Әйелдің қырық жаны бар
Халық даналығы
Қыз бала жұмысбасты және үй шаруасына пысық болып екіге бөлінеді. Осы пікірмен қаншалықты келісесіз?
Байқап отырсақ, ақшаны жақсы табатын бойжеткен үй шаруасына олақ келеді. Ал жетістікке жетуді ойлай бермейтін қыз бала үй шаруасына келгенде алдына жан салмайды. Отбасы мен табысты жұмысты бірге алып жүрудің мүмкін болмағаны ма? Жігіттер осы екі қыздың қайсысын таңдайды? Саралап көрейік.
Әйел және отбасы
Әу бастан нәзік жан отбасының ұйытқысы болуға жаралған. Қазақи тәрбие көрген ару өзінің бұл өмірдегі басты миссиясы – бала тауып, отбасын сақтау екенін түсінеді. Бір адамның жан жары, балалардың анасы болу да – мамандық. Үй тірлігіне, бала күтіміне мамандық ретінде қарайтын әйелдер өзін барлық қырынан танытады. Бұндай келіншектер күйеуінің ас-ауқатын әзірлеп үйде отырғанды құп көреді. Бірақ үйде отырған әйел өз-өзін дамытудан, күтінуден қалыс қалады. Бұның соңы көбіне ренішке ұласып жатады.
Әйел және карьера
Тұлға ретінде қалыптасып, ақша табу – бүгінде тек еркектің жұмысы емес. Әйелден жақсы бастық шығатынын дәлелдеген нәзік жанды көп. Карьера бірінші орынға шыққан уақытта кез келген адамға сәттілік күліп қарайды. "Не ексең, соны орасың". Жұмысына бар жігерін салатын әйелдер бос уақытын да жұмыс орнында өткізіп жатады. Нәтижесінде бизнес-леди атанып, өз-өзіне сенімді, табысты әйелге айналады. Бірақ отбасына, үй тірлігін үйренуге уақыт таппай, қынжылады.
Жұмыс пен отбасын қатар алып жүруге тырысайық
Адамның мүмкіндігі шексіз. Үй тірлігіне де, жұмысқа да үлгерем деген жан өз мақсатына жетпей тынбайды. Жұмысбасты қыздың үй шаруасына олақтығы да, үй шаруасына пысық арудың жақсы жұмысқа тұруға лайықсыздығы да – кемшілік. Егер бақытты жар, көпбалалы ана, табысты әйел болғыңыз келсе, тек қана алға жүріңіз. Қоғамның сізге таңған пікіріне бағынбай, өз әлеміңізді өзіңіз жасаңыз.
Психолог не дейді?
Айгүл Амангелдіқызы, психолог: "Бәрі адамның өзіне байланысты. Үйде отырып ештеңе істемей жата беретін, депрессияға көп түсетін олақ әйелдер де бар. Жұмыс жасамайтын, жағдайы жақсы, ақшасы бар әйел үй тірлігін істей бермейді, олар өз уақытын тек бала тәрбиесіне арнауы мүмкін. Жұмыс пен отбасын 10% әйел ғана қатар алып жүре алады. "Жұмыс істегенде, үй жайымен қалады" деп те айту қиын. Көп нәрсе нәзік жандының пысықтығына, темпераментіне де байланысты. Мысалы, үйде отырып іс істейтін, жоқтан бар жасайтын шығармашыл әйелдер болады. Жұмысқа бармаса да, баяу қимылдап, не бала тәрбиесіне, не үй тірлігіне үлгермейтін келіншектер де жоқ емес".
Ой қосыңыз.