- Негізгі бет
- Психология
- Жұмыс үшін бәрін...
Жұмыс үшін бәрін құрбан етуге бола ма?
Өзіңізді жұмыссыз елестете алмайсыз, күндіз-түні жаңа жобалар туралы ойлайсыз, почтаңызды жиі тексермесеңіз, жаныңыз жай таппайды. Осындай әдеттер бойыңызда бар болса, бұл жазба сізге арналған...
Ендеше, еңбекқорлықтың оң және теріс жақтарын ажыратып көрелік.
Еңбекқорлықтың оң тұсы
Сіз кез келген уақытта жұмыс таба аласыз
Еңбекқор адам – ең бағалы жұмысшы. Ол алғашқы әңгімелесуде-ақ көзге түседі, әрине, жалқауға қарағанда бос орынды иемденуге мүмкіндігі де көп. Еңбекқорлар жұмысқа бәрінен бұрын келеді, үзілісті де әріптестеріне арнайды, кеш қайтады. Еңбекқорлар әрдайым өсумен болады, жаңа нәрселер ойлап табады, айналасындағылардың жұмыс істеуіне көмегін тигізеді.
Сіз мүлде зерікпейсіз
Еңбекқордың зерігуге уақыты жоқ, ол әрдайым айналысатын іс табады. Күйзеліске де аз ұшырайды, жаман ойларға жол бермейді, өмірдің мағынасын талдауға да құштар емес.
Сіз ақшаны жақсы табасыз
Өзін толықтай жұмысқа арнаған адам ақшаны да жақсы табады. Қымбат киім, аксессуар алуға, саяхатқа, өмірдің басқа да қуаныштарына жұмсайтын артық ақшасы болады. Дегенмен ақшаны бос жұмсамайды.
Еңбекқорлықтың теріс тұсы
Сіздің достарыңыз аз болады
Араласатын ортаңыз кішірейе түседі. Олардың қатарында өзіңіз секілді еңбекқор әріптестер болады. Әрине, олармен тек жұмыс туралы сөйлесесіздер. Шынайы кездесулерге, туған-туыстың той-думандарына да аз барасыз.
Өмірдің қуанышын сезінуден қаласыз
Бір жағынан еңбекқорлар өмірдің мәні туралы ойлауға уақыт таба бермейді. Бірақ қарапайым қуаныштардан өзіңізді шектеу арқылы қауіпті аймаққа түсіп кетуіңіз мүмкін. Айналаңыздағыларға қарайсыз, қызығасыз, қызғанасыз, өзіңізді жейсіз, бәрібір де жұмысыңызды тастай алмайсыз.
Сіздің жеке өміріңіз болмайды
Еңбекқорлардың көпшілігі жалғызбасты әйелдер мен еркектер. Себебі, оларға жұмысына берілген адамды табу өте қиынға соғады. Ал түсінбейтін адам сіздің жұмыстан кешіккеніңізге, жұмыс үшін барыңызды құрбан ететініңізге оң қабақ танытпайды. Қызғаныш пен сенімсіздік пайда болады. Немесе қалай таңнан кешке дейін бос жата беруге болады деген оймен жарыңыздан суып та кетуіңіз мүмкін. Нәтижесінде жалғыздыққа душар боласыз...
Сіз еңбекқорсыз ба? Немесе еңбекқорларға деген көзқарасыңыз қандай?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: pro-goroda.ru, rambler.ru