- Негізгі бет
- Психология
- Жүктілік кезіндегі ұйқысыздықпен...
Жүктілік кезіндегі ұйқысыздықпен қалай күресуге болады?
Жүктіліктің алғашқы айларында болашақ ана, әдетте, ұйықтай бергісі келеді: гормонды өзгерістердің себебінен ағза шаршайды. Ал жүктіліктің соңғы айларында, керісінше, ұйқысыздық пайда болады. Оны сәбидің дүниеге келуіне дайындалып жатқан әйел денесі мен психикасындағы өзгерістермен байланыстырады. Сондай-ақ жүкті әйелдің ұйықтап кетуіне ішінің өсуімен байланысты нәрселер де кедергі келтіреді. Мысалы, арқасы ауырады, іші ауырлай түседі, дәретханаға жиі барады және ішіндегі сәби қозғала береді. Десе де, ұйқысыздықпен күресудің жолдары бар.
Қозғалыңыз
Физикалық белсенділік кез келген адамға, соның ішінде жүкті әйелге де міндетті түрде керек. Әрине, зақым алу мүмкіндігі жоғары спорт түрлерімен емес, жүзу, жүру, йога, жеңіл гимнастикамен айналысуға болады. Алайда өзіңіздің сезімдеріңізге мән беріңіз, шаршағанша істеудің қажеті жоқ. Қандай іспен шұғылдансаңыз да, ол сізге ұнауы керек. Егер йогамен айналысқыңыз келмесе, далада серуендеңіз.
Уайымдарыңызды іште сақтамаңыз
Кей болашақ аналар өзін мазалайтын біртүрлі ойларды айналасындағы адамдарға айтуға ұялады. Алайда барлық мазалайтын ойларыңызды жақыныңызға немесе дәрігеріңізге айтыңыз.
Ұйықтар алдында тамаққа тойып алмаңыз
Дұрыс ойластырылған кешкі ас - жақсы ұйқының кепілі. Түнде іштің кебуі немесе ауырлық мазаламас үшін жеңіл тамақтаныңыз. Сондай-ақ кешкі асты ертерек ішіп алуға тырысыңыз. Кешкі асқа көкөністі сорпа, тұздығы жоқ ет немесе балық, йогурт және алма жеу ұсынылады.
Ванна қабылдаңыз
Кешкісін ванна қабылдау ұйықтап кетуге көмектеседі. Бірақ су ыстық болмауы керек және ваннадан шығарда аяғыңызды салқындау суға шайып алыңыз.
Төсегіңізді ыңғайлы, ал бөлмеңізді жайлы етіп алыңыз
Төсегіңіз өте жұмсақ та, өте қатты да болмауы керек. Ұйықтар алдында бөлмені желдетіп алыңыз және жатын бөлмеңіздің ыстық болмауын қадағалаңыз. Аяғыңыздан ауырлық сезінсеңіз, аяғыңыздың астына бірдеңе қойып, көтеріп жатыңыз.
Түстен кейінгі ұйқыдан бас тартпаңыз
Егер күндіз ұйқы қысса, онымен күресудің қажеті жоқ. Мүмкіндік болса, ұйықтап алған дұрыс.
Маманнан кеңес сұраудан ұялмаңыз
Сәбидің дүниеге келетін күні жақындаған сайын болашақ ана мазасыз бола түседі. Егер ұйқысыздық бар күшіңізді алып жүргенін байқасаңыз, ол туралы дәрігеріңізбен сөйлесіңіз.
А. Жапатова