Адам өмірінде кінәлау, өзін кінәлі сезіну сияқты сезімдердің үлкен маңызы бар.
Қай кезде адам өзін кінәлі сезінеді?
Кішкентай баланың өзі бірдеңені бүлдіргенде: мысалы, кесені сындырып алса, суды төгіп алса, кінәсін сезініп, қорқып, жылап жібереді.
Психологтар бұл сезімнің адам дүниеге келгеннен бастап, өмірден өткенше бірге болатынын айтады. Осы сезімнің пайдалы жағы да бар, ол адамды қылмыс жасаудан сақтайды.
Алайда адам үнемі өзін кінәлі сезінсе, ауруға шалдығуы не бір келеңсіз жайтқа ұрынуы мүмкін. Мысалы, өзін үнемі кінәлі сезіну ішкі ағзаларды зақымдайды, тіпті онкологиялық ауруларға дейін әкелуі ықтимал. Немесе біреудің ұрлығының үстінен екінші адам түсті делік. Куәгер ұрлықшыға ешкімге айтпайтыны туралы ант-су ішсе де, ұры өзін кінәлі сезініп жүреді. Ұрлығы үшін өз-өзін жек көреді, тіпті «егер ол көріп қоймағанда ештеңе болмайтын еді» деп куәгерге де кінә артады. Осы ойлар оның жан дүниесін азаптап, өзін не куәгерді өлтіруге алып келуі мүмкін. Дәл осы мазмұндас қаншама фильмдер, кітаптар бар.
Мұндайда не істеу керек?
Алдымен адам шынымен кінәлі ме, жоқ па, соны анықтап алуы керек. Егер кінәлі болсаңыз, оны мойындап, кешірім сұрағаныңыз абзал. Жалған намыс ешкімге абырой әпермейді.
Жоғарыдағы нақты жағдайды алсақ, ұрлаған нәрсесін иесіне қайтарып беріп, кінәсін мойындау қажет.
Ал жасөспірімдерге келсек, олар өтпелі кезеңде қарама-қайшы сезімдердің жетегінде өмір сүреді. Мұны психологтар амбивалентті сезім деп атайды. Жеткіншектің бойындағы буырқанған күш оның басын тауға да, тасқа да соқтыруы мүмкін. Бірдеңені бүлдіріп алғанын өзі де білмей қалады. Сол үшін арнайы күнделік бастағаныңыз жөн.
1. Өз іс-әрекеттеріңізді саралаңыз. Қандай кезде өзіңізді кінәлі сезінесіз? Осы жағдай қайталанса, қалай істер едіңіз? Болған жайттарды күнделігіңізге талдап жазыңыз.
2. Күнде өз-өзіңізге есеп беріп отырыңыз. Күнделіктің бетін екіге бөліп, бірінші бағанға әрекеттеріңізді жазып, екінші бағанға оған беретін бағаңызды (немесе +, -) қойып, әр күннің қорытындысын шығарып отырыңыз. Егер жағымды бағалар көп болса, көңіл-күйіңіздің де көтеріңкі болары сөзсіз. Осылай бірте-бірте көкірегіңіз ауыр сезімнен тазарады. Өмірге, айналаңызды қоршаған ортаға деген көзқарасыңыз өзгереді. Жақсы іс жасау әдетіңізге айналады.
Сурет: ©Валерия Куликова
Оқи отырыңыз:
Жасөспірімдерге кеңес: Адам күні адаммен
Жасөспірімдерге кеңес. Ішкі агрессияны қалай ауыздықтауға болады?
Жақсы оқығым келеді десеңіз
Жасөспірім қыздарға кеңес