Ғашық болу ұғымына қыз бен жігіт бірі қарамай, бірі армандап өтуі деген анықтама берсе де болғандай. Әңгіме сүю сезімінен бөлек, «ғашықтық» жөнінде екенін ұққан шығарсыз.
Қазақта ежелден «Қыз сүйсе қалады, жігіт сүйсе алады» деген сөз бар. Себебі «қыз» деген атаудың өзі махаббаттағы паңдықты, жігіт алдындағы тәкаппарлықты көз алдымызға келтіреді. Қазіргі қоғамда осы қасиетті атты лайықты арқалап жүре алмай, ұнатқан жігіті үшін абыройдан аттап, барлығын да құрбан ететін қыздарымыз табылады.
Отбасылы не уәделескен қалыңдығы бар кісіге көз салмайтынымыз секілді, кез келген жігітке қатысты жүректің әмірі мен ақылдың талабын қатар ұстауымыз шарт.
Жігіт тарапынан сәл де болса ұшқын байқалмаса, мойын бұрып та қарамаңыз. Өзіңізге немқұрайлы жігітті ұнатып қалмас бұрын, оның сезімін санада сараптаңыз.
Бірінші өзіңіз ғашық болып қалсаңыз, іштей тынып жүре алмайсыз. Ешкімге тіс жармадым деген күнде де, көз – жанның айнасы, ол ештеңе жасыра алмайды. Сенімді адамдарға ғана сыр ашқан болсаңыз, ол сөз ғашығыңызға қай жолмен жеткенін де бағамдай алмай қаласыз.
Ал ұнатқан адамыңыз сіздің ойыңызды сыртқы тарап арқылы білсе, бәрі де бітті дей беріңіз. «Қыз» атауын қадірлейтін, өз өзіне құрметпен қарайтын азамат «өзі келіп тұрған» қызды еш қабылдай алмайды.
Бұрын оның ойындағы идеал болсаңыз да, дәл сол сәтте мызғымас бейнеңіз оның көз алдында қайта құрастырылмас шыныдай қирап қалады. Бұрын жаңа пісіп уылжып тұрған жемістей көрсеңіз, енді не сөлі жоқ, не нәрі жоқ, не дәмі жоқ, солғын жемістей елестетеді.
Егер назар аударған жағдайда, бір ғана ой себепші болуы мүмкін: жұлып алып, бір иіскеп, лақтырып тастайтын гүл бейнесі.
Өзіңізді қанша жақсы көрсеңіз де, дәл маған оңбағандық жасауы мүмкін емес деп ойламаңыз. Себебі оңтайлы орайын күтпей, әу баста қате қадам басқан – өзіңіз.
Өзі сезімін білдірген жігітке көңіліңіз ауып тұрса да, біраз уақыт сыр бермеңіз. Жұмбақ бола түссеңіз, бағаңыз да қымбат көріне береді. Бірақ әр нәрсенің шегін біліңіз.
Ол сіздің адамыңыз болса, тағдыры талай тауға тоғыстырса да, адасып, айналып сізді табады. «Қыз» атын абыроймен арқалап жүрген болсаңыз, еш жігіттің алдында құныңызды жоғалтпаңыз.