Алдымен достық пен жанашырлықтың ара-жігін ажыратып алайық. Бұл екеуін шатастырмауымыз керек. Достық - жай ғана жанашырлықтан да тереңірек, қастерлі ұғым. Достық деген не дейсіз бе?
Түсіндіріп көрейін. Менің достарым бар. Көп те емес, аз да емес. Сол достарыммен бала кезден бірге келе жатырмыз. Ыстықты да, суықты да бірге өткеріп, көп нәрседен өттік. Бірақ сол көрген қиыншылықтарымыз мен үшін түкке де тұрмайды. Басқаша айтсам, ол ауыртпашылықтың жүктерін уақытында мен еш сезінген жоқпын.
Неге? Себебі достарыммен бірге өткізген әр күнім маған қызық еді. Бірге не нәрсе көрсек те, еш нәрсе біздің көңіл-күйімізге әсер ете алмайтын еді. Қазір түрлі себептермен әрбіріміз әр қалада жүрсек те, ниетіміз, жүрегіміз бір. Өмірімді сол достарыммен бірге өткізер болсам, менің арманымның көп бөлігі орындалған болар еді.
Ал олар қыз болса, баяғыда-ақ біреуін қағып түсірер едім. Жігіт болып Құдайлары сақтап отыр.
Енді, әзілді былай қоя тұрып, жігіт пен қыздың арасындағы шын достық туралы әңгімелеп көрелік. Ойланып көрелік, достық қылып жүрген қызыңа шын жаның ашитын болса, әр күніңді онымен бірге өткізгің келіп тұратын болса, ол үшін жан беріп, жан алысуға дайын болсаң, ол досыңның сенің жарың болмаған несі қалады? Бұл енді достық емес, таза махаббат болды. Себебі махаббаттың негізі де осы достықтан тұрады. Бір-бірі үшін бәріне даяр, жанашырлар міндетті түрде күннің бір күнінде қосылып, отбасы құрып кете барады деп ойлаймын.
Сондықтан жігіт пен қыздың арасында махаббат араласпаған шын достық болуы мүмкін деген бос сөз. Ал бір-біріне елітіп тұрмайтын, жай ғана сәлемдері түзу жандарды дос деп айтуға келмейді. Бұларды тек таныс, жанашыр десе жарасады.
Автор: Еркебұлан Қайрахан
сурет: vk.com