Жігітке ұнап қалу, көңілінен шығу қиын емес. Ал оның жан сарайын түсініп, тілдесе алу әр қыздың қолынан келе бермейді. Мына сөздерді естігенде жігітіңіз сүйсініп, жақындығыңызды сезінеді.
"Менімен кез келген уақытта сөйлесе аласың"
Бұл үйреншікті сөз болса да, ашық әңгімелесуге дайын екеніңізді көрсетеді. Ал ашық, шыншыл сөйлесе білу - жақсы қарым-қатынастың кепілі.
"Жас кезіңде қандай едің?"
Өзінің жетістіктері жайлы ғана емес, сонымен қатар жас кезінде жасаған қателіктері, сәтсіздіктері жайлы айта алса, ол сізге толықтай сене бастайды.
"Менің ойымша, бұның себебі мынада..."
Туындаған тақырып жайлы ойыңызды айтыңыз, өз көзқарасыңызды білдіріңіз. Сіздің ашықтығыңыз жігіттен де соны талап етеді.
"Бала кезде қандай едің?"
Бала кезде қандай ойын ойнап, қандай бұзықтық жасағанын сұраңыз. Балалық шақ, ата-анасы жайлы әңгіме қозғаңыз. Алайда балалық кезден қалған ауыр тақырыптарды бірден қозғамаған жөн.
"Бүгін ешқайда бармай, жәй серуендеп келейікші"
Әр демалыс сайын кино, театр, мейрамханаларды аралайсыздар ма? Көп жағдайда бос уақыт бола қалған кезде біз бір жерге шығуға асығамыз. Үйде қалсақ, маңызы зор дүниені жіберіп алдық деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде өмірдің кереметі - біз бар жерде. Осыны түсіну үшін бір демалыс үйде қалып, не бірге қала көшелері бойымен серуендеп келіңіз.
"Мына жемпір өзіңе жарасады екен"
Бірнеше комплименттің жиынтығы. Біріншіден, оның сымбатты екенін айтасыз, екіншіден, талғамын мақтайсыз. Жалпы қыздарға ғана комплимент ұнайды деп кім айтты?
"Жиналыс қалай өтті?"
"Күнің қалай өтті?", "Жұмыс қалай?" деп сұрағанша, нақты сұрақ қойыңыз. Оның жиналысы болатыны жайлы есте сақтағандығыңыз оны ойлап жүретіндігіңізді көрсетеді.
"Өзіңді он жылдан кейін қалай елестетесің?"
Өткен жылдар мен болашақ жайлы әңгіме - міне рухани жақындасу жолдары. Бірақ той мен екеуіңіздің ортақ болашағыңыз жайлы емес, жігіттің өзінің армандары мен мақсаттарын сұраңыз. Оның қандай жол ұстанып, қандай бағытқа қарай кетіп бара жатқанын білетін боласыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: vk.com