Танысу. Тілдесу. Ұнату. Жақсы көру. Махаббат. Адалдық. Осы тізбек жол ғана қос ғашықты махаббаттың мұрагері атандырады. Бірақ басы тәтті басталып, аяғы айырылысумен аяқталатын жайттар да кездеседі. Қыз жүрегін жауламақ боп, гүл сыйлап, серуендеуге шақыратын, көңілден шыққыш жігіттердің жарты жолда кенет өзгеріп кететіні қалай?
«Біз танысқан сәтте ол мүлдем басқа болатын. Мені жиі отырыстарға шақырып, себепсіз сый беретін. Қазір ол түбегейлі өзгеріп кетті» деген аруларымыздың назын көп естейміз. Кеше «сүйем» деген жігіттің бүгін теріс айналып, қашқақтауы неліктен? Егер сіздің де басыңызда осындай жайт болса, әрине, ең әуелі оның таңдауы басқаға түсті деген күпті ой мазалар еді. Ендеше, жігіттердің басқаға көзі түссе, не сізден жалықса, қандай әрекеттерге баратынын сараптап көрелік.
Мінезінде өзгеріс байқалып, ашуланшақ болады. Сіз не айтсаңыз да ол барлығын өзіне тағылған айып санап, шабуыл жасайды. Әңгімеңіз жай диалогтан басталып, соңы дауға ұласады. Мұндай жағдайда оларға «тыныштық керек» деген сылтаумен телефонын өшіріп, мүлдем жыраққа кеткенді жөн санайды. Бұл да сізбен тілдеспеудің бір амалы боп есептеледі. Бос уақытын сізге емес, басқаға бөлгенді жөн санайды.
Сөзге келіп қалған жайғдайда бұрынғыша кешірім сұрап, жұмсақтық танытпайды. «Жақсы адамның ашуы – шай-орамал кепкенше» демекші, сіз ұнататын жақсы адам бұрын тез ашуанып, тез басылатын. «Қателік екеумізде де бар» деп, кешірім сұрап, мәселені жылы жауып қоятын. Ал қазір өзгеше. Керісінше, өзіңізге бар жаланы жауып, достасуға ниет білдірмейді. Өзіңіз иілсеңіз де, оның кешірім беруі екіталай.
Сіз оны қызықтырмайсыз. Мәселен, бұрын сізге сағат сайын телефон соғып, қал-жағдайыңызды білгісі келсе, бүгінде одан мүлде хабар жоқ. Оның хабарламалары жылы сөздерден тұрып, сізге мейірім танытса, енді бүгін қысқа да нұсқа бұйрық сипатында ғана жазылады.
Бірге қиялдап, келешекке жоспар құрмайды. Кеше ғана болашаққа жоспар құрып, өмірдің кереғар ағысына қарсы бірге тұрамыз деген қамқор жігіттің ендігі жауабы «оны уақыт көрсетеді» дегенмен шектеледі. Сізбен тілдесуді қысқартып, қашқақтай бастайды.
Қорғану саясатын ұстанады. Телефонға біреу қоңырау шалса, оңаша қалуды көздейді. Ал бір бөлмеде отырсаңыз қылтимаға шығады, көшеде жүрсеңіз екі-үш аттам озып, жырақтап жүреді, енді бірде сізді күттіріп, басқа жерде сөйлеседі. Және жеке дүниелерін тығып, көрсетпеуге тырысады. Психологтардың айтуынша, қашқақтап, қорғанатын адамның санасында жасырын, жұмбақ дүниенің бары анық. Жігітіңіз сырын бүгіп, сізді алдап жүргені сізге бірден білінуі тиіс.
Қызғаншақтық байқалады. Өзінің таңдауы басқаға түскен соң, сізден де күмәндануы мүмкін. Ұялы телефон, әлеуметтік желіде барлық хабарламаларыңызды, жазбаларыңызды қатаң қадағалап, әр нәрсеге тиісуі ықтимал. Бұған дейін мақтау айтқан киімге, жағылған бояуға кенеттен сын айтылып, талғамынан шықпайтынын ескертеді. Сіздің әр ісіңізге, сөзіңізге көңілі толмайтынын аңғартады.
Өзіне аса мән береді. Кездесуге шыққан сәтте ыңғайлы киінуді жөн көретін жігітіміз енді, жиде, шалбар секілді сәнді киімдерге көзі түсе бастайды. Әтірді мейрам сайын сіз сыйласаңыз, бүгін өзі барлығына кірпияз қарап, мұқияттылығы артады. Немесе бұрын көлігін жудыруға сіз көндірсеңіз, енді сізсіз-ақ өзі күнде жудыртады. Спортзалға жиі барып, сымбатына да көңіл бөлуді жөн санайды.
Талғамы өзгеріп, өзгеше ой түйеді. Ол бұрын тек шетелдік әндерді тыңдаса, қазір қазақ әндерін де аздап тыңдайтынды шығарды. Кешегі пікіріне бүгін қарсы шығып, әңгімені айналдыратын кездері де болады. Бірге ұнатып көрген киноның, оған еш мәні болмай, өмірінде көрген нашар кинолардың қатарына қоса салуы әбден мүмкін.
Сіздің мейіріміңізге зәру емес. Қанша хабарласып, қамқор болам десеңіз де, өз шекарасына өткізбейді. Ол үшін қандай әрекет жасасаңыз да, елеусіз қаласыз. Телефон шалса, қолы тиейтінін айтып, қайда екенін сұраса сенбейді деп айыптап, сезімге саңлау салады.
Міне, егер жігіт сүіктісін қажет етпей, махаббатын сақтай алмаса, нендей қылықтарға баруы мүмкін. Сондықтан сезім атты зәулім сеңгірді құрмас бұрын, іргетасын сенім мен адалдықтан құрау керек. Қос ғашықтың арасын жақындатып, жырақтататын да осы күш.