Қос ғашықтың бір-бірінің жүзіне қарап, үнсіз отырғанынан артық ғажайып құбылыс жоқ шығар. Алайда сөзіме сеніңіз, арада 10 минут өткен соң үнсіз отырудан жалыға бастайсыздар. Осы сәтте белгілі бір тақырыпта сөйлесулеріңізге тура келеді. Ал не туралы сөйлесуге болатынын кезекті материалымызда қарастырып көрейік.
Көп қыз жігіттермен спорт, музыка, көлік, кино, саясат сынды тақырыптарда ғана әңгімелесуге болады деп ойлайды. Өкінішке орай, бұл тақырыптар бізге мүлдем дерлік қызық емес болуы мүмкін. Сол себепті айтылар сөздің тізімі де қысқарады. Шындығында, жігітке де, өзіңізге де ұнайтын тақырыпты оңай таба аласыз.
Жігіттің жоспары
Кез келген жігіт табиғатынан отбасын асырап, қамқоршысы болғысы келеді. Сүйіктісінің қиын-қыстау кезеңде тірегі болуды армандайды. Яғни оған өзінің жетістіктері мен табысы, болашақ жоспарлары туралы сөйлескен ұнайды.
Жігіттер үнемі жаңа идеяның жетегінде жүреді. Біз секілді «Үйімнің алдында қызыл желекке оранған бақшасы болса екен» немесе «Үйім ананыкіне ұқсаса екен» деп атүсті ойластырмай, нақты жоспарлайды. Қаласа жоспарымен бөліседі. Мүмкін жалақысы жоғары жұмысқа ауысып, өзінің жеке бизнесін ашқысы келіп жүрген болар? Ол өзінің жоспарларымен бөлісіп отырған кезде, қолдайтыныңызды айтып отрыңыз. Cіздің тарапыңыздан тек мақұлдауды күтеді.
Туысқандары мен достары
Жігіттер өзінің таныстары туралы көп айта бермейді. Алайда олардың барлығы да отбасы үшін алаңдап, үнемі бауырларының жағдайын ойлап жүреді. «Анаңның денсаулығы жақсы болды ма?» немесе «Ағаңның қызметі қалай?» деп сұрау арқылы көп мәлімет естуіңіз мүмкін. Оны бұл тақырыпта сөйлесуге көндіріп көріңіз. Себебі оның сіз үшін де пайдасы бар. Болашақ отбасыңыздың қандай екенін білгіңіз келетін шығар?
Жеңістері мен жеңілістері
Бұл тақырыпты «нағыз жігіттер» жақсы көреді. Сүйіктісінің алдында мақтанып, өзіндей керемет азаматы бар екенін білдіргісі келеді. Жігіттің өмірі жеңісті аңсайтын ұшы-қиыры жоқ сайыс секілді. Бірақ бұл сайыста беделді қызметке орналасып, көп жалақы алып, қымбат көлікті сатып алуды мұрат тұтады. Бұдан өзге де қалаулары бар. Жігіттер тек материалдық құндылықтар қызықтырады деп ойламаңыз.
Жігіт сізге толықтай сенген кезде ғана өзінің сәтсіздіктері туралы айтып береді. Оған әлі де барлығын өзгерте алатындығына қауқары жететіндігін айтыңыз.
Басқа жігіттер
Әңгіме сізге бұған дейін сөз салған жігіттер туралы болмауы тиіс. Жәй ғана оның таныстары, әріптестері туралы сұраңыз. Есіңізде болсын: оның достарын, таныстарын қатты мақтамаңыз. Мұндайда жігіттер өзін төмен санап, ренжіп қалады. Артынша «Жігіттер ренжімейді. Қайдағыны айтпашы» дейді. Екіншіден, өзгелер туралы ешуақытта жағымсыз пікір айтпаңыз. Әйтпесе жігітіңіз мен туралы да осылай жағымсыз пікір айта ма деп ойлауы мүмкін. Ал өзіңізге сөз салған жігіттер туралы мүлдем жақ ашпаңыз. Оны есінде сақтап алып, артынша ренжіскен кезде, үнемі есіңізге салып отырады.
Не істейміз? Сүйктіңізге қызық болатын тақырыпта сөз бастаңыз. Сөзін бөлмей жақсылап тыңдаңыз. Арасында қосылып отырыңыз. Жеңіл әзіл-қалжыңдар араластырып айтсаңыз болады.
Қошемет сөздер
Қошемет сөздерді қыздар ғана жақсы көреді деп кім айтты? «Бүгін әдемі футболка киіп келіпсің» деп айтып, артынша оның жүзіне назар аударыңыз. Бақыттан басы айналып тұрғанын көресіз. Жігіттер қошемет сөздерді аз еститіндіктен, оларды бағалай біледі. Ең бастысы, қошемет сөзді шындыққа жанастырып, шын көңіліңізбен айтыңыз.
Сән, косметика, әтір, диета, артық салмақ, өсек сөз, телехикая, жұлдыздардың өмірі, жақын адамдарыңыздың жеке қарым-қатынасы, бұрынғы жігіттер сынды тақырыптарды мүлдем қозғамағаныңыз жөн. Ең бастысы, ол сіздің өзін үнемі тындайтындығыңызға сенімді болуы керек.