- Негізгі бет
- Психология
- Жүрексіздер ғасыры: Ғашық...
Жүрексіздер ғасыры: Ғашық болу қорқынышы
На исходе двадцатого века,
Когда жизнь непосильна уму,
Как же нужно любить человека,
Чтобы взять и приехать к нему...
Владимир Вишневский
Қазіргінің жастары ғашық болудан неге қорқады? Неге олар сезімнен сескенеді? Біреуді ауадай қажетсіне бастағанын сезген бойда ат тонын ала қашады. Неге олар алаулап жанудың орнына бір-ақ сәтте шоққа айналады? Өзінің пәк сезімге деген сенімін мойындауды қор санайды. Бауыр баса бастаған адамына эмоциялық тұрғыдан қолжетімсіз болуға тырысып, есік қаққан бақыттың кеудесінен неге итереді? Нарциссизм қалай пайда болады?
Жоғарыдағы сұрақтарды оқып «Рас, маған осындайлар жолыққан» - деп ескі дертіңізді еске алған шығарсыз. Ойланып көріңіз. Мұндайлар қатарында бәлкім сіз де бар шығарсыз. Себебі, сіз де жүрексіздер ғасырының бір өкілісіз. Ал, жүрексіздік жұқпалы.
Ақ таңдарда аңқылдап сыр ақтарудан жүрексінетіндер әдетте өзін өзгелерден алшақ ұстайды. Мұндай адамдарға ғашық болу жүрек ауыртқаннан басқа ештеңе әкелмейді. Робот болмаса да, соның кейпіндегілерге көңілі ауған адамның сезім дертінен айығуы да ауырға соғады. Эмоциялық тұрғыдан «жабық есік» саясатын жүргізетіндер феномені туралы көп айтылмайды. Десе де, орта жасқа дейін үйленбеу мен көптеген ажырасудың себебі осы болса керек. Қазір миллиондар ішінде жалғыздар заманы. Қазір жүрексіздер ғасыры. Қазір қорқақтар кезеңі.
Сөйлесіп жүрген адамыңыздың «саясаткер» (Эмоциялық тұрғыдан «жабық есік» саясатын жүргізетін) екенін анықтау қиындық тудырмайды. Әдетте ондайлар өздеріне ыңғайлы уақытта ғана хабарласады, берген уәдесін оңайлықпен ұмытып кетеді, сіздің өміріңізде не болып жатырғаны оны қызықтырмайды, өзінің өмірі туралы сұрағанның бәріне ашылып айта бермей, қысқа қайырады. Мұндай адаммен айлап сөйлесіп жүргеннің өзінде уақыт өте келе сіз оны мүлдем танымайтын адамдай күй кешесіз.
Жүрексіздікке талпынып жүргендер сезім туралы кез келген әңгімеден бас тартады. Бірақ, бір қызығы, одан өзге тақырыптың бәріне ешқандай шектеусіз шер тарқатып, тіпті, нағыз ашық адамның кейпін танытады. Олар саяси, экологиялық және өзге де мәселерде қозғап, қызыл кітапқа енген жануарларды қорғау, апат болған жерлерге көмектесу сынды нағыз гуманистік әрекеттерге де баруы мүмкін. Мұндай сәттер жүрексіздер ғасырының өкілін эмоциялық тұрғыдан нәзік көрсетеді. Дегенмен, сезімге келгенде тұман тез сейіледі.
Бұл да қандай да бір деңгейде аутизм немесе шизофрения сынды жан дерті шығар деген ойда қаласыз. Айырмашылық, нарцисстер аутист, шизофреник секілді өзін қоғамнан шектемейді. Керісінше, кейбірінің әлеуметтік желідегі парақшаларына қарасаңыз ақкөңіл адамдай көрінеді. Ондайлардың қандай күй кешетіні, ішкі ой-толғаныстары туралы сұрағандар ақыр аяғы өзін жеккөрінішті сезіне бастайды.
Бірақ бір нәрсені білген жөн. Бұл дерт те, ауру да емес. Бұл адам өз қалауымен, кейде бейсаналық тұрғыда кешетін күй ғана. Ол ұзақ мерзімді не қысқа мерзімді болуы мүмкін. Үнемі осындай күй кешудің себебі туралы психологтардың өз тұжырымдары бар. Мысалы, бала кезінде ата-анасы ажырасып, немесе екеуінің бірі өмірден өтіп, үлкен депрессияға түскенін көрген адам қандай-да бір адамға жақын болудан сақтанады. Ол адамнан айырылып қалған жағдайда кешетін күйзелістен өзін алдын-ала қорғайды.
Бұл күйге жиі түсу әдетте нарцисстік типтегі тұлғаларға тән. Өздеріңіз білетіндей, Нарцисс – грек мифологиясындағы өз сымбатына сүйсініп өзенге үңіліп отыратын кейіпкер. Көп жағдайда қоғамда Нарцисс деп өз-өзін жақсы көретін адамдарды атайды. Бірақ, бұл ұғымның әлдеқайда терең мәні бар. Мысалы, біз қолданып отырған нарцисс ұғымына сай адам өз-өзін соншалықты сүймеуі мүмкін, бірақ ол өзгені сүю сезімінен қашады. Себебі, оларға жасөспірім кезінен жүк артылған. Ол өз күнін өзі көруге дағдыланған. Ешкімге тәуелді емес. Эмоционалды тұрғыдан да сондай болуға тырысып бағады. Кез келген мәселені шешіп үйренген. Қолынан келмейтін іс жоқтай көреді. Бір өкініштісі, оның құны – қуыс кеуделік. Осыншама жүкті арқалап, бар күшін соған жұмсайтын адамның сезімге энергиясы да, уақыты да қалмайды. Ондайлардан «Маған неге айтпадың, көмектесер едім ғой» десең, «Оның саған қатысы қандай?!» деген жауап алуыңыз әбден мүмкін (Бұл жауап сізге аспан аударылып түскендей әсер етері анық). Олар өзгенің қолдауына тәуелді болып қалудан сақтанады.
Ал, бұл күйдің қысқамерзімді уақытша түрі әдетте сүйгеннің сатқындығынан кейін пайда болады. Сезім сертсіздігінен жиі жабығатын жан уақыт өте келе «жабық есік» саясатын берік ұстанатын болады.
Адам жан дертін қайта-қайта кешкісі келмейді. Қалауы пәк махаббат болса да, сенім жоқ. Сезімге де, серікке де. Жүрек ауырпаудың бір жолы қалады. Ол – жалғыздық.
Бірақ, жалғыздық қашан да суық. Ал, адамға жылу керек. Күндердің күнінде ол адам өзіне сыңар іздейді. Тіпті, оны табуы да мүмкін. Осы кезде үлкен мәселе туындайды. Нарцисс сүйер, алайда сүйгенін көрсете алмайды. Жалықтырып алардай, сол жанның есігін қағып тынышын қашырғандай болмау үшін суыққандылық танытады. Оны өзгелер сезімнің жоқтығына балары анық. Себебі, сүйген адам өзін өзгеше ұстар еді. Оның үстіне, бұлардың екеуі де жүрексіздер заманның жемісі болса, сезім ұшқыны барын ешқашан білмей кетуі әбден мүмкін. Олар өз қателіктерін түсінбейді. Бұл – трагедия.
Кейде нарциссизмнің асқынған түрі кездеседі. Ол жалғыздық дертін тұрақсыз қатынастармен емдеуге тырысады. Біреуге бауыр баса бастаған сәтте көңілін өзге нысанға аудара салады. Себебі, «ол серттескісі келмейді. Серт – шектеу, серт – тәуелділік». Мұндай әрекеттің екінші себебі бар. Ол «мүмкін келесі қиылыста мені бұдан да керемет біреу күтіп тұрған шығар» деген ой.
...
Сіз не дейсіз?