- Негізгі бет
- Психология
- Жігітті жігерлендіру: үйленіңіз!...
Жігітті жігерлендіру: үйленіңіз!
Үйленіп, үй болу – әрбір адамның парызы. Парызды өтеу жолында екі жақ ұрпақтар сабақтастығын жалғастырады. Бірақ қазір өз міндеттерінен қашып, «дайын емеспін» дейтін сылтауды көп айтатын қыз-жігіттерді көріп жүрміз. «Жалғыз жанға жан үйірмес» деген қазақтың сөзінде жан бар. Себебі жалғыз жүріп өзіңізді ғана ойлайсыз. Біреудің жауапкершілігін өз мойыныңызға алып, қайраттылық танытпасаңыз, сіздің жігіттік намысыңыз қайда?
Үйлену – жігітті жігерлендірудің жолы
Үйлену – аяққа тұсау түсіп, бір қыздың тағдырын өмір бойы арқалап өту емес. Үйлену – өмір сүрудің күрделі формасы. Қиындықты да, қуанышты да жалғыз бөліспей, біреумен бөлісу – бақыт.
Үйленсеңіз...
Сіз ер-азамат ретінде отбасын құратын қызбен ең алдымен танысып білесіз. Мінезін, қасиетін, кемшіліктерін қарайсыз. Ол сіздің жарыңыз болуға "лайық па, жоқ па" деген сұраққа жауап іздейсіз. Өмірде идеал адам болмайды. Бірақ көңілге қонымды, жүрекке жақын келетін адам өзі-ақ кездеседі. Сол күн туған кезде үйленуден қашпаңыз.
«Дайын емеспін», «жағдай жасап алайын» дегеніңіз сылтау ғана. Сіз жалғыз жүріп ешқашан дайын болмайсыз, жағдай да жасамайсыз. Ең дұрысы сіз де, ол да албырт сезіммен жүрген шақта бас құрап екі жарты бір бүтін болыңыз.
Үйленсеңіз...
Жалғыз жете алмаған жетістікке жетесіз. Себебі қабырғаңызбен ақылдасасыз. Біреуден екеу жақсы. Ол ғана емес, сүйенер және сенетін адамыңыз болған кезде жетістікке жету оңай болмақ. Қасыңыздан сізді қолдаушы табылса, сізге жігер берсе, сіз намысты сырып қойып, артқа жүрмейтініңіз анық. Сондықтан шешімді дер кезінде жасаңыз.
Үйленсеңіз...
Бәрі болады. Қалаған арманыңыз да мақсатыңыз да орындалады. Себебі сізбен жаяу жүре білген қыз сізден үлкен ештеңе талап етпейді. Ал сіз оны сүйсеңіз, отбасылық өмірдің бір бөлшегі деп көлік алуды, үй салуды мақсат тұта аласыз. Жалғыз жүріп алуға ниеттенбес едіңіз. Себебі сізді іштей намысқа итеретін адамыңыз жоқ. Сіз жігіт бола тұрып сүйгеніңізді бақытты ете алмасаңыз, барын алып бере алмасаңыз намыстанасыз. Ал бұл сізді жігерлендірудің ең қарапайым және ашық түрі.
Үйленсеңіз...
Береке болады. Жалғыздықта басыңыздан тая беретін бақ бұл жолы орнайды. Олай дейтініміз, сіз ол үшін бәрін жасай алсаңыз, ол сіз үшін бәрін жасайтын болады. Себебі үй болу дегеннің өзі – теңдік. Біріңді-бірің сүйеп, екі жақты ой айтып бір шешім жасайсыздар. Ал бұл береке емес деп айта аласыз ба?
Үйленсеңіз...
Ұлтты сақтайсыз. Жалғыз жүріп жан айғаймен ештеңе бітіре алмайсыз. Ел үшін, мемлекет үшін мүдделі бір мақсатқа жеткіңіз келсе, үй болыңыз. Ұрпақ жалғастырып, жақсы әке, жақсы тұлға болып қалыптасыңыз. Баланың анасын сыйлай отырып сіз ұлтты сыйлайсыз, ұлт үшін еңбек етесіз. Әлеуметтік мәселеге айналған демографияның бір бұрышын сіз келіп толықтырдым деп есептеңіз.
Үйленсеңіз...
Қуаныш сыйлайсыз. Жалғыз жүріп жапанның жаңсақ әлеміне еніп кеткенше, бірге болып бір өмірдің баспалдағын басыңыз. Әрбір басқан баспалдағыңыз сізге қуаныш сыйлайды. Ең бірінші ата-анаңызға, одан кейін сүйгеніңізге.
Үйленсеңіз...
Жауапкершілік жолындағы жанкештілікті бастан кешу арқылы сіз жігерленесіз. Аяқтан тұруға ұмтыласыз. Намысқа тырсып бәрін азамат ретінде өзіңіз шешуге асығасыз. Ең бастысы екі жақтың бір арнада тоғысып барып өмір сүруі, махаббат бекетінде қол ұстасып, тағдыр автобусын күтудің өзі, сіз жалғыздықта ойлаған: ақша, үй, көлік, жағдай деген сылтаулардың бәрін жолда қалдырады.
Үй болыңыз, үйленіңіз. Нағыз өмірдің мәні де сонда жатыр.