- Негізгі бет
- Психология
- Жігіт жұмыссыз болса...
Жігіт жұмыссыз болса
Жігіттің жұмыссыз жүргені жақсы емес. Егер танысқан жігітіңіз еш жерде жұмыс істемейтін болса, үнемі ақшасыз жүрсе, ондай жігіттен басыңызды алып қашуға асықпаңыз. Жігітті жіті тануға 1 ай жеткілікті. Оны қалай істейміз?
Оның әдемі сөзіне сенбеңіз. Нақты ісіне назар салыңыз. Алдына келген қиындықты шеше ала ма, жоқ па? Нақты қандай ісін көре алдыңыз?
Түнімен жұмыс іздеп компьютерде отыра ма, әлде күні бойы аяғын аспанға көтеріп үйде жата ма? Хабарласқан сайын не істеп жатқанын сұрап алыңыз.
Жалақысы аз болса да кез келген жұмысты істеуге бар күшін сала ма? Бұл да – жігітті танудағы аса маңызды бөлік. Егер ол "4 жыл университетте бекер оқыған жоқпын" деп қара жұмыстан, аз жалақыдан қашса, сәйкесінше, әлі де жұмыссыз жүрген болса, бұндай жігітті "әке-шешесінің мойнына жүк болып отыр" деуге әбден болады. Ер жігіт ешкімге тәуелсіз болу үшін кез келген жұмысқа дайын болуы керек.
Бастаған ісін аяғына дейін жеткізе ме, әлде орта жолдан тастап кете ме? Ол тұрмыстық жағдайлардан анық көрінеді. Таза, ұқыпты жүретін, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін жігіттен қашпағаныңыз жөн.
Бұл өмір аумалы-төкпелі. Кез келген адам уақытша жұмыссыз қалып, күйзеліске түсуі мүмкін. Сондықтан жігіт қазір жұмыссыз жүр екен деп одан бірден теріс айналуға болмайды. Бәлкім ол жеке кәсібін бастап, болашақта үлкен компанияның иесі атанар? Бастысы – еңбекқорлығы мен айқын мақсатын байқасаңыз, жұмыссыз екенін айтып жанына жара салмаңыз.
Р. Роза