Жұмыстан ләззат алу үшін

Жұмыста күнделікті 8-10 сағаттан өткізсеңіз, ең сүйікті қызмет те жағымсыз іске айнала бастайды. Біздің кейбір кеңестерімізге құлақ салсаңыз, жұмысыңыздан ләззат алатын боласыз.

Жалпы бір жерде көп уақыт өткізу оны жағымды қабылдауға теріс әсерін береді. Жұмыс та дәл солай: бір сарынды жұмыс орны, бірқалыпты тапсырмалар мен өзгермейтін әріптестер жалықтырып, жұмысты орындауыңызға әсер ете алады. Олай болмас үшін сіз не істей аласыз?

Өзіңізді үйдегідей сезініңіз

Әрине жұмыста өзіңізді үйдегідей еркін ұстап не ерігіп отыруға болмайды. Бірақ үйдің кейбір жайлылықтарын жұмысқа көшірсеңіз, жұмыс орныңыз сізге үйдей ыстық көрінеді. Ол үшін кеңсеңізге өзіңіздің, отбасыңыздың не достарыңыздың суреттерін әкеліп қойыңыз. Суық күндері тоңбас үшін үйіңізден жылы, жайлы жемпір әкелген дұрыс. Біреулер сыйлаған жаныңызға жақын кәдесыйлар, ойыншықтар көңіліңізді көтерсе, отырғызылған гүл жұмыс орныңызды өте жайлы қылады.

Таза ауамен дем алыңыз

Бұл ереже қарапайым, бірақ өте маңызды. Түскі ас демалысы кезінде тамақтанып алғаннан кейін далаға шығып, кеңсе маңында бір қыдырып қайтыңыз. Әрине әркімнің де кеңседе күтпейтін, өткізуі керек шұғыл жобалары, шаруалары болады. Бірақ 5 минуттық таза ауадағы демалыс сізге шабыт беріп, жұмысыңызды одан да жемісті орындауға көмектеседі.

Түскі ас

Қатардағы қызметкерлердің түскі ас кезі ең сүйікті уақыты болар. Сіз де бұл демалыс уақытын пайдамен өткізіңіз. Мысалы тамақты асханадан ішпей, үйден даярлап әкелсеңіз, біршама ақшаңыз қалтаңызда қалады. Үй тамағының әлдеқайда дәмді әрі пайдалы екені де белгілі. Ауа райы жақсы күндері сыртқа шығып та тамақтануға болады. Өзінің жұмыс алдында отырып тамақтанатын кісілер дұрыс жасамайды. Одан да ас бөлмеге барып, әріптестермен бірге әңгімелесіп отырып, түскі асыңызды ішіңіз. Әріптестермен де біраз әңгімелесіп, жұмыстан дем алып қаласыз.

Тазалық

Жұмыс орныңыз кір, түрлі қоқыстарға толы болса, жұмысыңыз да тиянақты бола алмайды. Бұндай хаостың ортасында жұмыс істей білетін адамдар жоқ емес, алайда олар бұл істен рахат алмай, тапсырманы тезірек бітіруін тілеп отырады. Ал біздің мақсатымыз – жұмысымыздан нағыз ләзат алу. Сол себепті жұмыс орныңызды арасында жинастырып тұрған жөн.  Босаған орынға керекті заттар мен жеке бұйымдарыңызды қоя аласыз.

Әріптестермен қарым-қатынас

Әріптестеріңізбен скайп не агент, электронды пошта арқылы ғана хабарласасыз ба? Қасыңызда отырған адамға электронды хабарлама жазғанша, бетпе-бет тілдесіңіз. Осылайша кеңсеңізде жылы қарым-қатынастар орнап, сіз бір команда боласыз, ал ")))" деген хабарламаның орнына жылы күлімсіреген әлдеқайда дұрыс.

Жұмысыңыз сәтті болсын!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: brandyourself.asia