланып, нәтижесін көруіңізге болады.
Сіз қызу қанды адамдармен қалай сөйлесесіз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: sigro.se