Баланың өмірге келуін күту - болашақ ана үшін ең керемет уақыт. Жүктіліктің жылдың суық мерзіміне тап болғанында тұрған ештеңе жоқ. Бірақ кей сақтық шараларын сақтау артық етпейді.
Аналарға арналған түрлі форумдарда олар қай уақытта жүкті болу жақсырақ екенін салыстырады да тұрады. Пікірлердің ішінен көпшілік қыста жүкті болудың қиын екенін айтады:
"Үлкен ішіңмен колготки, шалбар, жемпір, бәтеңке, күртке киіп болғанша, ешқайда шыққың келмей қалады";
"Мен қысқы жүктіліктен көктайғақ үшін қорқамын";
"Қыста айналаңда бәрі тұмауратып жүреді";
"Далада тоңбас үшін қалың болып киініп шығасың, бірақ автобуста, поликлиникада, таксиде ыстықтайсың";
"Қыста жегің келетін жемістерді таппайсың".
Аяз, көктайғақ, күн сәулесінің және дәрумендердің жетіспеуі - бұлардың бәрі болашақ аналарды қорқытады. Алайда сіздің әр сезіміңіз құрсағыңыздағы балаңызға берілетінін ұмытпаңыз. Сондықтан әрдайым жақсы көңіл күймен жүруге және дәрігеріңіздің ұсыныстарын орындауға тырысыңыз. Жүкті әйелдерге бірнеше кеңес ұсынамыз:
Дұрыс киініңіз. Бала денсаулығы үшін ең маңызды фактордың бірі - таза ауа. Бұл орайда, қысқы серуеннен жақсы нәрсе бар ма?! Бастысы - аяғыңыз тайып, құлап қалмау. Ол үшін ыңғайлы және табаны сырғанамайтын аяқ киім киіңіз. Мүмкіндік болса, серуендеуге біреумен шығыңыз. Үстіңізге барлық жылы киімді киіп алудың қажеті жоқ. Далада терлесеңіз, ол керісінше, ауырып қалуыңызға себеп болады. Мұндай кезде сапалы термокиім көмектеседі. Далада тоңып қалмас үшін 30-40 минут серуендеудің өзі жетеді.
Ауаны ылғалдандыру. Қыста жылытқыш құрылғылардлың себебінен үйдің және кеңсенің ішіндегі ауа құрғап кетеді. Мұндай ауамен тыныс алу қиын әрі қауіпті. Мұрын шырыштысы шаң-тозаңды, вирустар мен бактерияларды ішке кіргізбеуі керек. Бірақ мұрын шырыштысы құрғап кетсе, оның қорғаныш қызметі әлсірейді. Микроағзалар ағзаға оңай кіріп кетіп, тұмауратып қалуыңыз мүмкін. Оған қоса, аллергияңыз да асқынып кетуі мүмкін. Бұл проблеманы шешу қиын емес. Үйді жиі желдету, бөлмелерді ылғал тазалау және ауаны ылғалдандыру жеткілікті.
Рационды қадағалау. Қыста жаз мезгіліне қарағанда жемістер мен көкөністерге таңдау аз. Бірақ ол рационның әртүрлі болуына кедергі болмауы керек. Қыста жидектердің түр-түрін табуға болады. Қарапайым қызылша, сәбіз, орамжапырақ, балдыркөк - пайдалы дәрумендердің көзі. Сондай-ақ рационда балық, ет, жұмыртқа, сүзбе және сүт-қышқылды өнімдер болуы тиіс.
Өмірге қуану. Қыста күн сәулесі аз болғандықтан, ол көңіл күйге әсер етпей қоймайды. Жүкті әйелдер онсыз да әр нәрсені уайымдап жүреді. Күйзеліске түспес үшін өзіңіздің эмоциялық жағдайыңызға мән беру маңызды. Мысалы, дәрігердің кеңесімен Д дәруменін қабылдап көріңіз, медитация жасаңыз және көңілді бағдарламалар көріңіз. Жаман жаңалықтар оқымаңыз және достарыңызбен кездесуді тоқтатпаңыз.