Біз бүгін жұрт аузына үңілеміз. Жұрт ер адамдар жайында қандай жалған пікірде екен? Жұрт болғанда да, сол өзіміз ғой, арулар! Олар жайлы стереотип болып қалыптасқан "аңыз" әңгімелерді жоққа шығармақпыз. Мұнымызбан бөріктілерді ақтайтын да, жақтайтын да ойымыз жоқ. Тек санамызға сіңген жалған ойлардан арылуға тырысайықшы.
"Жігіттер сериал көргенді ұнатпайды"Жоқ, сөзіңізді қайтып алғаныңыз жөн. Олар сериалдарды әйел адамдардан кем түспей көреді. Егер жігіт футболсүйер болса, басқа арнадағы футболға ауыстыруы әбден мүмкін. Ал егер сүйікті бағдарламасы арнадан бой көрсетпесе, онда олар басқа арнадағы сериалға ауысады. Әрине, нәзік жандылар секілді "Келер сериясында қалай болар екен?", "Анау енді қайтер екен?" деп шын сеніп көрмесе де, сериалдан бас тарта қоймайды. Сонымен қатар, бөріктілер шытырманға толы шетел сериалдарынан көз алмайды. Айтпағым - атыс пен шабысқа толы сапалы сериалдар. Тарсылдаған, абақтыдан қашқан кейіпкерлерге шын беріліп, "пәленінші сериясына келдім" деп түні бойы көз шырымын алмайтын ер адамдарды сериал көрмейді дегенді ақылға сыйдырып көріңізші.
"Жігіттердің бәрі өтірікші"Бұл жігіттің шырмауына түсіп, одан зардап көрген қыздың ғана әңгімесі емес. Кім болса да, айыпты адамды сырттан іздейді. Ешкім өзіне ауыр айып таққысы келмейді. Сөйтеді де, бәрін жігіт жаққа бұра салады. "Бес саусақтың бірдей еместігін" айтудан жалықпаймыз. Бұл мақалдың барына да рақмет. Кейбіріміз сол бес саусақты бірдей етіп аламыз да, жігіттерді жерден алып, жерге саламыз.
"Жігіттер қайын енесін жек көреді"Бұл біздің санымызда стереотип болып қалыптасып үлгерді. Әрине, жат адаммен бірден туыс бола қалып, бірден анасындай болып кетуі мүмкін емес. Қайын жұрттағы енемен тек сүйіктің арқылы табыса аласың. Ер адамдар қайын жұрттағы енесін өз ата-анасындай көруге тырысады. Тек арадағы кикілжіңдер (әйелі оны шешесіне жамандауы, жамандығын асырып айтуы) күйеу баланың "минус" жақтарын көбейте түседі. Ал шын мәнінде, жігіттер өздерін қызынан да кем көрмейтін, болмашыға бас сұғып арласа бермейтін қайын енелерді жақсы көреді.
"Жігіт деген жыламау керек"Неге? Жігіттерде жүрек жоқ па? Жоқ, әлде олар барлық нәрсеге немқұрайлы қарайды деп ойлаймыз ба? Олар да егіледі. Олар да қиналады. Олар да көз жасқа ерік береді. Тек олар әйел адамның еңсесін түсірмеу үшін, өзінің дәрменсіз екендігін білдірмеу үшін көп жерде жанарға тұнған жасты еркіне жібермейді. Тек сыртқа барып егіліп алады.
"Жігіттер көп қыдырғанды жақсы көреді"Егер үйінде сүйікті жары мен бала-шағасы шулап отырса, ол ұзап қайда барар дейсіз? Үйленген ер адамдар неге сыртқа елеңдеп тұрады? Өйткені оларды үйде шашылып жатқан бөлмелер, жуылмаған ыдыстар, иісі шығып, әр жерде жатқан шұлықтар, тамағы жоқ бос дастархан, "Қайда жүрсің?" деп бүйірін таянған, шашының ұйпа-тұйпасы шыққан әйелі күтеді. Таңертең тамаған беріп, "Күнінің сәтті өткенін" тілеп шығарып салған күйеуі үйдегі жарына асықпай көрсін!..
"Жігіттердің пісірген тамағы құрысын"Бір күні ас үйіңізді босатып, алжапқышты күйеуіңізга тағып беріңізші. Сонда көрерсіз, кімнің тамағы дәмдірек боларын. Ер адамдар әйелдерге қарағанда тамақты жақсы дайындайды. Дәлелденген! Солай екен деп, жолдасыңызға күн сайын картоп ашытып қойып, өзіңіз аяқты аспаннан келтіріп жата бермеңіз. Не десек те, ас үй сіздің меншігіңізде.
"Жігіттердің бәрін мақтай берсең болды"Қойыңыз! Бала дейсіз бе? Мақтауды сүймейтін адам жоқ қой. Әйткенмен ер адамдар асыра сілтеген мақтауларды жақтыра бермейді. Жігітіңізге шектен тыс мақтау айтамын деп, бетіңіз қызарып жүрмесін.
"Жігіттерге ақымақтау қыздар ұнайды"Бұл да жиі айтылатын сөз. Қыздарға үлкендер "ақылды болу - сорың" деп жатады. Мұны тек салыстырмалы түрде ғана түсіну керек. Қыз бала өз теңінен де ақылды болмағаны дұрыс деп ұғайықшы осыны. Әйтпесе ақымақ әйел қай бір отбасы болып жарытар дерсіз. Демек, жігіттерге ақылды қыз жолығып жатса - қуаныш. Тек өзінен асып кетпегені жөн.
"Махаббатты көп бұзатындар - жігіттер!"Керісінше, бір сүйсе, құлай сүйетін, қыз айнымаса, басқаға айналып кетпейтін жандар - жігіттер. Өйткені жігіттер сүйгенінен мін таппаса, онымен махаббат құрудан жалықпайды. Кей жігіттер сүйген аруына адалдық танытпаса да, араларын суытып алғысы келмейді. Бәрін тез-тез бітіріп тастағысы келетін де, кейін өкініп "бекер жіберіппін" деп өкінетін де - өзіміз ғой. Мойындайықшы!
Тырнақ астынан кір іздегенше, шындықтың жүзіне тура қарап үйренейік!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
суреттер: healthsnews.com, facebook.com