Иә, аспандағы сансыз жұлдыздар біздің көзбен қарағанда әдемі бір көрініске ие. Қолы жетсе жұрттың бәрі бір-бір жұлдыздан бөліп алғысы келеді. Әйткенмен, жұлдыз – қол жетпеуімен де жұлдыз емес пе?.. Ал оған ғашық жер бетіндегі нәзік жандыларды қайтеміз? Біздің айтпағымыз көктегі емес, жердегі «Жұлдыздар».
Кезекті жазбамызға жұлдыз жігіттердің өнерінен бұрын өзіне ғашық қарапайым қазақ қыздары арқау болмақ. Әнші немесе актер жігіттің өнердегі бейнесіне, кино немесе театрдағы образына және әніне ғашық болса, түсінікті жайт. Өнер – өзі де халықтың көзйымына бөлену үшін жұмыс жасайды. Ал сол танымал тұлғалардың өзін сүйіп, өмірін сонымен елестететін аруларды қайда қоямыз?
Жұлдызға ғашық қыздардың 10 сипаты:
1. Ең алдымен олар сүйікті жұлдызының өмірінде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды қалт жібермей, бақылап отырады. Оған ғашық болған күннен бастап жеке өмірінің шекарасынан өтіп, бәрін біліп алуға кіріседі. Жұлдыздың бұғып ұстағысы келетін сыр-сандығының құпиялы құлпын бұзып, мүмкіндігінше бәрінін хабардар болып отыруды қалайды. Егер қандай да бір жұлдыз жайлы толық ақпарат біліп алғыңыз келсе, осындай «жұлдызға ғашық» қыздармен байланыста болыңыз. Олар өздері сүйетін әртісті жан-жақты зерттеп, танып-біліп алады.
2. Оларды сүйікті жұлдызының жары мен бала-шағасы бары қызықтырмайды. Олар оның жұбайын үнемі сынып-мінеп отырады. Отбасы тыныштығын бұзып, телефон шалып, хабарлама жіберіп сезімін ашық айтатын да бойжеткендер бар.
3. Олар өз қиялдарында ғана сол әртіспен тәтті ғұмыр кешіп жатады. Тіпті кейбірі сүйген жұлдызының үйленгелі жатқанын да жақсы жаңалық санамайды. Мұндай жаңалықтарға олар проблема ретінде қарайды және депрессияға да түсіп жатады.
4. Олардың кейбірі өзімшілдікке салынып, сүйген жұлдызының отбасымен ажырасып кеткенін де шын қалайды. Өзіне бұйырмаған бақыт өзгеге де бұйырмаса екен дейді.
5. Олар әншінің барлық концерттерінен және жиындарынан қалмайды. Ол бар жердің бәрінде жүріп, ол келеді деген ортаның бәрінен табылады.
6. Олардың бөлмесі сол әншінің суреттеріне толы. Телефон қоңырауында – соның әні, әлеуметтік желілердегі профильдерінде – соның суреті, телефон бетінде - соның фотосуреті...
7. Олармен қандай әңгіме айтсаң да, әңгіме тізгінін сол әнші жайлы тақырыпқа бұрып жібереді.
8. Олар кейде жұлдыздың суретіне қарап отырып, онымен сөйлеседі, сыры мен мұңын айтады. Тіпті кейде көз жасын төгі, өксіп-өксіп жылап та алады.
9. Мұндай қыздардың көбі өмірде қарапайым жігіттердің көңіліне жағып, көзіне түсе бермейді. Жұлдызға ғашық қыздардың өмірінде қарапайым жігіттер аз кездеседі. Олар көктегі жұлдызға ғашық боламын деп талғамын тым қатты өсіріп алады да, кез келген жігіттен мін іздеп сүйген жұлдызымен салыстырып отырады.
10. Олар жұлдыздан алған қолтаңбаға, онымен бірге түскен суретке де қуана алады.
Ал, сіз, жұлдызға ғашық емессіз бе? Жұлдызға ғашық болып, оған бола бассыздықтарға баратын қыздарды психологиялық ауруға ұшырады деп санайсыз ба? Сіздің де осындай құрбыларыңыз бар ма? Олар қай жұлдызға ғашық?
Сурет: voxpopuli.kz