Жазушының ұлына жазған хаты

Жазушы, түрколог-ғалым Немат Келімбетовтың "Ұлыма хат" эссе повесі барша қазақ ұлына қаратып айтылғандай әсер қалдырады. Автордың өзі бір сұхбатында "Бәріміз жабылып заманды кінәлаймыз. Оған күшіміз жетеді. Бірақ сенің  алдыңда өзімді ақтап алуға дәрменсіз секілдіміз. Ал өз әкесінің алдында қасиетті парызын өтей алмаған адам өз баласына өсиет айтуға құқы бар ма?" - деп оқырманға күрделі сауал тастайды. Расында, мұның жүгі ауыр. Бүгінгі бала болашақ әке екені даусыз шындық. Ал, сол баламызға қаншалықты тәлім-тәрибе мен ұлттық сананы сіңіре аламыз? Мұның үддесінен шыға алдық па деген сұраққа ойланып қалуымыз ғажап емес. Жазушының осынау жан тебірентер хатын оқып, бір сәт ойланып көрейік...

Бүркіт көп өмір сүреді, бірақ ол өзінің ұзақ өмірінде ұяда жатқан балапанын небәрі бір рет қана ұшырып үйретеді. Енді ғана темір қанат болып келе жатқан балапанын бүркіт тістеп алған күйінде көз жетпес аспан тұңғиығына самғап ұшып шығады да, кенет аузындағы балапанын төмен қарата лақтырып жібереді. Әлі бір рет те қанат жазып, ұшып көрмеген өз балапанын аямайды екен – ау деп қаласың. 

Бірақ қас – қағым сәтте әлсіз қанаттарын ашуға шамасы келмей, жерге қарай құлдырап бара жатқан балапаны соңынан ана бүркіт құйындай ағып келеді. Егер балапан жерге жақындағанша қанатын аша алмаса, онда ана бүркіт шүйіліп кеп оны қағып алады да, қайтадан биік шың басындағы өз ұясына апарып қояды. Бірақ ана қыран шексіз аспан әлемінде өз күш – қуатымен бірден самғап кете алмаған темір қанат балапанына қайта мойын бұрып қарамайды екен. Енді әлгі балапан өзінің жер бауырлап жүретін жылан емес, аспан әлемінде құйындап ұшатын қыран екенін тек өз қайратымен, ерік – жігерімен ғана дәлелдей алады. 

Егер оған рухы жетпей қалса, онда қайырымсыз қанаттарына қарғыс айтып, үн – түнсіз мына жарық дүниемен мәңгілікке қоштасады екен... Өмір сүргің келсе – өз бетіңмен тіршілік етуді қазірден бастап үйрен. Өмір аспанында өз қанатымен ұша алатын қыран екеніңді балапан кезіңде көрсет. Мен сені сақалың шыққанша сүйрей бермеймін. Жетелеген ит ауға жарамайды. Өз әрекетіңді өзің жаса...