- Негізгі бет
- Психология
- Жігіттер сұлу қыздардан...
Жігіттер сұлу қыздардан не үшін қорқады?
Кейбір жігіт батыл, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсы болса да, ұзақ уақыт бойы өзіне ұнаған қызбен танысуға жүрексінеді. Достарының ортасында көңілді жүріп, сөзі де өтімді болып, әрдайым бірінші болуды жөн көрсе де, бәрібір таныса алмайды. Осы секілді қыз алдындағы қорқыныштар психологиялық деңгейде түсіндіріледі.
Жігіттер сұлу қыздардан неге қорқады?
Бірінші кезекте кез келген жігіт менімен таныспай қояды ма деп қорқуы мүмкін. Яғни таныспай қойған жағдайда өзінің дәрежесін түсіргісі келмейді. Дәл осылай «жігіттік намыс» өз рөлін атқарады. Әрбір жігіт басшы болуды, қыздардың алдында дәрежесінің жоғары болуын қалайды. Алайда ұсыныстары жауапсыз қалса, жағымсыз эмоциядан арыла алмауы мүмкін.
Екіншіден, шынымен де әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының төмен болуы. Ата-анасы «жат жұртқа жаралған жалғызым» деп алақанына салып аялап отырған қыздың қымбат әшекейлерін, косметикасын, бағалы киімдерін көрген жігіт өзін оған лайық еместей сезінуі мүмкін. Артынша біраз уақыт өзінің отбасымен салыстырып жүреді.
Үшіншіден, оның жігіті бар ма деген ой келуі мүмкін. Өзі сұлу, өзі көркем, сымбаты да келіскен, сөйлеу мәнері де ерекше. Осындай қыздың жігіті болмауы мүмкін бе? Тым құрығанда жүрегін жаулап жүрген бір ханзадасы бар шығар деген қорқыныш болады.
Төртіншіден, жігіттің өзіне деген сенімсіздігі. Ол сенімсіздігі талғамы мен көлігінің, қымбат сағаттарының жоқтығы, киімінің арзандығымен байланысты болуы мүмкін. Яғни, өзімнің сыртқы келбетім оған лайық емес деп ойлайды.
Ең соңғы және бесінші қорқыныш – интеллектуалдық деңгейім сәйкес келмейді деп ойлау. Өткеннен хабары бар жігіт ғұламалардың барлығы ер адам болғандығын біледі де, қызының өзінен ақылдырақ болғанын қаламайды. Осылайша өзінің сүйгенінен біржолата бас тартады.
Осы қорқыныштардан қалай арылуға болады?
Осылардың ішіндегі ең үлкен қорқыныш өзіне деген сенімсіздікпен байланысты. Ал сенімсіздік дегеніміздің өзі не? Оның жауабын әлі ешкім тексеріп көрмеді. Ол әлі сұрап, біліп те үлгермеді ғой... Жәй ғана сырттай болжам жасап, бірнеше нақты деректі келтірді. Артынша қол қусырып өз жөнімен кетті. Сол себепті қандай жағдай болмасын, күш-жігерді жинап, бірінші қадам жасап көру керек. Осы алғашқы қадамның арқасында ғана көптеген күдікті ойдан арыла аласыз. Жолыңыз болып жатса, оған ары қарай ұнаудың амалын да таба жатарсыз. Қалай десеңіз де, сыртқы көрініс, көп ақша, ЖОО-дағы ең қымбат білім өзіңізге деген сенімділікпен, батылдықпен, күшіңізбен, ер жігітке лайық намысыңызбен теңесе алмайды.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: вк желісінен
Қ. Бүйенбай