19 жастағы АҚШ-тың тұрғыны Фейсбук желісіндегі жазбасы үшін бірнеше айға түрмеге тоғытылды. Ол желідегі қолданушылардың бірімен ұрысып отырып, қандай да бір мектептің оқушыларын атып тастаймын деген. Билік бұл әзілді түсінбей, жазба авторын құрықтаған. Осы орайда Lenta.ru әлеуметтік желілерде қандай жазба жазсаңыз заңмен қуадаланатындығыңыз жайлы ақпарат берген екен.
2013 жылы Джастин Картер есімді 18 жастағы жігіт желі қолданушыларының бірімен League of Legends ойыны жайлы дауласып отырып өзіне қарата айтылған «Ессіз» және «Есалаң» деген сөздерден кейін «Иә, мен ессізбін, балабақшаға барамын да, балаларды атып тастап, біреуінің соғып тұрған жүрегін жей саламын» деген. Өз сөзін Картер LOL (laughing out loud — «қатты күлемін») және J/K (just kidding — «қарапайым әзіл») аббревиатураларымен аяқтаған. Әлеуметтік желілерде айтылатын әзілді көбі түсінсе де, бірі түсінбеген көрінеді.
Джастин Картер, сурет: отбасы қорынан алынған
Канаданың бір тұрғыны Картердың жазбасын оқыған бойда оның мекенжайын Google картасымен көрген. Қасақана дәл Картердың үйінің жанында бастауыш білім беретін мектептің бары анықталады. Оның үстіне, екі ай бұрын ғана Адам Лэнза Коннектикута қаласындағы «Сэнди Хук» бастауыш мектеп оқушыларын атып тастаған болатын.Бұдан кейін шошыған қолданушы полицияға хабар берген. Оның сөзін жергілікті полицейлер де құп көріп, Джастин Картерды қамауға алады.
Картер бұдан кейін бірнеше апта бойы камерада жалғыз жатады. Кейін оны басқа түрмеге жөнелткеннен соң оның кепіл ақшасы бірнеше өседі. Уақытша босатылуы тиіс кепіл ақша көлемі 250 мың доллар болса, бірнеше апта өткен соң оның кепіл құны – 500 мың долларға көбейіп кеткен. Бұған оның қорғаушысы қатты наразы екенін жеткізген кезде Картердің террористік қауіп төндірді деген айыппен үкім жасағаны анықталады.
Тұтқынның шешесі осы уақыт бойы әзілмен жазылған жазбаның ешқандай да қауіпті ой емес екенін дәлелдеумен шапқылайды. Петицияға 125 мың қолданушы қол қойып та үлгерген екен. Ал ең қызығы, өзінің аты-жөні мен түр-түсін жасырған әлеуметтік желі қолданушысы 500 мың доллар көлемінде қаржы аударады. Сөйтіп жазықсыз Джастин әрең дегенде 11 шілде күні бостандыққа шығады. Мәселе мұнымен де бітпепті. Ақша тек кепіл құнын төлеуге жеткен. Ал «жазғышымыздың» әрменгі өмірі бүгін (16 шілде, 2013 А.Қ.) сотта АҚШ-тың Техас штатында шешілуде. Алдын ала пікірлер бойынша, Картер бірнеше жылға сотталуы мүмкін.
Ал 2013 жылы ақпан айында Ұлыбританияның 24 жастағы азаматы Рис Эллиотт (Reece Elliott) қайғы жамылған «Сэнди Хук» мектебінің құрбандары ашқан достастық парақшасында қолданушылардың бір тобының шамына тиетін сөздер айтып балағаттаған. Шериф көмекшісі оған ескерту жасаған кезде Эллиотт өзінің 200 оқушыны атып тастауға да баратынын айтыпты. Нәтижесінде округтағы мектептерде оқитын мыңдаған оқушы жақында болған қырғынның қайталануынан қорқып, оқуға бармай қойған. Ал Эллиоттың ісін Полиция, (ФЗБ) ФБР мен АҚШ-тың қорғаныс министрлігі қарай бастаған. Сөйтіп, шілде айының басында британдық 28 айға түрмеге жабылды.
2012 жылы қазан айында тағы бір британдық 3 айға қамауға алынған болатын. Ол – 19 жастағы Мэтью Вудс (Matthew Woods). Ол да әлеуметтік желіде отырып алып 2007 жылы жоғалып кеткен екі бүлдіршін туралы былапыт сөздер айтқан. Басына іс түскен сәтте ол мұндай әзілдерді Sickipedia («үздік ащы әзілдер» ресурсы) сайтынан оқып алғанын айтып ақталыпты.
Кейде адамдардың бір-бірін түсінбеуінен түрлі мәселе шығып жатады. Мәселен,
16 жастағы аустралиялық жасөспірім танымал әнші Пинктың концертіне келіп, өз туиттер парақшасына «@Pink I'm ready with my Bomb. Time to blowup #RodLaverArena Bitch» («Пинк, мен де, бомбам да дайын, Рода Лейвер аренасын жарып жіберудің уақыты келді») деп жазған. Полицейлер оны аватарындағы сурет бойынша танып, құрықтаған. Жазба авторы өзінің қорқыту мәніндегі жазбасын әйгілі әншінің «Timebomb» деген әнімен байланыстыра жазғанын айтып ақталады. Бұдан кейін аузы күйген фанат босатылған. Бірақ ол да соттың алдына баруы керек екен. Осыған ұқсас жағдай АҚШ-та да болған. Әнші Тейлор Свифттың 28 жастағы жанкүйері оны діннен безген деп жөнсіз айыптаған. Мұнда да құқық қорғау органдары іске араласуы керек болған екен.
Мысалдар ретін жалғастырайық, құқық қорғаушылар келесі кезекте Масачусетстың рэпер әншісі Кэмерон Д,Амброзионы (Cameron D'Ambrosio) нысанға алыпты. Ол да Фейсбуктегі парақшасына өз әнінің мәтініндегі Бостонда болған жарылыс туралы сөздерді келтіре кеткен екен. Мамыр айында Кэмерон тұтқындалып, прокурор болса, оған жарылыс жасауға дайындалған деген желеумен 20 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім жасаймын деп құлшынады. Маусым айында аузына ие бола алмаған рэперді сот бір жолға кешіріп, ендігіде мұндай саяси мәлімдемелер туралы ән жазбауын талап еткен.
Тағы да екі британдық америкалық биліктің қаһарынан құтыла алмады. Бірақ олар жоғарыда аталған адамдардай түрмеге тоғытылмады. 2012 жылы қаңтар айында Ли ван Брайан (Leigh Van Bryan) мен Эмили Бантинг (Emily Bunting) АҚШ-қа баруды ойлайды. «Америкалық арманы» орындалатындай болған екеу туиттерге онда қыдырып барған соң қалай дуылдатып тойлайтыны туралы жазуда «тойлау» сөзінің орнына «destroy» деп қолданып жазба жазады. Өз кезегінде АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік министрлігі бұл жазбаны да тікелей мағынасында түсінеді, сонда екі британдық Америкаға «соғысу» үшін бара жатқандай болып қалады. Оны қойсаңыз, тіпті әлгі екеудің «Мэрилин Монроны көрінен қазып алу» туралы жазған пікірлері табылады. Бұл әзілді де құқық қорғаушылар бағаламай тастайды. Жолы болмаған саяхатшылар әуежайда-ақ құрықталады. Тергейді, сұрақтың астына алады, жүк қаптарында күректің бар-жоғы тексеріледі, сосын оларды мексикандық есірткі сатушылармен бір камерада 12 сағат бойы бірге ұстаған соң елден шығарып тастайды.
Америкада және басқа да демократиялық елдердің құқық қорғаушылары өліктер жайындағы әзілдерді және түрлі тақырыптағы сарказмдарды түсінбейтінін біле жүруіңіз өзіңізге де пайдалы болмақ. Қазақта да «Ауызды тыю», «Ауызға ие болу», «Аузыңдағы сөз түзелсін», «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» деген секілді сөздер бар, сөзіміз түзелсе, өзіміз де түзелеміз деген ой ғой біздікі...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: mvsabogada.com, lenta.ru