Мамандық десе, өмірде жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеу керек екені туралы айтылған сөз бірден еске түседі. Бір сәт қиялға беріліп көрейікші, егер өмірлік жарымызды мамандығымен бірге таңдау мүмкіндігін туса, қалай болар еді? Жігіттердің таңдауы кім? Қазіргі таңда қыздар арасында қандай мамандық сұранысқа ие екенін білу мақсатында сауалнама жүргізіп, қатысушылар арасынан пікірлерін іріктеп ұсынып отырмыз.
Өткен жолы қыздардың ойын білген едік. Оны сілтемеге өтіп оқысаңыз болады.
Ержан, (22 жас, мұғалім): Жарымның ұстаздық қызметте болғанын қалаймын. Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға. Адам тəрбиелейді, ол – ең ұлы мамандық. Үйде отырғаны одан да жақсы.
Сұңғат, (19 жас, журналист): Қарттар үйінде күтуші не суретші, шығармашылық пен спортка жақын болғаны дұрыс.
Нұрлан, (27 жас, ақын): Ғарышкер болса екен деймін. Қалжың ғой. Неге екенін білмеймін, психолог болғанын қалаймын.
Темірбек (26 жас, әртіс): Анам кішкене күнімде көп ауырды. Сол кезден бастап маған дәрігер келін әкел дейтін. 6-7 жасымда дәрігер қыз аламын деп айтып жүретін едім. Неге екенін білмеймін, сонда өзім дәрігер боламын деп айтпаппын. Әлі де сол балалық арманнан қалған, дәрігер қызбен бас қоссам деген ойым бар.
Дидар (25 жас, полиция): Журналист не банк қызметкері. Осындай қыздар ұнайды.
Бауыржан, (26 жас, журналист): Болашақ жарымның қандай болатыны өзгеден бұрын өзіме қатты қызық. Себебі, үйімнің отын сөндірмей ұстайтын сұлудың мен ойлағандай болуын əрқашан қалаймын. Негізі дәрігер немесе мұғалім мамандығын меңгерген сұлулардан болса деймін. Себебі олардың сабырлы болатынына көзім жетті. Интелегенциясы да өз дәрежесіне сай қалыптасады. Əзірге таппадым, бірақ осы саладағы сұлуларға көз тастап жүрмін.
Қуандық (24 жас, экономист): Мұғалім не дәрігер болғанын қалаймын. Себебі ол жерде ер адамдар аз болады.
Қымбат, (24 жас, тілші): Болашақ жарымның дәрігер болғанын қалар едім. Өйткені мұндай жандар мейірімді, адам жанын түсінетін маман иелері деп ойлаймын. Дәрігердің өмірде көп қажеті бар ғой. Тым болмаса, сырқаттанған кезде көзге куат, көңілге медеу болады.
Мейірхан, (22 жас, журналист): Болашақ жарымның мамандығы ателье қызметкері болса екен деймін. Себебі, менің ойымша, ателье – ең ескі әрі әйелдерге ең лайықты жұмыс. Тіпті, әйел деген сөз ателье сөзімен ассоциацияланады.
Уәли, (25 жас, инженер): Бухгалтер болғанын қалар едім. Ақымақ қыздар мұндай жұмысты істей алмайды. Таза жұмыс, жалақысы да жақсы.
Нұрсұлтан, (25 жас, PR маманы): Медицина саласында оқығанын қалар едім. Ата-анам ауырып қалғанда қарар еді.
Талғат (19 жас, болашақ ғалым): Мұғалім, дәрігер қыз таңдамайтыным анық. Себебі олар күні бойы жүйкесі жұқарып келіп, жынын үйдегілерден алады. Үнемі шаршап жүреді. Журналист мамандығы да ұнамайды, олардың үйге қарайтын уақыты болмайды. Мүмкін, тігінші не аспаз мамандығындағы қыздарды таңдайтын болармын.
Жігіттер де көпшілігі қыздың мұғалім не дәрігер болғанын қалайтын көрінеді. Ал сіз жарыңыздың мамандығы қандай болғанын қалар едіңіз?