Жұмыс берушімен сұхбат кезінде...

Жұмыс берушімен сұхбат кезінде...
Фото: cotoacademy.com

Джоб интервью – жұмыс беруші мен жұмысқа өтініш қалдырған адам арасындағы жеке кездесу, әңгімелесу. Бұл жұмыс берушіге адамды жақыннан танып, оның бойындағы қалыптасқан дағдыларды тексеруге мүмкіндік береді. Бірақ, жазылмаған заңдар да бар.

Киім үлгісі
Барлық интервьюге классикалық, ресми киім киіп бару міндетті емес. Егер сіз программист мамандығы бойынша жұмыс істеуге үміткер болсаңыз, костюм киіп бару ыңғайсыз болар еді. Сондықтан, интервьюге барарда киіміңізге, мамандығыңызға назар аударыңыз.

Иіс
Әтір, иіссу, спрейді де орнымен қолданған жөн. Өйткені, кей адамдар иіске сезімтал келеді. Үстіңізден әтірдің иісі қатты шықса, ол интервью жүргізетін адамға қатты әсер етуі мүмкін. Кейде адамның жүрегін көтеріп, бас ауруын туғызатын жағдай да кездеседі.

Әлеуметтік желі

Сұқбатқа келмес бұрын, жұмыс беруші сіз туралы ақпаратты интернет беттерінен іздейтіні анық. Сондықтан, әлеуметтік желідегі парақшаларыңызға шолу жасап, оның дұрыс бағытта екеніне көз жеткізіңіз. Ашық суреттер, жағымсыз пікірлермен күрескеніңіз жөн.

Өз бағаңызды біліңіз
Сізден жұмыс беруші қанша көлемде жалақы қалайсыз деп сұраған кезде, «білмеймін» деп жауап беру дұрыс емес. Жұмыс берушіге өз бағаңызды білетініңізді көрсетіңіз. Жұмыс беруші үшін нақты санды айту пайдалы: сізге ұсынатын және сіз қалайтын жалақы мөлшеріндегі айырмашылықты есептей алады әрі сіздің талабыңызға сай келетін-келмейтінін біледі.

Нақты жауап беріңіз
Хоббиіңізді сұраса, мәселен, тамақ істегенді ұнатамын деңіз. Қандай тамақ, қай уақытта екенін айтудың қажеті жоқ. Сұраққа нақты әрі қысқа жауап бергеніңіз дұрыс болады.

Өзіңіздің шынайы қалпыңызды сақтаңыз
Өзге адамның кейпіне енуден сақтаныңыз. Өмірдегі шынайы келбетіңізді көрсетіңіз. Әрине, сәл сабырлық пен ұстамдылық артық етпейді.

Бастысы қобалжымаңыз. Өйткені, күйзеліспен күресе алатын адамдардың өзін жұмыс берушілер жоғары бағалайды. Өзіңізді еркін ұстаңыз. Сонда бәрі жақсы болады.

Т. Есқали