- Негізгі бет
- Психология
- Жігіттер армандайтын мамандық...
Жігіттер армандайтын мамандық
Бала кезде кім болуды армандағаныңыз есіңізде ме? Жылдар өте келе ойыңыз өзгеріп, қызығушылығыңыз басқа арнаға бұрылған болар. Ал қанша уақыт өтсе де өзгермейтін нәрселер болады. Мысалы жігіттер автокөлікке, қыздарға, қару-жараққа, ойындарға, адам айтқысыз күшке ие болуға құмартуы басылмайды. Ал осындай қызығушылығы үшін ақша төлейтін болса ше?
Фотограф
Ұзын тұмсықты фотомылтығыңызды алдыңыз да, шүріппесін шырт-шырт бастыңыз, сол үшін сізге ақша төлейді. Әлемде оп-оңай жұмыс жоқ, әр істің қиыншылығы болады, дегенмен, қиынынан қызығы басым екені анық. Тек қолға алған кәсіптің көзін таба білсеңіз болғаны.
Кәсіпкер
Жолы болғыш фотографқа қарағанда, ісі өнімді кәсіпкер болу әлдеқайда қиынырақ. Бірақ, бір кіріссеңіз өкінбейсіз. Оған «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Қай іске де өзі қожа, өзі би. Жұмысқа келу-кету кестесін өзі құрады. Жұмысқа кешіккені үшін ешкімнен сөгіс естімейді.
Өрт сөндіруші
Өрт сөндіру қызметі – ерлерге арналған классикалық мамандық. Оған кез келген адам бас иеді. «Қызды – оттан» деген сөзі әлі күнге адамдардың аузынан түспей жүрген жарнама есіңізде шығар. Қауіптілігі мен қиындығына қарамастан, қыздар өрт сөндіруші киімімен жүрген жігіттерге тәнті болады. Өрт сөндіру қызметінде жұмыс істейтін жігіт қыздарды бейжай қалдыра алмайды.
Ұшқыш
Барлық қыз өз сүйіктісін ұшқыш формасымен көргісі келеді. Сенбесеңіз, тексеріп көріңіз. Ұшқыштарды барлығы құрметтейді. Әлемнің түкпір-түкпіріне саяхат... Үнемі жаңа таныстық... Жерге ең биіктен қарау... Бұлттардың арасы... Бұл кімге ұнамайды?! Ең бастысы, сүйген қызын ұшақпен қыдырта алады.
Пейнтбол қызметкері
Ер адамның көпшілігі «атыс» десе, ішкен асын жерге қояды. Видеоойындарда, пейнтболда, тирде қару-жарақ қолдануға мүмкіндік көп. Ал жігіттер мұны өте жақсы көреді, бәрінен артық бағалайды. Сондықтан олар үшін пейнтболда жұмыс істеу – ең дұрыс шешім.
Сарбаз
Эх, әскери мамандар... «Ұпай» жинау және тәуекел ету тұрғысынан бұл қызмет қыздардың көзімен өрт сөндірушілерден бір кем емес. Отанды қорғайтын, «қайтпас қайсар қалайы солдаттай» қасқайып шекарада тұратын сарбаздың қоғамдағы орны мақтауға лайық әрі оны бәрі мойындайды. Әскери қызметтің қай саласында істесеңіз де, беделіңіз төмендемек емес.
@. @assel_assanova