- Негізгі бет
- Психология
- Жігіттерге қоюға болмайтын...
Жігіттерге қоюға болмайтын сұрақтар
Сүйгеніңізбен ұрыс-керссіз, тату-тәтті өмір сүргіңіз келе ме? Оған басы артық сұрақтар қоймаңыз. Жігіттер ыңылдап мазасын алатын қыздардан тез жалығады. Есіңізде болсын, неғұрлым аз сұрақ қойсаңыз, соғұрлым көп жауап аласыз. Өзіңіздің орныңызға оған сөйлеуге мүмкінідік беріңіз. Жігітке мынадай сауалдар қоймаңыз.
Мені сүйесің бе? Қалай сүйесің?
Жігіттер өзінің ішкі сезімін сыртқа шығарып, айтуды ұната бермейді. Әсіресе жиі айту оны мезі етеді. Бұлай сұрасаңыз, жоқ деген жауап алмайтыныңыз айдан анық, алда-жалда айта қалса, жағдайдың ушығатынын жақсы біледі. Сондықтан бұл тым орынсыз сұрақ. Сүйетінін жиі айтуын қаласаңыз, өзіңіз жағдай жасаңыз. Кішігірім тосын сыйлар жасап қуантыңыз, сонда еріксіз сезімін сыртқа шығарады.
Мені не үшін сүйесің?
Өзіңізді жігіттің орнына қойып көріңізші. Бұл сұраққа қалай жауап берер едіңіз? Азаматыңызды сүюге нақты бір себеп бар ма еді? Оны белгілі жағдайға, әлеуметтік статусына, материалдық жағдайына, сымбатты келбетіне бола жақсы көретін болсаңыз, мойындап, ашып айта алар ма едіңіз? Міне, осылай жігіт те сізді аяғыңыз ұзын болғаны үшін жақсы көрем не түріңіз әдемі болғаны үшін жақсы көремін деп бар шынын жайып салмайды. Ол сіздің сыртқы келбетіңізді, мінезіңізді, барлығын жақсы жағынан қабылдауға тырысады. Осының бәрін ойланып, «барлығы үшін жақсы көремін» деп айтады, жауабы белгілі сұраққа бола оны мезі етуге бола ма?
Менің жанымда өзіңді жақсы сезінесің бе?
Өзін жақсы сезінбесе ол қазір сіздің жаныңызда жүрмес те еді. Жай ғана одан мақтау естігіңіз келгені үшін бар қызықты бұл сұрақпен құртудың қажеті қанша?
Қайдасың?
Дәл осы сұрақ ең байсалды жігіттің өзін сабырлылық рельсінен шығарып жібереді. Олар бұл сөзді бірден тергеу, басқан ізін қадағалау деп қабылдайды. Сондықтан мұндай сауалға оңды жауап ала аламын деп ойламаңыз. Тіпті ер адам ештеңе жасырмайды деген күннің өзінде дәл жүрген жерін басып айтпайды. Бұл еркектік ұстанымға қайшы әрекет.
Менен ештеңе байқап тұрған жоқсың ба?
Шаш үлгісін өзгертсек, жаңа маникюр жасатсақ, далабымызды жаңартсақ, жігітімізге осы сұрақты қалайда қойғымыз кеп тұрады. Бұл біз үшін бет-әлпетімізге ұлы өзгеріс әкелгендей әсерге бөлейді. Ал ер адамның көзінде ондай бейне елес бермейді. Егер шынында да айтарлықтай өзгеріс енген болса, сұратпай-ақ мақтау жауғызады.
Бұл маған жарасып тұр ма?
Үстіңіздегі киім өзіңізге ұнағандықтан сатып алдыңыз. Бірақ жігіт қандай жауап беру керек екенін білмей дал болуы мүмкін. Жай ғана ол өзіңізге ұнағанын, жігіттің ойын білгіңіз келгенін айтуыңызға болады. Сонда олар ойланып, шын ойын айтады. Ал кей жігіттер бірден мәселенің алдын алып көргеннен комплимент айтуы мүмкін.
Осы жағдайларды ескеріп, өзіңізді дәл осы күйіңізде жақсы көріп, оның да бар қалпыңызбен қабылдауына жағдай жасап, махаббаттағы үйлесімді сақтай біліңіз.
@. @assel_assanova