Жаңа жұмыс іздеп жүрсіз бе? Жұмысқа еш қиындықсыз орналасуда қателік жібермес үшін мына кеңестерге назар салыңыз.
Резюме
Резюмеңізді ондаған мекемелерге жіберіп, біреуінен хабар келіп қалар деп ойламаңыз. Резюмеңізді жіберген әр компанияның аты, айналысатын жұмысынан хабардар болғаныңыз дұрыс. Әр мекеме үшін резюмені жаңаша құрастырыңыз. Қосымша білім, хобби, мақсат, өзім жайлы деген пункттерді мекеменің жұмыс істеу саласы мен өзіне тән ерекшелігіне сай толтырыңыз. Келесі күні сол компанияға қоңырау шалып, резюмеңіздің жеткен-жетпегені жайлы сұраңыз. Осылайша, сіз тек осы мекемеде жұмыс істеуге ниеттенгеніңізді көрсетесіз. Әдетте, резюмеге қосымша электронды хат жіберіледі. Дәстүрлі «Қайырлы күн. Менің резюмемді қарастыруларыңызды сұраймын» демей, осы хатты оқитын кісі сізбен кездескісі келетіндей әсерлі етіп жазыңыз.Кездесуге шақыруды күту
Резюме жібергеніңізге бір апта өтті, ал олар әлі жауап қайтармады ма? Мекемеге қайта-қайта қоңырау шалып, жауаптарын сұрап, мазаламаңыз. Бір мекемеден жауап күтудесіз бе? Бос отырмай, басқа мекемелерге де резюме жіберуді тоқтатпаңыз. Белгілі бір компанияға жұмысқа кіргіңіз келсе, сол мекеме жайлы барынша мол ақпарат жинаңыз. Қазірде әр компанияның ғаламторда өз сайты бар. Ал егер ертең сәті түсіп, сол компанияға кездесуге шақырса, бар біліміңізді аямай көрсетіңіз.Кездесу
"Адам көркі - шүберек" демекші, кездесуге компанияның беделіне сай киініп барған дұрыс. Кездесу барысында сол компания жайлы сұрақтар қойып отырыңыз. Бұл сіздің осы жұмысқа қызығатыныңызды көрсетеді. Кездесуде күлімсіреп, сұрақтарға толық жауап беріп отырыңыз. Сұрақтарға асықпай, дауыс көтермей, өзіңізге сенімділікпен жауап беріңіз.Іске сәт!
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: chudetstvo.ru