Бүгінгі таңда байлық қымбат үй немесе көлікпен өлшенбейді. Барша елдің жастары оларды сатып алғысы да келмейді. «Мұның сыры неде деп?» көп ойланған Батыс ғалымдары ауқымды зерттеу жүргізген екен. Зерттеу нәтижесіне сәйкес қазіргі миллениалдар буыны үй мен көлік сатып алмайтындығы анықталған.
Миллениалдар буынын дәл қазір өмір сүріп жатқан 30-35 жастағы адамдар құрайды. Олар айфондарды есепке алмағанда қымбат заттар сатып алмайды. Ал 35 жастағы адамдарды «Жалға берушілер» буыны деп атайды. Бұл атау көбінесе Батыс елдерінде қолданылады.
Бұлай болуының себебі неде? Мұны әлеуметтанушылар жастардың қаржы катаклизміне тап болуымен түсіндіреді. Сол себепті жастар қомақты несие алуға қорқады. Алайда, бұл – басты мәселе емес. Жастардың аға буынға қарағанда құндылықтары өзгеше. Олар үшін табысты болудың маңызы зор.
Бұрын басында үйі мен мінер көлігі бар адамдар бай деп танылса, бүгін оларды саяхаттан алған әсерлерімен бөлісе алатын жандар алмастырады. Олардың қатарында экстремалдар мен стартаперлер де бар.
Тұрақтылықтан бас тартып, тәуелсіз болуды ұнататын жастар үйді сатып алғаннан, жалдауды жөн көреді. Олар үшін жоғары жалақы мен географиялық тәуелсіздіктің маңызы зор.
Жастарды материалдық заттар қызықтырмайды. Еліңізде Uber немесе Lyft сынды қызметтер болса, автомобильдің не қажеті бар? Мұнымен қатар, Uber қызметі әлдеқайда арзан.
Табиғаты тамсандыратын өлкеден үй сатып алғанша, Airbnb қызметі арқылы әлемнің түкпірінен қалаған үйімізді табу тиімдірек. Жылжымайтын мүлік сатып алудың, жалға алғаныңыз үшін артық ақша төлеудің қажеті болмайды. Бұл өз еліңізге де қатысты.
Біріншіден, сіз қазіргі үйіңізде қаншалықты ұзақ тұратыныңызды білмейсіз. Екіншіден, өмір бойы жалға алған пәтерде тұра алатын болсаңыз, 40 жыл бойы ақшасын төлейтін ипотекаға үй алудың қажеті бар ма? Мұнымен қатар, жұмысыңызды өзгертсеңіз, сол аймаққа көшіп баруды жөн көретін шығарсыз?
Forbes журналы жастардың жылына 3 рет жұмыс ауыстыратындығын хабарлайды.
Джеймс Гэмблин бұл феноменді: «Психолог мамандар мен ғалымдардың зерттеуінше соңғы он жылдың ішінде адамдарды сатып алған заттары емес, жинақтаған тәжірибесі бақытқа бөлейді екен. Әрі қуантады», - деп түсіндіреді. Мұны «Психология ғылымы» журналы да құптап отыр.
Джеймс Гэмблин тағы бір мақаласында: «Адамдарға қайдан үй сатып алғаныңыз маңызды емес. Ол туралы естігісі де келмейді. Олар шетелдегі саяхатыңызда болған қызықтардан хабардар болғысы келеді», - деп жазады.
Корнелл университетінің докторанты Джеймс Гэмблин Жаман тәжірибенің өзі есте қалатын тарихтың бір бөлшегіне айналатындығын баяндайды.
Амир Кумар: "Адамның бақыты қоғамдағы орнымен, қарым-қатынасының қандай екенімен байланысты. Досыңыз көп болу үшін өзге адамдармен қалай сөйлесуіңіз керек? Адамдарға қанша үй сатып үлгергеніңіз қызық емес. Өзге елде, бейтаныс адамдардың арасында қалай өмір сүріп келгеніңіз туралы шытырман оқиғаға толы әңгіме естігісі келеді. Тағы бір нәрсе бар. Ол – қымбат дүние-мүліктің бізді алаңдататындығы. Қымбат көлік сатып алсаңыз, сигнал дыбысы шыққан сайын сыртқа шығып қарайлайсыз. Бағалы техника сатып алсаңыз, оны ұрлап кете ме деп қорқасыз. Заманауи теледидарлардың бір жыл ішінде істен шығып қалатынын айтпағанда көліктердің сырылып, өзгесіне соқтығысатыны тағы бар. Ал бойыңызға жинақтаған тәжірибені ешкім де тартып ала алмайды", - дейді.
Біз секілді ата-аналарымыз шетелге шығып, арзан саяхаттау мүмкіндігіне ие болмаған. Айтарлықтай қыдырып, көңіл көтеретін кештерге көп бармаған. Жеке бизнесті бастау мүмкіндігі де өте аз болған. Сол себепті жылжымайтын мүлікті инвестициялаған. Үй мен көліктен өзгесі уақыт өте келе ескіретіні тағы бар.
Дағдарыс кезінде құнсыздану құбылысы жүретіндігін ескерсек, кез келген заттың, дүние-мүліктің бағасы жылдам арзандайды. Сондықтан көбірек тәжірибе жинаудың маңызы зор. Оны сізден ешкім де тартып ала алмайды.
Ал Сіз нені таңдайсыз?
Сурет: namys.kz, rudaki.ru