Жігіт таңдар тұста не нәрсеге көбірек мән береміз? Балалықтың еншісіндегі ертегі кейіпкерлерінің махаббаттары естеріңде ме? Ақ боз атты ханзадаларын жұмбақ жасырып, ерлігін сынап, жеті қат жердің астына жалғыз жібереді. Осыларды қалтқысыз орындаған жанға тұрмысқа шығып жататын. Бүгінгінің махаббаттары тіпті бөлек. Қыз бала ер баланың алдында барынша ұяң, мінезі жұмбақ, гүлдей нәзік, сыпайы болуы тиіс. Ер-азаматтар қыз баланың осы қасиеттерін ұнататынын естен шығармаған жөн. Қазақтың тәрбиесінде қыз бала ешқашан бірінші болып сезімін білдірмеген. Бұл – заңдылық. Сонымен жігітті қалай таңдаймыз?
1. "Сұлу" жігіт. Бұл типтегі жігіттерді бала кезінен ата-анасы және ағайындары мәпелеп, қыз баладай еркелетіп өсіреді. Көп жағдайда көрікті жігіттердің ақылы таяздау болып келеді. Десе де, ақылына көркі сай деген тіркесті ұмытпаған жөн. Жігіттердің бұл түрі намысшыл, тәкаппар, сөз көтере алмайтын болады. Бірінші кезекте өзін ойлайтындықтан, қарым-қатынас орнату қиынға соғады. Алайда, үлкеннің тәрбиесін көрген жігіттер де болады. Олар керісінше, жардың қадіріне жететін, қамқор болып келеді. Сондықтан, бәрі өзіңізге байланысты.
2. Ақылды жігіт. Оларды бірден байқауға болады. Себебі, кез келген тақырыпта әңгіме өрбіте алатын, қарым-қатынаста ашық, өте ілтипатты болып келеді. Жан-жағында болып жатқан құбылыстарды бірден аңғарады. Көп жағдайда салмақты, берілген тапсырманы мұқият орындайтын әрі жауапкершілігі мол болады. Ақылды жігіттердің жүрегін жаулау үшін жасандылықтан аулақ болу керек. Барынша қарапайым болған жөн.
3. Жеңімпаз жігіт. Олар "келді – көрді – жеңді" ұстанымын үнемі пайдаланып жүреді. Олардың тәжірибесінде мұндай жағдайлар өте көп болғандықтан, кез келген үдерісте қолданады. Көбінесе, мақтаншақ, өзіне сенімді, тым пысық болады. Алға қойған мақсаты үшін тынбай еңбек ететіндері де кездеседі. Бұлардың қатарындағылар қыздың жүрегін жаулағанша шыр айналып жанынан шықпайды. Сен жүретін көшеде онымен кездейсоқ кездесу болып жатса, таңданудың қажеті жоқ. Келісіміңді алғаннан кейін өзгеріп кетуі ғажап емес. Өз ережелерін айтып, бағынуыңды талап ететіндер де кездеседі. Бірнеше уақытқа үнсіз жоғалып кетуі де мүмкін. Мұндайда қыз жүрегі жараланады. Сондықтан, ақылға көбірек бағынған дұрыс.
4. Пысық жігіт. Олар өте тынымсыз келеді. Бір орында отырмайды. Бір уақытта бірнеше жұмыс атқаруға бейім. Десе де, мінезі құбылмалы. Қызығатын нәрселері көп. Ісі мен сөзі жүйелі болса, сенім артуға болады. Ол үшін сіз сабырлы болуыңыз керек. Сонда бір-біріңізді толықтырып отырасыздар.
5. Ақынжанды жігіт. Бұл қатардағылар әуезді сөйлеп, қыздың тілін табуға бейім. Алайда, шығармашылыққа жақын адамдардың өзеріне ғана тән ерекше мінез-құлқы болады. Кей жағдайда ашушаң, көп толғанысқа түскіш, жалғыздықты жаны сүйетін болып келеді. Мұндай жігіттерге талғампаз, тәкаппар, өте ұқыпты қыздар лайық.
6. Қызқұмар жігіт. Олар қыз баланың тілін де, көңілін де тез табады. Алайда тұрақсыз болады. Бір мезгілде бірнеше қыздың жүрегіне жол салатындары да табылады. Олардың артықшылығы – тым балажан. Сол үшін де оларға аналық мейірім танытқан дұрыс. Сүйген қызын бағалайтындары да кездеседі.
Жігіт таңдағанда жүректен бұрын ақылға бағынған жөн. Ең бастысы өзіңді құрметтеп, адал болу керек. Сонда ғана таңдаудан қателеспейсің!