Жігіттердің мінсіз қыз туралы ойы қандай?

Жігіттердің мінсіз қыз туралы ойы қандай?

Жігіттердің талғамы әртүрлі. Әсіресе, қыздар мәселесіне келгенде. Біздің «Мінсіз қыз қандай болу керек?» деген сұрағымызға олар төмендегідей жауап берді. Көпшілік жігіттің пікірі де осындай болар деген оймен аттарын атап, түстерін түстеп жатуды жөн көрмедік.

1. Кез келген жігіттің ойында жүрген, ешбір міні жоқ қыз бар. Бір қызығы сол мінсіз қызды кездестірген кезде оған ғашық болмаймыз. Яғни болашақ жарымыз біздің арманымыздағы қыз емес.

2. Мінсіз қыз жасандылық танытпайды. Бұл, расымен де, маңызды. Өйткені, соңғы жылдары барлығы сән мен кинодағы актрисаларға еліктеуде. Танымал адамның киіну мәнерін ғана көшіріп қоймай, мінезін де келтіреді. Бұл жағымсыз әсер сыйлап, өзінен жақсы жігіттерді шеттетеді. Қыздың ақылы оның қарапайымдылығы мен ұяңдығында. Мұнымен қатар бар ойын жасырын ұстайды. Біз жақсы көретін қыз – жұмбақ қыз.


3. Жаңа жылда жақсы жігітім болсын десеңіз, спортпен айналысып, интернетте аз отырыңыз дейміз. Виртуалдылықтан да басқа өмір бар.

4. Қандай қыздардың аз болғанын қалайсыз дейсіздер ғой? Өмірінде мақсаты, идеясы, қызығушылығы жоқ және өзін күтпейтін қызды ұнатпаймыз. Күні-түні интернетте отырып, әлеуметтік желіге үйде түскен суретін сала беретін қыздан аулақпыз. Суретке түспесін демейміз, тек табиғат аясына шығып немесе қоғамның ортасында жүрген суреттерін салғанда нұр үстіне нұр болатын еді.

5. Қыздарға не тілейміз? Ешқашан ауырмасын дейміз. Өйткені олар өте сезімтал келеді.

 

6. "Мінсіз" сөзінің астарында бір қателік бар. Еш нәрсені мінсіз деп айта алмаймыз. Дөңгелек деп жүрген жер шарының өзі миллиардтаған қатпардан тұрады. Ал адамға қатысты айтар болсақ, әркімнің мінсіздік туралы ойы түрліше. Яғни мінсіз болу дегеніміз – өзіміздің табиғи қалпымызда қалу, ешқандай жасандылық танытып әуре болмау. Ұстамдылықтан асқан мінсіздік жоқ шығар.

7. Сізді біреу сүйсін десеңіз, алдымен өзіңізді жақсы көріңіз. Өзін жақсы көрмейтін қыз бізге де қажет емес. Барлық қатенің себебін өзімізден іздеуіміз керек. Іздеп қана қоймай, жойғанымыз дұрыс. Сымбатыңыз ұнамаса, спортпен шұғылданыңыз. Жақсы әңгімелесуші болғыңыз келсе, ақылды фильм мен кітап оқыңыз. Әлемде сізді рақат сезіміне бөлейтін дүниелер өте көп.

 

8. Талғамға талас жоқ екенін білетін шығарсыз? Бір жігіт томпақ қызды ұнатса, екінші сүйіктісінің сәнбикедей қыпша белді болғанын қалайды. Барлығы өзіміздің қолымызда. Әрине, ертегідегідей бір мезетте бәрін өзгертуге болмайды. Бірақ мінсіз болуға ұмтылып, сол үшін еңбектенсеңіз, арманыңызға қол жеткізесіз. Ертең немесе келесі айдан емес, дәл осы секундтан бастап жалқаулық пен кемшілікті шетке ысырыңыз.

Ал біздің сұрағымызға сіздің жауабыңыз қандай болар еді?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: liveinternet.ru 

Қ. Бүйенбай