Жігіттің жұлдызнамасына қарай қатынас жасаңыз

Жұлдыз жорамал туралы сөз болғанда, ертең сіз үшін сәтті күн не осы апта қаржылық қиындыққа ұшырайсыз деген секілді болжамдарға сенбесеңіз де, бір айда туған, жұлдызы бір адамдардың мінез-құлқы, психологиясы ұқсас келетінін мойындауға болады. «Жұлдызы жараспайды», «жұлдызымыз қарсы» деген секілді ежелден келе жатқан қазақ сөздері де тегін айтылмаған. Ендеше жігітіңіздің жұлдызнамасына байланысты онымен қандай қарым-қатынас жасау керек екеніне көз жүгіртіңіз.

Тоқты
Бұл жігіт үшін үнемі қай жағынан келерін болжап болмайтындай күйде жүруіңіз керек. Үнемі өзіне интрига туғызғанды ұнатады. Ол үшін бірде мысық болып, бірде жұмбағы бітпес құпия жанға айналсаңыз, басы айналып, сіздің жаныңыздан шыға алмай қалады. Оны таусылмайтын ойындарыңызбен таңғалдырып отыруыңыз керек. Қайталана беретін үздіксіз әрекеттен тез жалығады. Күн сайын бір қырыңызды біліп, уақыт өткен сайын жаңа танысқан жандай сіздің ішкі әлеміңізге ынтыға түсетіндей жағдай жасасаңыз, ол сізді өмір бойы сүйіп өтеді.

Торпақ
Торпақ жұлдызында туған жігіттер сенімділікті, қамқор болуды және оның әдеттерін сол күйі қабылдауыңызды қалайды. Ол үшін үй іші айнадай жалтырап, жұмыстан келгенде қазаныңыз қайнап, жейдесі таза әрі үтіктеулі болса болды. Барлығының қалауы осы ғой дейсіз бе? Алайда бұл торпақтар үшін аса маңызды. Тағы бір ескеретін жағдай олар өте қырсық. Жүйкесіне тимеуге тырысыңыз, әйтпесе өзіңізге жақсы болмайды.

Егіздер
Олар әлдекімнен жалығар болса, бірден есікті сыртынан жабады. Сондықтан үйдегі ұсақ тірліктеріңізбен оның басын ауыртпауға тырысыңыз, әйелге тән әдетпен ол отырған жерде өсек айтып, біреуді жамандаушы болмаңыз. Оған жақын дос бола білуіңіз керек, алайда ішіңіздегінің барлығын ақтарып тастамай, тек өмірлік маңызды тақырыптар жөнінде әңгімелескенді ұнатады. Үнемі шытырман оқиғалар ортасында болуды ұнатады. Ол сізден интеллектіңіз жоғары, өз пікіріңізді айта алатын, өмірге өзгеше көзбен қарайтын жан болуыңызды күтеді.

Шаян
Олардың өн бойы қарама-қайшылыққа тұнып тұр. Эмоцияға бай, нағыз махаббатты армандайды. Онымен эмоциялық бір толқында болсаңыз жетіп жатыр. Онымен кішіпейіл кейіпте қарым-қатынас жасасаңыз, ол сізден ешқашан кетпейді. Өзінің құнды, маңызды екенін сезінсе, сізден өмір бойы шабыт алады. Өз музасын тастап ешқайда бас бұра алмайды.

Арыстан
Жұлдызнама ішіндегі ең жарқын тұлға. Оны үнемі дәріптеп, мақтап, оған тамсана қарап отыру керек. Егер өз патшайымын кездестірсе, оған ең нәзік, ең сұлу жаратылыс ретінде қарайды. Арыстандар қателікке де ұрынып тұрады, ал сіз қанша қаласаңыз да, мұны ешқашан бетіне басып айтуға болмайды. Оның атына айтылған сын өзін өмір бойы кешірмей өтуіне де әкелуі мүмкін.

Бикеш
Бикеш жұлдызында туған жігіттер көзбен сүйеді. Ол тазалыққа, жинақылыққа, сыртқы көрініс тартымды болуына аса көп мән береді, сол себепті оған өз-өзін күтініп, сыртқы келбетін үнемі назарда ұстайтын әйел заты қажет. Егер сізді шашыңыз жуылмаған, киіміңіз үтіктелмеген олпы-солпы түрде көретін болса, бірден ат құйрығын кесісіп кетуі де ғажап емес. Бұрылып кетпеген күннің өзінде де бұл қылығыңызды үнемі есіңізге салып айтып отырады.

Таразы
Бұл жұлдызнамаға сай жігіттер бастысы психологиялық тұрғыда бір толқында болып, іштей үйлесімділікте болуды қалайды. Ол, әрине, отбасында түсініспеушіліктерге жол бермей, барлығын ақылдасып бірге шешу дегенге саяды. Жанұяда үнемі ұрыс-керіс шығару әдетке айналса, түбі ажырасуға әкеп соқтыруы да ғажап емес. Азаматыңыз отбасында өзінің беделін бірінші орында көргенімен, оның жетістікке жетіп, биіктерден көрінуі әйел адамның қолдауына, махаббатына байланысты. 

Сарышаян
Сарышаяндардың жүрегін асқазан арқылы ғана жаулау аздық етеді. Олар сүйген аруына жан-тәнімен жақын болуды қалайды. Алдымен ішкі әлеміне сай ма, осыған мән береді, содан кейін ғана басқа қырларынан зерттеп, әйел адамға жақындай түседі.

Мерген
Мерген жігітке бастысы әйел адам тарапынан өзін мойындап, бас игені қажет. Әйелінің көзіндегі нұрына айналса, одан асқан бақыт жоқ. Өзіне өмірлік серік болып, толықтай сенім артып, қандай жағдай болса да өзінен бас тартпайтын адамды таңдайды. Олардың үмітін ақтау үшін тек кез келген жетістігіне шынайы қуанышыңызды білдіріп, барынша қолдап-қолпаштап, тек жақсы жақтарын көріп, мақтап отырсаңыз жеткілікті.

Тауешкі
Тауешкі жұлдызында туған жігіттерді білімді, ауқатты, тәуелсіз қыздар қызықтырады. Мұндай жігіттер табиғатынан тұйық, бір сөзді келеді, олар өзгенің қолдауына, махаббатына зәру. Алайда өзінің осал тұстарын ешқашан көрсетпеуге тырысады. Уақыт өте келе сыр тартып, ішкі жан дүниесін үңіліп, бар құпиясына қанығып алғаныңыз абзал. Сонда ол өзі туралы барлығын білетін адамнан ешқашан бас тарта алмайды. Жылы-жылы сөйлеп, інде жатқан жыланды шығарып алу керек.

Суқұйғыш
Бұл жұлдызда өмірге келген жігіт адал адамға жүрегін арнауға даяр тұрады және де өзінің жеке кеңістігін сыйлауын қалайды. Бұл тұлғаның еркіндігіне қол сұғуға болмайды, еш ісіне килікпеңіз, бар мәселесін өзі шешеді. Олар некеге тұрарда ең бастысы бостандығымнан айырылып қалмасам екен деп қорқады. Сол себепті оны үнемі бақылауда ұстап, қайда, не істеп жүрсің деп қыспаққа ала берудің қажеті жоқ. Ер адамдар өзіне зор сенім артылған сайын әйеліне адал боп келеді.

Балықтар
Бұл жұлдызда туған жігіттер де сүйгенімен эмоциялық тұрғыда бір арнада тоғысуды қалайды. Сіз оны идеал ретінде танып, әр ісіне тамсанып, тәтті сөздеріңізбен қолдап, әрдайым оның пікірімен санасып отыруыңыз қажет. Сонымен қатар, ең бастысы, адал болғаныңыз. Мұндай жігіттің атына сын айтудан аулақ болыңыз, әйтпесе өзінің осал тұсын ойлап, өзін-өзі жегідей жеп қоюы мүмкін. Өз бойында қандай мін бар екенін өзгелер айтпаса да біледі, оны сіз-ақ білмейтіндей сыңай танытқаныңыз абзал.