«Жаңа ұрпақ көшбасшысы» кітабының авторы Роберт Макмиллан жұмыстан шығып қалу қаупі төнгенде оны қалай анықтауға болатыны жайлы кеңестерімен бөліседі. Егер жұмыстан шығып қалу белгілері пайда болған сәтте жағдайды орына келтіру үшін тезірек қимылдамасаңыз, бәрі де кеш болуы мүмкін.
1. Басшылық сізбен жеке отырыстар жасап, елден өзгеше әңгімелесе бастады. Әрине, көзбе-көз отырып әңгімелесу басшының сізге деген сенімділігін көрсетеді. Ал бірақ әңгіме барысында сіздің кәсібилігіңіз туралы жақсы сөз айтылмаса, жұмысқа деген қабілет пен мүмкіндіктеріңізді бір саралау мақсатында жасалған диалог екенін ұғыңыз. Егер басшылық жұмысқа деген зауқыңыздың қандай екенін, әрмен қарай да жалғастыру туралы ойларыңызды сұраса бұл сіздің кәсіби жарамсыздығыңызды көрсетеді. Бірақ мұнда сіз жағдайды жақсарта аласыз. «Мұндай жағдайда мәдениетті, тәрбиелі екеніңізді көрсетіңіз және жұмыс істеу жүйеңізді қайта бір қарап шығыңыз. Кеңес сұрауға немесе кішігірім тренинг алуға арланбаңыз. Бастысы қателіктерді түзеп, жағдайды жақсартуға деген құлшынысыңызды көрсетіңіз», - дейді Макмиллан.
2. Сіздің жұмысыңыз көп сыналады. Мансап ісінің үздігі әрі «Уолл-Стритте өмір сүру қағидалары» кітабының авторы Рой Коэн: «Егер сізді басшылығыңыз жұмыстан шығарып немесе жарты айлыққа дейін төмендетсе, бұл сіздің кәсібилігіңіздің жоқтығы», - дейді. Ал бұған дейін сізге түрлі сын айтылады. Шын мәнінде шындыққа тіке қарап көрсеңіз де жөн. Себебі қолыңыздан келмейтін істі алу сізге ғана емес, басшылыққа да оңай тимейді. Ал егер шын мәнінде жұмысты жақсы атқарып жүргеніңізге толықтай сеніміңіз болса, мәселе сізде емес.
3. Басшылықпен қарым-қатынаста салқындық сезіледі. Бизнестегі адамдар бір жерде жұмыс істесе де ертеңгі күні кімді жұмыстан шығарып, кіммен әрі қарай жұмысын жалғастыратынын құпия сақтайды. Егер сіздің басшыңыз сізге назар аудармайтын болса жұмыстан шығып қалу дабылы соғылды дей беріңіз. Дэн Шоубэл, мансап маманы: «Жұмыстан шығарғысы келген басшылық сіздің көзіңізге тіке қарамайды», - дейді. Сондағысы, егер бастық жұмыстан шығаратын болса, психологиясынан-ақ байқай аласыз.
4. Сізге тапсырылған жұмыс көлемі тым азайып кетті. Әрине, тапсырма аз болса, қуанасыз, бірақ бұл сізге жасалған ескерту. Дэн Шоубел үлкен өзгерістер алдындағы дабыл екеніне күмәніңіздің болмауын ескертеді. Таяу арада жұмыста болмайтыныңызды білген басшылық сізге соншалықты ауыр жұмысты тапсырмайды екен, сондықтан да өзге әріптестеріңізге бұл жұмысты сеніп тапсырады. Егер сізге еш пайдасы жоқ, қызықсыз жұмыс тапсырса да бұл сізге берілген белгі. Басшылықтан тапсырма беруін өтініңіз. Егер сіздің кәсібилігіңіз бұл саладағы іске төмен екенін естісеңіз, барынша күш салатыныңызды айғақтап айтыңыз. Ал егер онда да басшылық сізге тапсырмасын сеніп тапсырмаса, сіздің тағдырыңыз шешулі.
5. Сізді жиналысқа шақырмайды. Жұмыс барысында ақпарат алмасу керек. Егер сізге қажетті ақпарат берілмесе және басшылық өткізетін жиналысқа шақырмаса, басқа жұмыс іздей беруіңіз керек. Себебі сіз ендігіде құнды қызметкер емессіз. Коэн бұған қоса былай дейді: «Егер сізді жиналысқа шақырса, бірақ пікіріңізді басшыңыз бөле берсе немесе қарсы келе берсе, қағылған дабыл екеніне күмәніңіз болмасын».
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: tourprom.ru