Сүйе ме, сүймей ме? Телефон соғу қажет пе, әлде күте тұру керек пе? Әлемде миллиондаған қыз осы сұрақтармен бас қатырады. Біз қымбат уақытын болмайтын жігітке жұмсамай, махаббатта жетістікке жеткісі келетін заманауи қыздарға жаңа заңдар жинағын үйретеміз.
Жігіттердің қыздың жүрегін жаулау принципінде ешқандай логика жоқ. Егер қыз ұнаса – ол әрекет етеді, ұнамаса – ештеңе істемейді. Сол себепті өзіңіз бірінші хабарласып, бар екеніңізді есіне салып, бір жерге шақырып, оның пікірін біліп, қайда жоғалып кеткенін сұраудың еш қажеті жоқ. Бұл ортағасыр ережелерін ұстанып, ешқайда шықпай, ешкіммен сөйлеспей, ақбоз атты ханзаданы күту керек дегенді білдірмейді, жай ғана өз құныңызды түсірмей, жігіттердің бос ақталулары мен сылтауларына ермей, жағдайды бақылауда ұстау деген сөз. Әрдайым өзіңізге деген сенімді жоғалтпай, өз-өзіңізді сыйлап, жақсы көрсеңіз дәл солай жауап беретін жігіт табылатынына сеніңіз.
Жігіттер әрдайым шынайы сезімін сізге айтып отырады. Тек оны тыңдап үйрену керек. Біз бүгін олардың бізге түсініксіз әрекеттерін түсіндіруге тырысып көреміз.
Сіз оған ұнамайсыз, егер..
Ықылас танытпаса
Жігіттер – жаулап алуға құмар. Олар дегеніне жеткенді қалайды. Және егер сіз оған керек болсаңыз, ол сізді міндетті түрде тауып алады. Сізді лайықты бағалай алатындай уақыт жеткіліксіз болды десеңіз, онда сіз оны лайықты бағалауға қанша уақыт жұмсағаныңызды ойлап көріңіз.
Достық қарым-қатынасты құртып аламын деп қорқады
Екеуіңіздің тамаша достығыңызбен тәуекелге барғысы келмейді. Бір жағынан түсінуге болады, бірақ іс жүзінде бұл сандырақ. Егер ол сізді шынымен жақсы көрсе оны бұл қарым-қатынас қанағаттандырмайтын еді. Немесе қорқады деу де шындыққа сай келмейді, жігіттің ең қорқатын дүниесі: қыз оған тіпті ұнамайтынын түсіндіру.
Жағдайды асықтырғысы келмейді
Кез келген ақталу – бұл сыпайы бас тарту. Егер сіз оған қызық болсаңыз, бірақ ол қандай да бір себептермен жағдайды асықтырғысы келмесе, онда ол сізге мұны анық айтады. Және осы уақытта сіз де одан алыстамағаныңызды қалайды. Оның шешім қабылдауына қанша уақыт кететінін, қандай шешім қабылдайтыны тағы белгісіз. Есіл уақытыңызды оның ойлануына құртқыңыз келсе, мархабат...
Сізді кездесуге шақырмайды
Егер сіз оған ұнасаңыз, онда ол сізбен оңаша қалуды армандайды. Сауық кештерінде достармен бірге бас қосу деген сияқты кездесулер ғашықтардың кездесуіне сай келмейді. Ұмытпасаңыз, кездесу – бұл ай астында қол ұстасып серуендеу немесе бірге кешкі ас ішу, киноға бару.
Бос уақыты жоқ
«Қолым бос емес», «жұмыс көп» деу – барлық қарым-қатынасты құртатын құрал. Әрине, жұмыс көп болуы әбден мүмкін. Бірақ тұтқаны көтеріп, бір минут сөйлесуге уақыт табуға болады ғой? Егер сіз оған ұнасаңыз, ол өзінің бар екенін сізге ескертіп, қалыңызды біліп қоюға уақытты қалай да табатынына сенімді болыңыз.
Сізге хабарласпайды
Мобильді технологиялар мен интернет дамыған заманда телефон сымы үзіліп қалыпты, бірлік салатын жер болмады деген сияқты сылтаулар өтпейтіні анық. Бұдан шығатыны: егер ол сізге хабарласпаса, демек ол сізді ойламайды. Егер хабарласамын деп уәде беріп, үшті-күйлі жоқ болса, басқа мәселелерге де осылай салғырт қарайтынына сенімді болыңыз.
Тұрақты қарым-қатынастан қашады
Ол сезімін бүгіп қалмай, әрдайым шынайы болуға тырысады. Бірақ әлі де үйленуге, байсалды қарым-қатынас құруға дайын еместігін айтып отырады. Демек, ол сізді болашақ жары ретінде елестете алмайды деген сөз.
«Сен - мендіксің» деп айтпайды
Бастапқыда бәрі көмескі және түсініксіз – бір жағынан сіз оның қызы сияқтысыз, бірақ нақты ештеңе айтылмайды және сіздің өміріңізде болып жатқан мәселелерге ол мүлде араласпайды. Тұрақты қарым-қатынаста жігіттер де, қыздар да ғашығының қамқорлығында екенін сезінгісі келеді. Ғашық жігіт сүйіктісінің тек оған ғана тиесілі болғанын қалайды және соны әрдайым білдіреді.
Көзіңізге шөп салады
Көзге шөп салу аяқ-асты болмайды. Бұл – тайып құлау сияқты оқыс жағдай емес. Егер ол жасырын түрде басқа қыздарға барып жүрсе, демек сізге деген сезімі тұрақты емес деген сөз.
Сізге үйленгісі келмейді
Некеге сенбеймін деген жігіттердің өзі бір күні үйленеді. Бірақ сізге емес. Өйткені оның «үйленуге дайын емеспін» деген сөзін «саған үйленбеймін» деп түсінген абзал. Сондықтан үйленетін жігітті басқа жақтан іздеуге кірісіңіз.
Ұшты-күйлі жоғалып кетті
Бәрі жақсы болатын, сіздер кездесіп жүрдіңіздер, тіпті болашақты бірге жоспарладыңыздар, бірақ бір күні ол ұшты-күйлі жоғалып кетті. Ғашығыңыз ес-түссіз ауруханада жатыр, есін жоғалтып алған, телефонын ұрылар алып кетіп, хабарласа алмай жатыр деген сылтауларды ойдан сызып тастаңыз. Негізінде ол мәселеден, түсіндіруден қашып, осы әрекетті дұрыс деп шешкен болуы керек. Мәселенің шетін шығарып берсеңіз, мұның ақиқат болып шығатынына сенімді болыңыз.
Әрине, шындықты білу әркімге оңай тимесі анық. Алайда «тәтті өтіріктен ащы шындық жақсы» деген қағида әр уақытта өзекті. Қанша ғашық болсаңыз да, бір уақыт сүйіктіңіздің ісіне назар аударып, өз қадіріңізді ұқтырып қойғаныңыз абзал. Және егер жігіт сізді лайықты сыйлап, құрметтесін десеңіз, өз-өзіңізді қолға алып, ең алдымен өзіңізге сүйкімді болыңыз. Жоғарыда көтерілген мәселелер, тәккаппарлық танытып, ешкімді менсінбеу дегенді білдірмейді. Тек өзіңізді қаншалықты сыйлап, қаншалықты құрметтейтініңізді айқындайды. Өз-өзін жақсы көріп, бағалайтын, керім мінезді аруға өзіне сай жігіт табылатыны анық. Бәрі өз қолыңызда!
Сурет: willywazza.com, chinadaily.com.cn, kuwaitiful.com
Дайындаған: Анар Мұстафина