- Негізгі бет
- Психология
- Жас маманға айтылар...
Жас маманға айтылар кеңес
20-30 жас аралығындағы жас мамандардың мансап жолы соқпалы да соқпақты келеді. Жоғары білім, бойда күш-жігер бола тұра олар мансап жолында бірқатар қателіктерге бой ұрады. Сол қателіктерге жол бермес үшін берер кеңесімізге зейін қойыңыз.
Алғашқы жұмыс күні
Алғашқы жұмыс күнінде жаңадан келген маман ұжыммен танысуы керек. Әуелі басшылықпен я ұжым жетекшісімен жақынырақ танысып, негізгі міндеттеріңізді анықтап, басын ашып алыңыз. Бірге жұмыс істейтін әріптестеріңіздің есімдерін жаттап алып, барлығына ізеттілік білдіріңіз. Жұмысқа жаңа орналасқан сізге, әлбетте, алғашқы кездері қиын болады. Сондықтан да қолыңызға қалам алып, барлығын қойын дәптерге түртіп жүріңіз.
«Сізді» бірден «Сенге» алмастырмаңыз
Көпшілік әке-шешесіне, бауыр-ағайындарына, құрбы-құрдастарына «Сен» деп сөйлейді. Алайда, жұмыстың аты жұмыс. Сондықтан да, барлығына құрметпен қарап, әдептілікті сақтап, «Сіз» деп сөйлеңіз. Егер де өзіңізбен қатарлас жандар болса, олармен тілдесіп, біртіндеп «сен» деп сөйлесіңіз.
Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!
Жас маманға бірден жаңа жобаларды іске асыру, көптеген мәселелерді шешу сияқты міндеттер жүктелмейді. Сондықтан да «маған мына жұмысты беріңіз», «мына тапсырманы орындайын» деп басшылықтан талап етпеңіз. Оның орнына «бұл жобаға өзімнің үлесімді қосайын», «менің ойым мынадай» деп өз пікіріңізді білдіріп, жұмысқа деген қызығушылығыңызды көрсетіңіз. Сіздің бойыңыздағы жұмысқа деген ерекше ұмтылысты байқаған ұжымның жас маманға деген көзқарасы өзгереді. Есіктен кірген бойда төрге қарай ұмтылмаңыз. Жұмысқа жаңа орналасқан сізге ешкім орнын босатып бермейді. Сондықтан да берілген тапсырманы уақытылы орындап, шыдамдылық білдіріп жүріңіз.
Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді
Барлық әріптестеріңізбен жақсы қарым-қатынаста болыңыз. Таныс та, бейтаныс та жандармен үнемі амандасып жүріңіз. Әріптестеріңізбен жұмысқа қатысты мәселелерді жиналыстардан тыс уақытта телефон я электрондық хабарламалар арқылы талқылағанда да сыпайы болып, хат жазған кезде аман-саулық сұрауды ұмытпаңыз.
Шектен шықпауға тырысыңыз
Бастығыңыз бен әріптестеріңіздің әлеуметтік желілердегі парақшаларына бас сұғып, суреттерін қарап, жөнсіз пікір қалдырмаңыз. Себебі, бұл бейәдептіліктің белгісі. Жұмыстан тыс уақытта бастығыңызға смс-хабарламалар жіберіп, жұмыс мәселесін талқыламаңыз. Бей-берекет ақшам я демалыс күндері мазаламаңыз. Шұғыл жағдайларда ғана қоңырау шалып, мән-жайды түсіндіріңіз.
Жеке қарым-қатынас пен жұмысты араластырмаңыз
Жаныңыздағы әріптесіңізбен жақсы араласып, дос болып кетсеңіз де, сіздерді әуелі жұмыс байланыстыратынын естен шығармаңыз. Ашық ауыздыққа салып, іштегі мұң-сырыңызды, үйіңіздегі жағдайды, жеке басыңызға қатысты мәселелерді талқыла салып, әріптестеріңізбен бөліспеңіз. Себебі, сіздің ақ көңіл мінезіңіз сіздің жұмысыңызға кері әсерін тигізеді. Көптеген компания басшылығы жұмысқа қатысы жоқ әңгімелер арқылы жаңа келген маманды тексереді. «Кез келген дүниені жасырмай, ашық айтып жүрсе, ертең ол жұмыстағы мәселелерді айтып қояды» деп күдіктенеді. Сондықтан да сөйлеген сөзіңізге сақ болыңыз.
Адам көркі – шүберек
Жұмысқа киетін киіміңізге аса мән беріңіз. Тіпті, жұмысыңызда дресс-код аса маңызды болмаса да дұрыс киініңіз. Алдын ала жоспарлаған кездесулер болса, арнайы дайындық жасаңыз. Шашыңызды жөнсіз жайып, опа-далаптарды мөлшерден тыс пайдаланбаңыз. Әтірді де азғана себіңіз. Аяқ киімге мән беріңіз. Жұмысыңызға өзіңізге жайлы болатын аяқ киім апарып қойыңыз. Қол-тырнақ күтіміне ерекше мән беріңіз. Аяғыңызда сызаттар болса, олардан арылуға тырысыңыз.
Салақтық пен салғырттықтан арылыңыз
Берілген тапсырмаға салғырт қарамаңыз. Уақытылы орындауға тырысыңыз. Жұмысыңызға кешікпей келіп, жұмыс уақыты кезінде жөнсіз кеңсе телефонымен сөйлесіп жүрмеңіз. Жұмыс үстеліңізді әрдайым жиыстырып жүріңіз. Тартпада тіске басар кәмпит-тоқаштарды сақтамаңыз. Сақтаған жағдайда оларды ұзаққа қалдырмаңыз. Кесеңізді әрдайым тазалап жуып жүріңіз. Қоқыс қалдықтарын жәшікке тастап, артық дүниелерден арылыңыз. Жұмыс үстеліңізді жеке меншік мұражайға айналдырмаңыз. Фото суреттеріңізді іліп, түрлі заттармен сәндеудің қажеті жоқ. Айналаңыз таза болса, өзгелер сізге сүйсіне қарайды. Кері жағдайда бейтаныстар сізді салақ жан деп таниды.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Сурет: glamour.ru
Ғ. Ұзақ