Қоғамдағы ең үлкен мәселенің бірі – жұмыссыздық. Төрт жылдық бакалавр білім, оған магистрлік білімді қосқанда білдей алты жылдық жоғары білімі бар азаматтар жұмыс таба алмай сандалып жүреді. Әрине ішінара бұл ақиқатқа ұрынатындары болу мүмкін. Дегенмен жастардың көпшілігі жұмыс талғайды әлде істеуге көңілдері соқпайды. Бір сөзбен айтқанда – жалқау.
«Еріншектің ертең бітпес» деген сөз бар. Анығында жастар күн сайын ертеңмен күн кешіп жатыр. Бірақ жұмыс істеу үшін және «жұмыс жоқ» деп айтпас үшін сізге мына кеңестер қажет:
Мотивация
Ең бірінші сізде жұмысқа деген талпыныс болу керек. Талпыныстың шарты талғам мен талдауға түспеу керек. Ең бастысы жастық максимализм бойыңызда тасып тұрсын.
Таңдаған тазға жолығады
Ең үлкен қателік те осы. Жұмыстың ыңғайы сіздің мамандыққа немесе мамандыңыздың айналасындағы кеңестікке байланысты болса бас тартпаңыз. Өйткені ол жұмыс сізге үлкен материалдық немесе рухани байлық алып келуі мүмкін. «Шешінген судан тайынбас» сөзін берік ұстаныңыз.
Білімді болыңыз
Егер талғамға салып, таңдауға әрекет жасасаңыз білімді болыңыз. Білімді ғана емес, әмбебеп әрі кәсіби білікті болыңыз. Өйткені таңдап барған жұмысыңыз сізден де көп нәрсе талап етеді. Талапқа сай болсаңыз, жеңімпазсыз. Ал талаптың үдесінен шыға алмасаңыз өзіңізге сын.
Еңбексіз іс өнбейді
Жұмысқа кіре салып бастық болып кетпейсіз. Сізді жұмыста жайлы орын күтпейді. Үлкен белестер мен еңбек күтеді. Аталған кезеңдерден өтіп барып, жақсы жерге жайғаса аласыз. Ол үшін жауапкершілікті арттырыңыз, әрбір іске мұқият болыңыз, аманатқа қиянат жасамаңыз, басшыңыздың үдесінен, өзіңіздің сеніміңізден шыға біліңіз.
Жұмысқа деген махаббат
Әрбір жасаған ісіңізден ләззат ала біліңіз. Махаббатпен жасалған істің нәтижесі ешқашан суға кетпейді. Өйткені сіздің жұмысқа деген махаббатыңыз «жұмыс» сөзін жеңілдетеді.
«Басқа жұмыс керек еді»...
Өзіңізге бұйырған жұмыстан нәтиже шығарыңыз. Кейін ауысатын мүмкіндік өзі-ақ туады. Кіргеніңіз кеше, «кетемін» деу әлсіздің сөзі. Әлсіздікті әу бастан көрсетсеңіз, қанша жұмысқа ауыссаңыз да ештеңе өнбейді. Жақсы жұмыс, керемет нәтиже сіздің болашаққа жол ашуға мүмкіндік туғызады.
Ізден және ізден
Ілімге іздену керек, жұмысқа да іздену керек. Жұмыс сізді іздеп келмейді, сіз жұмысты іздейсіз. Дайын асқа тік қасық болу оңай әрине, бірақ сіз толыққанды тұлға ретінде дайынсыз ба?!
Таныссыз талпыныңыз
Жұмысты өз күшіңізбен іздеп табыңыз. Бұл абыройыңызды асқақтатады. Ортаңызда да беделді боласыз. Күшіңізге және өзіңізге сеніңіз. Таныссыз талпынған әрбір ісіңіздің жеңісі жеміс, әрбір қателігіңіз кешірілмес үлкен сынға алып келуі мүмкін.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деп, Абай хәкімнің айтып кеткен осынау жолдарын көзіңізге көрінетін жерге іліп қойыңыз.
Іске сәт, жас маман! Ендігі қатарластарыңыз еңбегінің жемісін көріп жатыр. Әрбір уақыттың қадірін біліңіз. Ол – алтын!