Жігіттер ешкімге ашпауы тиіс құпиялар

Жігіттер ешкімге ашпауы тиіс құпиялар
Фото: massaget.kz

Адамның ешкімге тіс жармай, ішінде ғана сақтайтын құпиялары болу керек. Бұл сіздің алға қарай адымдап, жоспарыңыздың жүзеге асуына көп көмегін тигізеді. "Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге кетер" демекші, бірде болмаса бірде, айтқан сырыңыз досыңыздың ауызынан шығып кетуі мүмкін. Мұның барлығы тек мақсатқа жетуіңізге кедергі келтіруі мүмкін.

Неге десеңіз, айналаңыздағы адамдардың барлығы бірдей жақсылық ойлай бермейді. Егер идеяңыз ауқымды, талабыңыз таудай болса, онда байқамай жүрген дұшпандарыңыз тіптен көп. Мәтінді қайта оқығанда эгоистік шешім деп қарауыңыз мүмкін. Өйткені сіздің жақын досыңыз, сүйіктіңіз, сенім артар ағаңыз бар. Оларға айтпасаңыз ішіңізге сыймайды. Бұл сіздің осы уақытқа дейін бастан кешіп келген жағдайыңыз. Күнделікті біркелкі өміріңізді өзгерткіңіз келсе, онда жүрегіңізге сақтар кішкене құпияларды ішіңізде алып қалғаныңыз жөн. Ол мынандай құпиялар.

Жоспар. Егер сіздің осы уақытқа дейін жоспарлаған мақсаттарыңыздың 80 пайызы орындалса, сіз шынымен бақытты адамсыз және маңайыңызда сенімді жандар жетерлік. Бірақ, өмір қатал. Бүгінгі кемедегі достарыңыздың барлығы адал деп, ертеңгі кездесер жандарға сене берудің қажеті жоқ. Қарапайым мысал: Сіз өзіңізге велосипед, ноутбук, мотоцикл немесе көлік аламын деп ақша жинай бастайсыз. Қаражатты жинап жатқаныңызды жаныңызда жүрген жандар жақсы біледі. Сіз өйткені оларға өзіңізге сенгендей сенесіз. Кенет, керек қаражатқа жетуге сәл ғана қалғанда, біреу сізден қарызға ақша сұрап келеді. Жоқ десеңіз, алдағандай боласыз, берейін десеңіз мақсатыңыз сәл кейінірек орындалады, бермесеңіз сенім артқан досыңыз ренжиді. Әрине көп адам дәл осы жағдайда аянып қалмасы анық. Ал шеті шыққан ақшаның амалы табылып босқа жаратылып кететінін де естен шығармаңыз. Қарыз қайтады уайымдамаңыз, бірақ сәл кейінірек, бір жоспарыңыз осылай күл-талқан болады. Сондықтан кейбір жоспарды орындалғанша тіс жармай ұстауға тура келеді. 

Ақша. Сіздің қанша табатыныңыз ешкімге маңызды емес. Сұраған адам жай ғана өзінікімен салыстырып немесе әзілге айналдыру үшін сұрайды. Сенің ақшаң – сенің жеке жұмысың, оған ешкімнің таласы болмауы керек. Кейде досыңыздан артық тапсаңыз сыйластықтарыңызға сызат түсіруі мүмкін. Жалпы көпшілік ортада ақша туралы әңгімеден өзіңізді аулақ ұстағаныңыз дұрыс.

Жеке өміріңіз. Жігітке ең көп қойылатын сұрақ жеке өміріне қатысты болады. Қызың бар ма? Неше жыл жүрдің? Қашан үйленесіңдер? Айырылысып кеттіңдер ме? Бұл сұрақтар қалыпты болса да, отау құрғанша артыңыздан қалмайды. Мүлт кетсеңіз әзілдеп, өздерінің сіз секілді ақымақ емес екеніне тәубе қылады. Сіздің шамбайыңызға тиетіні болмаса, аса көмек беретініне ешкім сенбейді. Сондықтан жеке өміріңізді жария етудің қажеті жоқ. Барлығы ішіңізде қалғаны дұрыс.

Қорытынды. Бұл мақаланы оқи сала өзіңізді тәрбиелеп, ешкімге тіс жармай, барлығын бірден дұрыс жасайсыз деп айта алмаймын. Өмір сынақ болғандықтан болашақта қандай болатынын ешкім білмейді. Тек адамдар кезекті сүрінуден сабақ алып барып түзелетін болады. Ал, кішкене қағида үлкен сүрінудің алдын алатытын жадыңыздан шығармаңыз. 

B. ZHAQSYMBET