- Негізгі бет
- Психология
- Жұмыс өну үшін...
Жұмыс өну үшін не істеу керек?
«Жұмыстың өнуі дегеніміз – бұрын жасай алмай жүрген істі бүгін жасау».
Франц Кафка
9 сағат жұмыста отырып, үйге қайтар уақытта «түк бітірмедім» деп налудың қажеті жоқ. Бұл өзіңізді эмоционалды тұрғыда жегідей жеуден өзге ештеңе әкелмейді. Бір күнде тыңғылықты іс атқарып, оны өзіңіз бағаламасаңыз, сіздің еңбегіңізді өзгелер де көзге ілмейді. Мұндай жағдай болмас үшін не істеу керек?
Ең алдымен жұмыстан шыққан соң мына үш сұраққа жауап беру керек:
1. Ертеңгі күнімді жақсарту үшін бүгін не істедім?
2. Бүгінгі жұмысыма көңілім тола ма?
3. Маған міндеттелген жұмыстарды жасадым ба?
Осы үш сұрақтың біреуіне ғана «иә» деп жауап берсеңіз, бұл жақсы. Егер үшеуіне де жауап берсеңіз, сізге алаңдайтын ештеңе жоқ.
Адамдар жұмыс өнімділігін көлеміне қарай бағалайды. Мысалы, егер 1 шығарма оқып шығып, электронды поштаға келген 10 хатқа жауап беріп, 2 кездесуге барып үлгерсеңіз, көп іс тындырғандай боласыз. Кешке қарай өзіңізге «Бүгінгі күн сәтті өтті» деп есеп бересіз.
Егер бір ғылыми мақаланы жазу үшін көп ізденсеңіз, сол үшін жұмыс күнінің жартысын жұмсасаңыз, соңында мықты еңбек жазылса да, «бір күнімді сарп еттім» деу орынсыз. Уайымдамаңыз, ертеңіне бүгін орындалмаған жұмысты екі еселеп жасаңыз. Мүмкін ертең дәл бүгінгідей мақала жаза алмайтын боларсыз...
Бір күнде орындалған жұмыстың саны емес, оның маңызына мән беріңіз. Кеңседен түк бітірмегендей шығып кетпеңіз. Ертеңіне «ең құрығанда мына жұмысты бітірдім» дейтіндей істі атқарыңыз.
Есіңізде болсын!
«Бүгін кешегіден аз жұмыс жасадым» демеңіз, әр күннің өз несібесі бар. Соны өз уақытында алып үлгеріңіз.
Бітпеген жұмысты үйде аяқтаймын деп ойламаңыз. Үй – үй, жұмыс – жұмыс. Жұмыста үйде істейтін тірліктерді жасамайсыз ғой?! Сол секілді, істі кеңседе отырып тындырып кетіңіз.
Г. Берік