Жігіт пен қыз көңіл жарастыра бастағанда бір-бірі жөнінде не «өзім өзгертіп аламын», не «барлық кемшілігімен қабылдай аламын» деген ойда болады. Бірінші нұсқасын қарастырып көрейік.
Кез келген жігіт өзін әрдайым тәуелсіз сезінгісі келеді. Оның бойынан сізге ұнамайтын болмашы кемшіліктер байқадыңыз дейік. Ол жақсы болсын деп түзеткіңіз келетін ниетіңізді теріс түсініп, кикілжің туындамас үшін, сөзіңізді дұрыс жеткізе біліңіз. Ол – еркек. Намысына тиіп кетпеңіз.
Достарынан бөліп алмаңыз. Иә, адамға бірге жүретін ортасының әсері өте көп. Ол жолдастарына еріп зиянды әдеттерге баратын болса, ажыратып алуды ойыңызға да алмаңыз. Жігіттердің достығы қыздарға қарағанда әлдеқайда берік әрі адал. Достарын жамандап, арасын алшақтатқаныңыз жігітіңізге де, сізге де абырой әкелмейді.
Талғамы өзгерсе... Жігітіңіздің өмірін қазіргіден жақсы арнаға бұрамын деп жүріп, түбегейлі өзгертіп алмаңыз. Таңдауы мен талғамы өзгеріп кетсе, соңында сізден де бас тартуы ғажап емес.
Зиянды әдеттер аумалы-көшпелі екенін есте ұстаңыз. Жағымсыз әрекеттерден бойын аулақтатып, өзгерте алсаңыз жақсы, әрине. Бірақ күндердің күнінде бұрынғы қалпын қайталауы әбден мүмкін. Кез келген жағдайға дайын болыңыз. Абзалы, дәл осы қалпын, кемшіліктерін де өзіндей сүйе білгеніңіз жөн.
Толықтай еркіндік беріңіз. Ер адамдар еркіндік үшін жаралған. Отырған-тұрғанын, басқан қадамын санап, «қайда барасың?», «қашан келесің?» деген сұрақтар тез мезі етеді. Қанша байлап-матап ұстасаңыз да, ол дегенін істейді. Сондықтан толықтай өз қалауымен еркін өмір сүруіне кедергі келтірмеңіз. Сонда сізге деген махаббаты артық қадам басуына қалқан боп тұрады.
Сүйген адам бәріне көнеді. Әр жаманның бір жақсылығы болады. Маскүнеммен де, нашақормен де бір шаңырақ астында қырық жыл бойы тұрып жатқан адам қаншама?! Оларды тырп еткізбей жіпсіз байлап отыратын – махаббат. Сезім шынайы болса, не күн туса да төзуге болады.
Аппақ қардай кіршіксіз махаббаттарыңыз еріген кезінде мөлдір судай сыйластыққа айналып, мәңгілік сылдырасын!