Жігіттердің құпиясын бірге ашайық!

Жігіттердің құпиясын бірге ашайық!

Ер жігіттерді жастайынан батыл болуға тәрбиелейміз. Бұл ерте замандардан жерінің шетін жау найзасына бастырмай, қыздарын күң қылмай, өз елінде гүл қылғандарымен байланысты болса керек. Осы күндері дәл осындай батыр жігіттеріміз жетерлік десек те арасында әлсіздері кездеседі. Ер адамдардың жүйкесіне күнделікті күйбең тіршілік пен майда кедергілер әсерін тигізбей қоймайды. Міне, осындай сәттерде олар да көзіне жас алады...

Жастың тарихы мен пайдасы

Оны анықтау үшін біраз артқа шегінейік. Ертеректе ер адамдардың жылауы қазіргідей таңданатын құбылыс болып есептелмеген. Бабаларымыздың айтуынша, хандар мен батырлардың қажет болғанда көздеріне жас алуы әлсіздігін емес, рухының мықтылығын, махаббатты жан жүрегімен сезіне білетіндігін көрсетеді екен. Бұдан өзге ер адамның көзінен аққан тұзды су жүректерінде мейірімділіктің бар екендігін дәлелдеп, өздеріне жоғары баға беретіндігін танытады екен. Көз жастарына қажет болғанда ерік бере білмейтін адамдар бұл қылығым үшін қыздар мазақ қылып күледі деп жасқанады.

Антика дәуіріндегі Ежелгі Грецияны еске алыңыздаршы. Ең мықты деген, ең әлсіз деген спарталарды (жауынгер балалар) таудан жерге лақтырған. Мұндағы басты мақсат болашақта төзімді, соғыс өнерін мықты меңгерген жауынгер алу болып есептелінеді. Алайда бұл жерде ер азаматтардың көзіне жас алуы әлсіздік деп есептелмей, қалыпты жағдай деп қарастырылады.

«Жігіттер жыламайды, тек мұңаяды» деген философиялық тұжырым жаңа заманның жемісі. Қазіргі заманда қандай қиындық болмасын ер азамат көпшіліктің алдында көз жасын көрсетпейді деген пікір қалыптасқан.

Дәрігерлер мен ғалымдар адам көз жасы өмірді ұзартатындығын бір ауыздан айтуда. Бар мәселе көзімізден ағатын тұзды судың арқасында ішімізге толған кек пен мұңның сыртқа шығатындығында. Адамның көз жасы күйзеліске төтеп беретіндігі де анықталған. Бұл ағзаның сыртқы ортаның жағымсыз әсерлерінен қорғануы.

Яғни қиын сәттерде ұстамдылық танытатын адамдарға қарағанда, қажет болғанда жылай білетін адамдардың жүйкесі мықты келеді. Сол себепті әйелдер қауымының өмір сүру ұзақтығы ер адамдарға қарағанда жоғары. Ми қан айналысының бұзылуы мен инфарктке шалдығуы осыған байланысты.

Әрине жастың кері әсерлері де жоқ емес. Көзімізге жас алған сайын оның шатырша қабығы бұзылып, кей жағдайда көру сезімінен айырылып қалуымыз мүмкін. Сол себепті жыламайтын жігіттердің де денсаулығы нашар емес.


Олар не себепті жылайды?

Батыл да батыр жігіттерімізді жылататын бірнеше себептер ғана бар.

1. Жақын адамдарынан айырылғанда. Яғни сүйіктілері, туған-туысқандары, өмірлік ұстаздары қайтыс болғанда. Бұл жағдайда жылау кімге болса да орынды болып көрінеді. Алайда ер азаматтар қыздар секілді эмоцияларын көпшілікке жарияламай, адам аз жерде көрсетуді жөн көреді. Жоғарыда айтқанымыздай жылау арқылы олар күйзелістен арыла алады.

2. Тұрмыстағы шарасыздыққа әкеліп тірейтін жағдайлар. Бұл заманда мұндай жағдай аз кездеседі деп айту қиын. Жұмыссыздық, отбасыны бағу, дамылсыз өскен бағалар, аз жалақы тағы да басқалары ер адамның жүйкесіне әсер етеді. Мұндайды темірден жаратылған жігіттер де көтере алмасы анық. Кейбір батыр деп жүрген жігіттеріміз әйтеуір бір күні морт сынып, тағдырдың тәлкегіне түседі. Сол мезетте жас балаға айналып, қамқор болар ананың жылы алақанын іздейді.


3. Көңілшектіктен. Кішкене қызының өз қолымен жасаған сыйлығы әкесінің көңілін босатып жібереді. Мұнымен қатар, бұзақылардың балаларға жасаған жауыз әрекеттері, драмалық фильмдер, жануарларды қинау секілді дүниелер де олардың көңілін босата алады.

4. Жеңіліс. Жеңіліс ойында ғана емес, өмірде де бар. Әрдайым алда жүріп, мықты болуға ұмтылу – табиғаттың заңы. Ал олар көптен құрған жоспарларының күлі көкке ұшса, міндетті түрде жылайды.

Жігіттер де біз секілді физиологиялық әсерлердің себебінен, бақыттан, пиязды турағаннан жылайды. Алайда олар жылап алуды әдетке айландырса, бұған бей-жай қарамаған жөн. Мұндайға тек аналарының балалары, нағыз әлсіз жігіттер жол береді. Осымен жігіттердің не себепті жылайтындығы анықталды!

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: diesel.kg

Қ. Бүйенбай