Жалпы алғанда, адам баласының бақытқа жету жолында бірнеше сынақтан өтетіні белгілі. Әсіресе, қыз балаға. «Қыз бен діннің беті – құбыла жақ» дейтін қазақ, қыз баласының тәрбиесіне келгенде қырық үйден тыйып ұстап, салт-сана мен әдеп-ғұрыпты, ұлт алдындағы жауапкершілікті міндеттейді.
Күндердің күнінде болашақ жолдасыңыз, яки сүйікті жігітіңіз өзінің досымен таныстыруы мүмкін. Сонда көрсеткен мінезіңіз бен мәдениетіңіз жігітіңіздің қандай жан екендігін айғақтап беруге таптырмайтын сәт. Бүйректен сирақ шығарғыңыз келмесе, өзіңізді барынша ұстамды көрсететін, тәрбие көрген тәліміңізді ортаға салатын кез. Тар шалбарды жабыстырып кимей, шашты ұқыпты түрде жинап, опа-далапты баттастырмай, жарасымды әрі әдемі болып баруға тырысыңыз. Киген киімдеріңіз таза, сапалы болуға тиіс. Талғамыңызға тәнті еткіңіз келсе, онда иіссу себуді ұмытпаңыз. Бірақ, оны мүңкітіп жібермеңіз. Ең бастысы, аяқ-киіміңіз әдемі, таза болғай.
Ендеше, қыз балалардың алдында сырымды жайғым келіп тұр:
1. «Сөз атасы – сәлем» демекші, сәлеміңізді барынша ізетпен көрсетіп, ұяңдық сақтағаныңыз дұрыс. Қазақ салтына сүйеніп, денсаулығың, тұрмыс-тіршілігің сұрап қойыңыз. Екі достың көзіне жиі қарағыштай бермей, ойланып тұрған сыңай танытыңыз.
2. Әңгіменің қай тарапта өтіп жатқанын аңдап, күлімдеп қойғаныңыз жеткілікті. Күлемін деп тісіңіздің бәрін көрсетіп алмаңыз. Езуіңізді жиып қана күліңіз.
3. Жігітіңіздің досы әңгімені сізге көшіруі мүмкін. Сол кезде тосылып қалмай, шешен сөйлеуге тырысыңыз. Шешен сөйлеймін деп, сырыңыздың түйінін шешіп қойып жүрмеңіз. Ойыңызды байыптап қана айтыңыз. Тәтпіштеудің керегі жоқ.
4. Сол ортадағы ауа-райына (әңгімесіне) тез бейім көрсетіп, іштей жұғысып кетуге тырысыңыз. Мінезіңіздің алуан қырын жақсы жағынан көрсетсеңіз, одан артық еш нәрсенің керегі де жоқ.
5. Жігітіңіздің досы әзіл айтса, қоштап күліңіз. Себебі, қазақта «Көршің соқыр болса, бір қөзіңді қыс» демейтін бе еді. Сізге әзіл айт десе, айтпағаныңыз лазым. Айтқан күнде де мәні бар әзіл айтуға тырысыңыз. Абайсызда айтылған сөз атылған оқпен бірдей.
6. Жігітіңіздің досы сізді сынға алады. Кездесудің басынан бастап жігітіңізге мейірімді, сезімтал болуға тырысыңыз. Жігітіңіз кейбір дүниелерді дұрыс айтпаса да, қорғап сөйлеңіз. Өйткені, сізден жылу күтіп, сенеді.
7. Тағы бір айтарым, өсек деген нәрсеге көңіл аудармаңыз. Абайсызда араңдатып жіберіп, көңіліңізге қаяу алып қаларсыз. Өткен күнді қазбалай беруге болмайды (бұрынғы жігіт, бұрынғы қыз дегендей).
8. Бет-аузыңызды ұстай бермеңіз. Ол үлкен кемшілік болып саналады. Өзіңізді өте сенімді ұстап, аздаған батылдықтарға барыңыз (мысалы, «сүйемін», «шынымен жақсы көремін»).
9. Ондай жерде білім таластырмаңыз. Өмірлік ой-толғамдарыңыз болса, жасырмай-ақ айта беруіңізге болады.
10. Әрине, өз кезегіңізде жігітіңіздің досын да сынауға болады. Қазекеңнің өзі де «Жігітті досына қарап таны» деген. Бірақ, қатты сұқтанбаған жөн.
«Қыз өссе қырсық көбейеді»... Қорықпаңыз, жігітіңіз сізді тастамайды. Егер сізді шынымен сүйетін болса, жанындай жақсы көретін болса, онда оған сізден басқа ешкім де керек емес. Ешкімнің пікіріне сүйенбейді де. Сізді ғана сүйіп, алақанында ардақтап өтеді. Тек табиғатыңызды сақтасаңыз болғаны. Cонда ғана сіздердің махаббаттарыңыз мәңгілік болады. Балалардың тілімен айтқанда «Шрек пен Фиона!»
Форумда талқылау
Сурет ebertfest.com сайтынан алынды.