Әйелдер қауымы жиналған жерге барып «Күйеуге әйелінен ең бастысы не керек?» деп сұраңызшы. Олар «Адалдық», «Махаббат», «Тәтті тамақ», «Қолдау көрсету» деп жарыса жауап береді. Не керек екенін білу бар да, оны толықтай бере алу бар және өзі айтып отырған ұғымды тереңінен түсіну бар. Қазір ер адамдардың өзі басым бөлігі әйелі әр істе қолдап, қолпаштап отыруын қалайтынын, одан артық ештеңе күтпейтінін айтады. Ал қолдау көрсетуді көпшілік әйел заты «өбектеу», «қамқор болу», «оның бар мәселесін шешуге көмектесу» деген ұғымдармен шатастырып алып жүргендей. Күйеуге қалай қолдау көрсету керек?
Күйеуге демеу болу – «оның барлық мәселесін өз мойныңа алу» деген сөз емес. Бұл жай ғана қиындықта да, қуанышта да жанынан табылу деуге болады. Бір-бірінің осал тұсын сырт көз сыншылардан жасырып отыру. Тіпті ең мықты деген ер азаматтың өзінің кемшіліктері болады. Мансапта тек биікте жүретін азаматтың ішінде интроверт тұлға жатуы мүмкін. Мысалы ол қанша жерден сауатты, білімді азамат болса да, жай ғана қоңырау шалып, пиццаға тапсырыс бере алмайтын болуы мүмкін. Мұндайда әйелі жауапкершілікті мойнына алып, таныстарынан сенімді аспаздық мекемені сұрап, уақытылы, сапалы жеткізіп беруін қадағалауына болады.
Ер адам әйелінен аз жалақы алатын болса да, ол отбасына адал жар, арқа сүйер ең жақсы әке болуы мүмкін. Әйел адамның жұмыс кестесі тығыз болса да, үй шаруасына уақыт тапшы болса да, бұл мәселені өзі шешкен абзал. Мен одан көп табыс тауып жатырмын деп, ер азаматты үй шаруасына салып қою жарамайды. Оның тұлғалық келбетін сыйласаңыз, міне, нағыз қолдау көрсету белгісі осы болмақ.
Егер әйел адам құжаттарға тиянақты болса, оның есептерін сырттай бақылап отыруға болады. Күйеуі жұмыста жақсы басқарушы болғанымен, ұсақ-түйектерді назардан тыс қалдырып алатын болса, міне, осындай жағдайда әйелі тарапынан қолдауды қажет етеді. Жоспарлы кездесулер, жақындарыңыздың туған күні секілді атаулы мерзімдерді есіне салып отырыңыз. Осылай да бір-біріне қолдау білдіруге болады.
Ең бастысы, ер адамды өз мүмкіндігінен айырмау қажет. Ол өзін мықты сезінуіне кедергі келтірмеңіз. Сіздің көмегіңізді өзі қажетсініп тұрмаса, еш ісіне орынсыз бас сұғып, килікпеңіз. Оның қолынан келетін нәрселердің барлығын өзі атқаруы керек, тек жетістікке өз бетімен жететініне сеніммен қараңыз. Қолдау көрсетуді басқа әрекеттермен шатастырмау үшін зейініңіз бен түйсігіңізді жаттықтырыңыз.