- Негізгі бет
- Психология
- Жүрегіңнің дәптеріне тек...
Жүрегіңнің дәптеріне тек жақсылық туралы жаз
Жер бетінде қанша халық болса, сонша өркениет, салт-дәстүр, мәдениет бар. Ал әрқайсысының мәдениетіне зер салсақ, Батыс пен Шығыста айтарлықтай алшақтықтың бар екенін байқаймыз. Шығыс халықтарының өмірге деген көзқарасы, адамға деген сүйіспеншілігі ерекше. Осыған орай, сүт бетіндегі қаймақтай болған қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Жақсылықтың барлығын жүрегіңе, ал жамандықты су бетіне жаз.
Ақыл адам баласына көрік сыйлайды. Сабыр өз кезегінде ақылға көрік береді. Сабырды батыл мінез толықтырады. Батыл мінез жұмсақтығымен көркем көрінеді.
Тәбет дәмнен ауыз тие салысымен келсе, ұрыс алғашқы сөзден-ақ басталады.
Бақытсыздарға бақыт сыйлаудан артық бақыт жоқ.
Әлсізді жеңу жеңіліс тапқанмен бірдей.
Қателігіңізді жуып-шаюға мүмкіндік болса, мұның өзі адаспағаныңызды білдіреді.
Ақылды әйел еріне не айтса да, қант қосып отырады. Ері өзіне ауыр сөздер айтса, бар тұзын алып тастауға тырысады.
Үй иесіне қонақ ауадай қажет. Алайда кіріп, сыртқа шықпаған ауа адамды тұншықтырады.
Айналадағы дүниелердің тек жақсы жақтарын көруге тырыс. Жақсысы болмаса, қарасын ағарғанша жылтырата бер.
Өзіміз құрмет тұтпайтын адамның көмегіне зәру болудан асқан бақытсыздық жоқ.
Өлім деген – саған бағытталған жебе секілді. Ал өмір – сол жебе жүрегіңе қадалып, соңғы демің шыққанға дейінгі уақыт.
Таңертең күн жер әлемді жылытқан кезде, сенің де жан дүниеңе кіруге рұқсат ет.
Жолыңдағы әрбір тасты алып отыратын адамды ғана нағыз дос деп айта аламыз.
Бақыт құдды көлеңке секілді. Үнемі жаныңда жүреді. Оның соңынан жүгірсең, қашқандай боласың. Ал қашар болсаң, ол сені қуып жете алмай әлек болады.
Уақыттың қартайтуға қауқары жетпейтін бір сұлулық бар. Ол – жүрек сұлулығы.
Көріскеннен кейін көңілің көтеріліп, жүрегіңді қуаныш кернейтін жандарды қадірле.
Не ексек, соны орамыз. Бұл – табиғаттың заңы.
Жоғарыдағы қанатты сөздер көкейіңізге ой салып, өміріңізді тек жақсы сәттерге толтыруға әсер етеді деген үміттеміз. Күніңіз сәтті өтсін!
Қ. Бүйенбай