- Негізгі бет
- Психология
- Жігіттерге арналған сыйлықтар,...
Жігіттерге арналған сыйлықтар, сыйлық таңдаудағы негізгі қателіктер
Жігіттерге сыйлық беру сәті – қыздың өз-өзін көрсетіп қалатын кезі. Әйелдер сүйіктілеріне сыйлық таңдауда қандай қателіктерге ұшырап қалып жатады? Әлбетте, қай-қайсымыз да өз сүйіктіміздің көңіл-күйін көтеруде қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Көбіне қыздар жігіттерге өздеріне керемет көрінетін сыйлықты апарып бергенде, ол сыйлықтың көп ұзамай қоқыс жәшігінен табылуының себебі неде? Соншама ақша мен уақытыңды бөліп алған сыйлығың жігітіңнің көңілінен шықпаса ше? Жалпы, жігіттерге қандай нәрселерді сыйлық ретінде беруге болмайды?
Бірге үңіліп көрейік...
◊ Гүл. Әріптесімнің туған күніне әйелі әдемі бір құшақ гүл сыйлады. Қаладағы ең керемет гүл дүңгіршегінен алынғаны бірден байқалады. Бірақ ол гүл бірнеше минуттардан соң ешкімге көрінбейтін сөренің біріне қойылды, ал бір-екі күннен соң қоқыс жәшігіне лақтырылды. Сонда әдемі гүлдің нәзік жандылар үшін керемет сыйлық та, ерлер үшін мүлде керісінше болғаны ма?! Жоқ, Америка фолористерінің зерттеуінше, он еркектің алтауы гүлді сыйлық ретінде қабылдайтындықтарын айтқан. Ол әсте, қалған 40 пайыздың гүлді жек көретіндіктерінен емес. Бар мәселе гүлдің түрлерін таңдауға кеп тіреледі. Яғни, гүлдің түрін таңдауда жаңылыспасаңыз болғаны.
◊ Косметика мен парфюмерия. Опа-далаптың түр-түрі шығарылып, қолданысқа ие болуда. Сәйкесінше, ер адамдарға арналған косметикалар да күн санап көбейіп келеді. Косметиканың қай түрін сыйласам екен деп басыңызды қатырмасаңыз да болады. Өйткені, пайдаланар зат болса да, косметика мен парфюмерияны жігіттер сыйлық ретінде қабылдамайды екен. Еркектердің 95 пайызы өздеріне косметика сыйлағанды қаламайтындықтарын айтқан. Мысалы, әйелдерге асүйдің заттарын сыйлаған сияқты. Кастрюлді пайдаланғанымызбен, бәрібір керемет сыйлық ретінде есте қалмайды ғой...
◊ Жұмсақ ойыншықтар. Алпамсадай еркекке жұмсақ ойыншық сыйлау күлкілі жайт. Әсіресе, біздің бүкіл елге қорған болған қазақ жігіттері үшін бұл сыйлық ретінде қабылданбаса керек.
◊ Әдемі әшекей. Әйелдер үшін сыйлықтың әшекейленіп берілуі аса маңызды. Ал еркектер әшекейге аса зор мән бермейді де. Әйел түсінігі үшін бұл ақылға сыймайтын нәрсе болса да, психологтар осылай дейді. 90 пайыз еркектер сыйлықтың қандай қорапқа салынатындарына назар салмайды. Олар үшін қорап емес, ішіндегі сыйлық қана маңызды. Сондықтан, әшекейлеймін деп әуре болмаңыз.
◊ Ырым-тыйымға байланысты беруге болмайтын сыйлықтар. Халық таным-түсінігі бойынша сыйлыққа сағат беру – қарым-қатынасыңның уақытша екендігін білдіреді. Пышақ, бәкі секілді өткір заттарды сыйға тарту ұрыс пен жанжалға әкеліп соғады. Шарф беру – айырылысуға әкелсе, бір-бірінің суретін сыйға тартудың да ақыры ажырасуға соғады деседі. Әлбетте, бұның бәрі сенім.
Еркектің психологиясы мен әйел психологиясының арасы жер мен көктей. Еркектер де әйелдер секілді сыйлыққа келгенде біраз ойланады.
Сонда не беру керек?
♥ Бір нәрселерді өлшеу үшін арналған құралдар. Мысалы, термометр, барометр, динамометр деген сияқты. Бұндай құралдар бірден есте қалатын ерекше сыйлықтардың қатарына жатады. Олардың кейбірінің құны кәдімгідей қымбат, ал кейбірі тіптен арзан. Мысалы, термометр. Неге менің сүйіктіме барометр қажет, ол теңізші емес қой деп басыңызды қатыруыңызға да, жәй ғана сатып алып сүйіктіңізге сыйлық қып апарып беруіңізге де болады.
♥ Жігітіңізге өзін әскер не аңшы ретінде сезіндіретін құралдар. Әсіресе әскерге барып келген жігітіңіз үшін әскери сыйлықтар сай келмек. Мысалы, фонарик, карта, компас, бинокль деген сияқтылар. Рация, ұялы телефондар тіптен керемет сыйлық!
♥ Спорттық құрал-саймандарды да ұялмай сыйға тартсаңыз болады. Гантель, грушалар т.б.
♥ Көліктің құрал-жабдықтары. Жігіттеріміз машинаны қыздардан артық жақсы көрмесе, кем жақсы көрмейді. Әрине, қалжың. Дегенмен, еркектердің өмірінде машина аса зор рөл атқарады. Бұндай сыйлықтарды алуда өзіңіз де машинаның «тілін» жақсы білгеніңіз дұрыс немесе машинаның құрал-жабдықтарын жақсы білетін таныстарыңыздың көмегіне сүйеніңіз.
♥ Кітап. Кітап кім-кімге де таптырмас сыйлық. Әсіресе, өзі сүйіп оқитын жазушысының кітабын сыйласаңыз жақсы сыйлық болмақ.
♥ Естелік заттар (сувенир). Әдетте, бір жерге барсақ, міндетті түрде өзімізге қымбат жандар үшін сыйлық әкелуді ұмытпаймыз. Сол елдің дәстүрін айқындайтын, салтын көрсететін сыйлықтар әлбетте кім-кімге де ұнайтыны сөзсіз. Сүйікті адамыңызға да сувенирлерді қысылмай беруіңізге болады. Сіздің оған деген махаббатыңызды паш ететін естелік заттар көздің жауын аларлықтай әдемі, мағыналы, сәйкесінше кез келген жерге сыйып кететіндей шағын болғаны дұрыс.
Қалтаңыз қалың болса, бұдан да қымбат сыйлықтар алып, сүйіктіңізді қуантуыңызға болады. Мысалы, велосипед, көлік т.б.
Жалпылай қарап отырып, санамалап шықтық. Дегенмен, бәрі де сүйікті адамыңыздың талғамына байланысты екенін есте ұстағаныңыз абзал.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Р. Роза