Күн ауа бастаған кезде ағзаның әлсіздік танытып, дененің әлсірей бастауынан дамыған елдердегі халықтың 90 пайызы жұмыс істей алмайтындықтарын айтады. Бұл проблемадан түбегейлі құтылу мүмкін емес, біздің қолымыздан келетіні - оның бір шешімін табуға тырысу.
Ісіміз өнбей, жұмысты жарыта істей алмауымыз ненің себебінен?
1. Ұзақ күн. Адам өзінің маңызды жұмыстарын таңертең бітіріп тастауы керек. Қыста ерте ұйықап, кеш тұрған дұрыс, ал жазда кеш ұйықтап, ерте тұрған жөн.
2. Эмоция. Эмоциямызды бақылауға алмасақ, эмоция бізді бақылауына алады. Таңертең автобуста біреу сіздің аяғыңызды басып кетті делік. Сіз бұлқан-талқан болып ашуландыңыз. Бұл эмоцияңызды бірге жұмысқа алып келмеңіз. Жалпы бірер күннен кейін ұмытылып кететін оқиғаларға бар ашуыңызды сарп етуден аулақ болыңыз.
3. Тамақтану. Адам ағзасы машина секілді. Машинаға бензин құйсаңыз, жүреді, ағза да солай. Қарныңыз аш болса, өндіріп жұмыс жасау оңай емес. Сондықтан толыққанды тамақтанғаныңыз дұрыс. Соның ішінде дәрумендерге бай тамақтарды талғап жеу де маңызды.
4. Энергия қозғалысының бұзылуы. Шығыс медицинасы дем алып, тамақтанудың арқасында алынған энергия энергетикалық каналдар арқылы циркуль тәріздес айналады дегенді айтады. Бұл айналудың бұзылуы түрлі қиындықтарға әкеп соғады. Көбіне бұл дене буындарында байқалады. Бұны болдырмау үшін жұмыстан соң, түрлі керіліп-созылу жаттығуларын жасау керек. Әсіресе аяқ пен омыртқаға баса назар аударған дұрыс.
5. Түнде дұрыс тынықпау. Бүгінгі жұмысты қалай жасауымыз түндегі ұйқыға байланысты. Көп адамдар түнде ұйықтамай жұмыс істеудің арқасында сәттілікке жетем деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Табиғат бәрін үйлесімді қылып жаратқан. Сондықтан табиғаттың заңын бұзу тек өзіңізге кесірін тигізеді. Егер біз бүгін ұйқының 2 сағатын ұрласақ, ағзамыз жұмыс күнінің 2 сағатын ұрлайды.
Дегенмен бұл ағзаның мүмкіндігі шектеулі деген сөз емес. Бір уақытта бірнеше іспен айналысу және әлбетте барлық істерді тиянақты орындау әбден мүмкін. Жүйке жүйесі бір уақытта бірнеше ақпаратты қабылдап, саралап, оған жауап айта алады. Бұл туралы "Уақыт ырғағы мен ағзаның бірлігі" атты материалымызда айтып өткен едік.
Атақты Уолт Дисней кеңсесін ерекше қылып құрастырған екен. Бұл адамның жұмысты жақсы жасауына әсерін тигізеді деп есептеген. Жұмыс уақытында команда мүшелері бір бөлмеден екінші бөлмеге өтіп жұмыс жасаған. Оның кеңсесі үш бөлмеден тұрған. Бірінші бөлме - армандауға арналған бөлме. Қабырғасына түрлі суреттер ілініп, бұл бөлмеде олар идеяларымен бөліскен. Екінші бөлмеде сурет салуға арналған планшеттер тұрған. Бірінші бөлмеде туған ойлар осы бөлмеде қағазға түскен. Үшінші бөлмеде барлық команда жиналып, ойларын талқыға салған. Егер идея әлсіз болса, барлығы бірінші бөлмеге барып, қайтадан ойланған. Ал ойды жүзеге асыру үшін екінші бөлмеге өткен. Сосын қайтып үшінші бөлмеге. Осылайша, шеңбер бойымен айналғандай айналып жүріп, Диснейдің командасы шедеврлер жасап шығарған.
Жұмыс күнінің екінші бөлігінде үнемі шаршап қалсаңыз, ағзаның қағидаларын дұрыс орындамай жүрсіз деген сөз.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: rich-peoples.com, agkorepanov.ucoz.ru