Жігіттер мен қыздар қалай күледі?

Адам баласының мінезін жасаған қылықтары мен сөйлеу мәнеріне қарап анықтаймыз. Алайда бұл жалғыз тәсіл емес. Әрқайсымыздың жеке өзімізге ғана телінетін қимыл-қозғалыстарымыз бар. Бұл күлу мәнеріне де қатысты. Сіздің қатты дауысыңызды шығарып немесе ақырын күлуіңіз мінезіңізге байланысты.

1. Күлген кезде саусағыңыздың үстіне еріндеріңізді қоясыз ба? Егер ия деп жауап берген болсаңыз...

Сіз әрдайым өзіңізді нәзік етіп көрсетуге тырысасыз. Көпшіліктің назарында боғанды ұнатасыз.

2. Аузыңызды жауып алып күлесіз бе? Егер ия деп жауап берген болсаңыз...

Сіз әлсіз жансыз. Өзіңізге деген сенімділігіңізді жоғалтқансыз. Үнемі ұялып, көпшіліктің көзіне көрінбеуге тырысасыз. Әрі өзіңізге айтылған сындардың барлығын дұрыс деп қабылдап дәрежеңізді төмендетесіз.

3. Күлу барысында басыңызды жоғары-төмен сермейсіз бе? Егер ия деп жауап берген болсаңыз...

Көп жағдайда айналаңыздағылардың айтқандарына сенесіз. Тіпті, бірінші рет кездесіп тұрған адамыңызға сеніп қалуыңыз мүмкін. Шешімді ақылмен емес, жүрек қалауымен таңдайсыз. Алайда ақылыңызға сенгеніңіз дұрыс.

4. Күлген кезде қолыңызды бетіңізге немесе басыңызға тигізесіз бе? Егер ия деп жауап берген болсаңыз...

Сіз қиялға берілгіш, фантазиясы мықты адамсыз. Бірақ, өмір бойы арманмен ғана өмір сүруге бола ма? Олар қашан мақсатқа айналады? Өмірге реалды көзқараспен қарағаныңыз жөн болар.

5. Күлген кезде мұрныңызды тыржитасыз ба? Егер ия деп жауап берген болсаңыз...

Сіз өмірге деген көзқарасыңызды жылдам өзгертіп отырасыз. Эмоцияға берілгіш, отбасында ерке адам болуыңыз мүмкін. Өзіңіз бен айналаңыздағыларға қиындық тудыруда алдыңызға жан салмайсыз.

6. Қатты әрі аузыңызды ашып күлесіз бе? Егер ия деп жауап берген болсаңыз...

Сіз темпераментті тұлғасыз. Аздаған сабыр мен ұстамдылық көмектесер еді. Жұртты аузыңызға қаратып тыңдата білесіз және өзгелерді тыңдай білесіз.

7. Басыңызды салбыратып, ақырын ғана күлесіз бе? Егер ия деп жауап берген болсаңыз...

Жаңа ортаға жылдам бейімделетін, жаныңыздағыларға әрдайым мейірімді, намысқой жансыз. Сезіміңіз бен әрекеттеріңізді бақылай аласыз. Ешкімді ешқашан, еш жерде ренжітпейсіз.

8. Күлген кезде иегіңізді ұстайсыз ба? Егер ия деп жауап берген болсаңыз...

Өзіңіз кәрі болсаңыз да, жүрегіңіз жас. Балалықтан әлі де айырыла қойған жоқсыз. Мүмкін ойланбастан әрекеттер жасауыңыздың себебі осы болар.

9. Күлген кезде кірпіктеріңізді жылдам қозғалтасыз ба? Егер ия деп жауап берген болсаңыз...

Бұл ақылыңызды, өзіңізге деген сенімділігіңізді көрсетеді. Алдыңызға қойған мақсатыңызға жетпей қоймайсыз. Кейде шектен шығып кететін сәттеріңіз де болады.

10. Өзіңіздің қалай күлетініңізді білмейсіз бе немесе белгілі бір күлу мәдениетіңіз жоқ па? Егер ия деп жауап берген болсаңыз...

Өзіңіздікі қате болса да, оны дұрыс көрсету үшін барлығын жасайсыз. Бұл айналаңыздағыларға ұнамауы мүмкін.

Осылайша достарыңыздың қандай адам екендігін анықтауыңызға болады. Енді жігіттердің күлкісін байқап көрейік:

1. Күлкісін тыйып отыратын жігіттер. Айтылған қызық әңгімеге күлкісі келсе де, өзін ұстап, аузын басып отырады. Бұндай жігіттердің ашуына тию қиынға соғады. Ғашық болса, құлай сүйеді. Оған барынша сенім артуға болады. Алайда оған да демеу болатын адам керек.

2. Күлген кезде шалқайып, көзін жұмып алатын жігіттер. Бұндай жігіттер өмірден рахат алуды біледі. Өкінішке орай, айналасындағыларды пайдаланғанды жақсы көреді.

3. Аузын ашып, шынайылық танытып күлетін жігіттер. Олар рахат сезіміне бөленуде. Демалыс кезінде таптырмас серік. Алайда сөзшең қыздар бұл жігіттерді жалықтырып алуы мүмкін. Кейде дөрекілік танытуы да ғажап емес.

4. Күлкісі құпияға толы жігіттер. Бұл жігіттердің арам ойлары бар. Әсіресе, ернінің оң жақ ұшын көтеріп күлетіндер. Ал беттің оң жақ бөлігі еркіндікке жауап береді. Көзіңізге тік қарап отырып өтірік айтуы мүмкін.

5. Күлгенде ерні жүрекшеге ұқсайтын жігіттер. Ернінің сол жағымен күлгендігі сүйкімді көрінеді. Ондай жігіттерді кездестірген қыздар нағыз бақытты жандар. Адамның сол жағында жүрек ғана емес шынайылық орналасқан. Жасандылық таныту мүмкін емес. Яғни, бұл - шындықтың нышаны.

6. Күлген кезде жанындағылардың тізесінен қағатын жігіттер. Өзіне көңілі толмайды. Бойымда кемшіліктерім жетерлік деп ойлайды. Өзіне ұнамаған жерде бірден ашуланып шыға келеді.

7. Қиналып күлетін жігіттер. Бұндай жігіттердің еріндері күлсе де, көздері сол қалпында қалады. Ол ұялшақ немесе сіздің мезі еткеніңізді айта алмай отырған жігіт.

Ал сіз қалай күлесіз?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет:liveinternet