Жігіттер үйленуінің себебі

Жігіттер үйленуінің себебі
Фото: Самат Калбаев

Кейбір бойдақ жігіттерге  «Неге үйленбей жүрсің» деген сауал жолдасаң, үйленетін қыз жоғын айтады. Ал қыздардан сұрасаң, не күледі, не ашуланған кейіппен жауап береді. «Қыз таппай жүрген» жігіттер бәрібір үйленеді. Өйткені, отбасын құру керек. «Үйлену керек» деген мақсатты көздеген жігіттер асығыс шешім қабылдағанына өкінгенін білдірмесе де, «жаман қатынның қайдан шыққанын» білмей дал болады.

Ал енді еркектер қауымы не себептен үйленетіні жөнінде сауалнама  қорытындысына сүйеніп, жігіттің әйел алуына түрткі болар себептерді топтастырайық.

Қанша жерден жасыруға тырысса да, еркектер тән қажеттілігін алға тартып  үйленеді екен.

Артынан ұрпақ қалдыру мақсатымен үйлену екінші кезекте тұр. Олардың қатарын сүр бойдақтар толықтыратын көрінеді. Бірақ, бала сүюге асығу – әйелдердің бойында жиі болатын қасиет. Ол әйелдер үшін – күйеуін жанында ұстап қалу үшін немесе өзін толыққанды бақытты сезіну үшін мақсат болса, еркектер үшін – ізін жалғау, ұрпақ сабақтастығы. Былайша айтқанда, бүгінгі күннің емес, болашақтың қажеттілігі.

Тұрмыстық жағдайының жинақы әрі дайын болғанын қалағандықтан үйленуге асығатын  жігіттер бар. Олар анасындай, пысық, үй қызметтеріне жатық қыздарды іздеп табуға тырысады. Алайда, бұл үйленуге ықпал болатын себептердің соңғы жағынан орын алуда. Қаражатты көп табатын еркектер үй қызметкерлерін ұстау арқылы да жайлылыққа жете алады. Негізінде, жігіттерге қарағанда, қыздардар тұрмыстық мәселелер жайлы көп ойлайды. Болашағында өзін, бала-шағасын асырай алатын, тамағын таба алатын, үйінің, мүлкінің бар болғанын қалайды.

«Қаласаң да, қаламасаң да, үйленесің» қағидасымен отау құратын жігіттердің отбасы керемет жарасым тауып кетуі мен екіге айрылу қаупі елу де елу.

Өз борышын өтеу үшін шаңырақ көтеру жігіттерді үйленуге алып келетін соңғы себептердің қатарын толықтырады. Олар әрине «анам шаршамасын, ата-анам немере сүйсін, әжем шөбересін көріп кетсін» деген сияқты адал ниетті іске асырумен жалғасып кете барады.

Ал жанына серік іздеп, жалғыз қалмаудың жолы – неке, үйлену деген себеппен отбасын құратындар асарын асап, жасарын жасап болған, қырықтың қырқасынан біраз асқан еркектерде болатын себеп. Сондықтан жас жігіттер арасында бұл ықпал соңғы орында.

Сауалнама барысында алынған жауаптардан мысалдар келтірейік

Жігіттер не себепті отбасын құрады?

Абай Асанкелді: Ең бірінші – адам жалғыз жүре алмақ емес. Мен үшін болашақ жарым менің досым, әрі сырласым болғанын қалаймын. Сондықтан мен үшін ең бірінші себеп  жаныма жақын адам табу, ата-анамның үмітін ақтап, бір келін апарып берсем деймін.

Абзал Сариев: Не үшін???? Амалсыз ұрпақты жалғастыру не байлығым жатқа қалмасын деген ойда емес, Жалпы өзімнің саналы ғұмырым басталғалы – өз балама (қызыма) мен үшін ең бастысы дұрыс адами ТӘРБИЕ беріп, оны АДАМ етіп шығару деген ниетте үйленермін!

Садық Шерімбек: Күніммен түнімді, қуанышым мен мұңымды бірге бөлісетін бір жанның болғанын, балаларымның болғанын қалаймын. Әрине, әзірге өз қажеттілігім үшін үйленем дегені емес, тамақты мен де жасай аламын. Табиғи қажеттілікті есепке алмағанда, жұптасып ғұмыр кешу, тіршілікті жалғастыру – өмір заңдылығы, Алланың бұйрығы. Болашақ әйелім махаббатым емес, бұрыннан жақсы түсінісетін, жанашыр дос қызым болса, керемет болатын еді.

Алдан Жылгелдi: Өмірде қандай да болса тұрақтылыққа талпынудан туындаған үрдіс болса керек…

aikarakoz.kz

@. @assel_assanova