- Негізгі бет
- Психология
- Жігіттікке сын ...
Жігіттікке сын
Ер азамат – елінің жүрегі, аяулыларының тірегі... Олардың әйелдер қауымынан айырмашылығы көп. Олар күш-жігерге, қажыр-қайратқа ие. Әйткенмен кейбірі төмендегі қасиеттердің иесі. Қыздарға сөз берсек, барлығы жабыла кетіп, жігіттердің бойындағы мынадай бос нәрселерге ашулары келетінін айта бастайды:
Өсектен өрілген әңгіме. Біреудің әңгімесін біреуге жеткізіп, біреуді біреуге айдап салып отыру – әйел адамға да, ер адамға да жараспайтын қылық. Сөйлеушінің аузына қақпақ бола алмасаңыз, жай ғана тыңдап отырыңыз. Естігеніңізді әлдекімге жеткізіп, бір сөзді көп сөз қылудың не қажеті бар?
Орынсыз көз жас. Жылап-сықтау ер адамға тән қылық емес. Ер адамды көз жасын көлдете бермейтіні үшін де мықты дейді. Кез келген қолайсыздық пен келеңсіздікке бола басын дуалға ұрып жылай беретін ер адам нәзік жандыларға қалай тіреу болмақ?
Бос сөз. Ер адамның құнын қашыратын ең жаман қасиет те – осы. Бос сөзге бой алдырып, тілін тізгіндеудің орнына сөз жарыстырып отыратын ер адамдар көптің көңіліне жаға бермейді. Тілімен орақ оратын ондайлар сөзін ісімен ғана дәлелдесе ғой...
Құр уәде. Егер орындау қолынан келмесе, құр уәде беріп, жұртты алдаған ер адамның ісі алға баспайды. Уәденің артында үлкен жауапкершілік жатады. Уәдеде тұрмайтын адамдардың сөзіне, ісіне ешкім сенбейді. Ер адамның уәдеге берік болатындары сүйкімді.
Қызмінез. Қыздың қылығын жасап, өз жынысына өзі қарсы келетін ер азаматтарды ер жігіт деуге де аузың бармай қалады. Табиғаты мен жаратылысына қарсы шыққандар жайлы жұрт та қарсы пікірде. Мұндай жігіттердің ісі де, сөзі де нәзік жандылардан аумайды. Бірақ бұл еркекке мүлде тән нәрсе емес. Бұл қылығымен жігіт тек жұртты жиіркендіргеннен артық ештеңе ұтпайды.
Махаббатта тұрақсыз. Өз сезіміне сенімді болмай, әр сұлу қызға күліп келіп, босқа үміт беріп қоятын жігіттер де бар арамызда. Ер азамат болған соң, өз ісіне, өз сөзіне, өз күшіне және сезіміне сенімді болғаны жақсы, әрине. Сүйетінін де, сүймейтінін де, «сәл-сәл ұнататынын» да қимай, әр жүректі бір ауыртып жүрген жігіттен бір қыздың ғана серігі болатын ер жігіттің құны мың есе артық.
Ұқсас жазба:
Өкініштің алауы жаныңызды өртесе...
Сурет: Алексей Кострикин
А. Әбілхан