- Негізгі бет
- Психология
- Жұмысқа тұрудағы негізгі...
Жұмысқа тұрудағы негізгі қателіктер
Әрқайсымыз да жұмыс іздеп жүрген дос-жарандарымызға пайдалы кеңес бергіміз келеді. Ақыл-кеңестің жаманы жоқ, рас. Ал кейбір кеңестеріміз өзектілігінен айырылып, «ескіріп» қалатынын да ескерейік.
Массагет порталы сіздерді мына жерде жұмысқа тұру һәм іздеу мәселесімен таныстырған еді. Ендігіде жұмысқа тұрушылардың арасында кездесетін ең өрескел қателіктерді ұсынамыз.
Түйіндеме (резюме) бір беттен аспауы керек деген ой. Бұл – қате. Жұмысқа тұрушылардың көбі жұмыс беруші егер түйіндемесінде әріп көп болатын болса, оқымай қояды деп сенеді. Ал негізінде жұмыс беруші жұмысқа қабылдайын деп отырған адамы туралы бәрін де білгісі келеді, тіпті жеке өмірін де. Мұнда түйіндеме әрі қатесіз, әрі оқылымды болуы керек.
Компанияда бос орын жоқ! Адамдар көп жағдайда бұл сөзді дос-жолдастарынан ести салып, райынан қайтады. Бұл дегеніңіз өрескел қателік. Біріншіден, атүсті айта салынған ақпарат өтірік болуы ғажап емес. Екіншіден, әр компания тұрақты түрде жұмыс жасамайды. Бүгін жұмысшы керек болмаса, ертең жағдай өзгеруі мүмкін. Жұмыс орнында адам толық болса да өзіңнің жұмысқа қабілетті екеніңді, мүмкіндігің бар екенін көрсете алуың тиіс. Ол болмаған жағдайда басшылық дәл осындай басқа компанияға баруға сілтеме беруі мүмкін.
Жұмысқа тұру алдындағы әңгімелесуден кейін сізге телефон шалмаса, басқа біреу ол орынды алып қойды. Бұл да адасушылық. Қайта-қайта телефон соғып әңгіменің нәтижесін біліп тұру маңызды. Жұмысқа қабылдамаған адам сіздің ат-тоныңызды алып қалмайды. Жұмысқа қабылдаудың ең көп таралған әдісі де осы төзімділікті талап ететін әдіс емес пе? Көп уақыт жұмыс нәтижесін айтпай отырған соң жұмыс іздеушілердің өзі-ақ азайып, сиреп, жоқ болуға айналады. Ал шын мәнінде жұмыс іздеп, жауапкершілікті сезінетін адам ешқашан да салғырттық танытпайды.
Ең мықтылары ғана жұмысты ала алады деген ой. Бұл да, сөзсіз, қателік. Жұмыс орны тек мықтыларға беріледі деген сөзден кейін-ақ потенциалды жұмыс іздеушінің жартысына жуығы жоқ болады. Бастысы қорықпау керек. Статистикаға сенсек, жұмыс берушілердің жартысына жуығы тек өзінің жеке интуициясына қарап, шешім шығарады.
Жұмыс жоқ болса, қандай жұмыс қолға тисе де еңбектене беру деген ой. Бұл да қате. Ақшаның құлы болу арқылы сіз өз мамандығыңызды, тіпті өзіңіздің армандаған ісіңізді жүзеге асыра алмай қаласыз. Ойыңыздағы жұмысқа орналаса алмасаңыз, өз құныңызды жоғалтпаңыз. Тек мамандығыңыз бойынша карьера жасаңыз. Әйтпесе сізден сәтті адам шығуы екіталай...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: voxpopuli.kz
А. Құлтай